БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ
Өмірге бала әкеліп, оны тәрбиелеп-өсіру ата-ананың міндеті. Бұл ретте әсіресе ананың мойнына жүктелген жүк ауыр. Көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Қазақ баланың санын айтпаған десе де, көп балалы ана мәртебесін алу үшін ұл-қызының санын нақты көрсету міндеттеледі. Шүкір, Сауран ауданында алтын мен күмістен алқа таққан аналардың өмір жолы көпке үлгі болып келеді. Соның айғағы емес пе, олардың жолын қуған жас көп балалы аналар саны жыл санап артып келеді.
Сондай көпке үлгі көрсетіп келе жатқан ардақты аналардың бірі әрі бірегейі Феруза Аташқызы 1948 жылы 15 сәуірде Аша елдімекенінде дүниеге келген.
Өзінің ауылдасы, бірге оқыған сыныптасы Амантұр Бегмашевқа тұрмысқа шығып, ынтымағы жарасқан отбасы иелері атанған. Бақытжан, Бауыржан, Ләззат, Гүлзат, Бексұлтан, Бегайдар, Қайратбек, Гүлназ, Аманжол, Гүлнұр есімді 10 ұл-қызды өмірге әкеліп, оларға өнегелі тәрбиелерін берген. Өмірлік серігі Амантұр Бегмашев колхозда көп жылдар бойы машина, трактор жөндеп, қолының ісмерлігінің арқасында майталман автомеханик атанған. Ал, Феруза Аташқызы Шорнақ ауылдық сельпосында магазинші болып еңбек еткен. 1973 жылдан бастап «Балдырған» балабақшасында завхоз болып абыройлы еңбек етіп, 1991 жылы зейнеткерлік еңбек демалысына шығады. Нақтырақ айтсақ, Феруза апа кеңес дәуірінің аналарға жасаған жеңілдігінің арқасында 43 жасында бала санымен зейнеткерлікке шығыпты. Құдай қосқан қосағы Амантұр Бегмашевтің қайтыс болғанына 20 жыл болыпты.
— Бүгінде ұлдарым ұяға, қыздарым қияға қонған. Аллаға шүкір, бес ұлым үйленіп, бес келін алып қолым ұзарса, төрт қызымды ұзатып өрісімді кеңейттім. Осынау ұл-қыздарымнан 32 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Қарашаңырақта отырған ұлым Бегайдар үйленбеген. Алла қаласа келін алғалы отырмын, — дейді ардақты ана.
«Ұрпақтар сабақтастығы жалғасады» дегендей, «Алтын алқа» иегері, Батыр ана Феруза Аташқызының қыздары да аналарының жолын жалғастырып, Батыр ана атануда. Нақтырақ айтсақ, 1984 жылғы қызы Гүлназ 7 баланың анасы атанып «Алтын алқа» иегері атанса, кенже қызы Гүлнұр жақында 6-шы перзентін аман-есен дүниеге әкелді.
32 жылдан бері еңбегінің зейнетін көріп отырған Феруза апа бүгінде 110 мың теңге зейнетақы алатынын мақтанышпен жеткізді.
Жүзінен нұр төгілген ананың жан-жағына шуақ шашып тұратын ерекше қасиеті бізді өзіне баурап алғандай әсерге бөлендік. Әсіресе, 74 жастан асқан Батыр ананың қолынан дәм татқанымыз сірә есімізден кетпес. Өйткені, далада көңге көмкеріп табада пісірген ыстық нанға қолдың сары майын жағып жегенге не жетсін, шіркін! Қазақы отбасыдағы ең дәмді астың бірі осы екені бесенеден белгілі. Ендеше, жетпіс беске аяқ басып отырған көп балалы ананың жүз жасқа келуін тіледік.
Ләззат САРЫБАЕВА.