ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

197

Құрметті Сауран ауданының тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді 25 қазан Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек деп Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында айтқан болатын. Осы жиында: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», — деп Президент 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғанын атап өтті.

1990 жылы өткен Қазақ ССР-нің Президентінің сайлауы Алаш жұртының тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізді десек қателеспейміз. Яғни, 1991 жылы 25 қазанда Егемендік туралы декларация қабылданса, сол жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Әлем картасында Тәуелсіз ел ретінде орын алған болатын.

Мемлекет басшысының пәрменімен былтыр жаңа Сауран ауданы құрылды. Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да жылдан аса уақыт өтті. Осы уақытқа дейін ауданның атқарған жұмыстары көңіл қуантарлық. Динамикалық өсу бағамы, қарқынды жұмыстар ізі көрініп келеді. Мәселен, ауданның экономикалық дамуын анықтайтын басты салалардың бірі ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді.

Ауданның басты мақтанышы, ол әрине, тарихы терең көне Сауран қалашығы. Аудан құрылғалы бері көне қаланың қамалдарына қайта қан жүріп, қорғандарына жан біткендей. Еліміздің түкпір-түкпірінен осынау аспан асты музейін, ғасырлар соғысында қорғаны міз қақпай, әлі күнге дейін қасқайып тұрған Сауран қалашығын тамашалауға келген туристтердің толассыз легі, ескі шаһардың тарихы қайта тіріліп, ерте заманда Түркістанмен қатар дамыған Сауран қалашығының бүгінгі күнде жаңа өмірі басталғандай әсер қалдырады.

Ел тәуелсіздігінің 31 жылында ауызбіршілігіміздің арқасында бүгінгідей үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Ендігі мәселе бізді осы күнге дейін жеткізген татулығымызды одан әрі нығайта түсуіміз керек. Кең байтақ елімізде баршамызды біріктіретін ортақ ерекшеліктеріміз бар. Ол – біздің тарихымыз, мәдени мұрамыз бен мемлекеттік тіліміз. Сондықтан әрқайсымыз осындай мемлекетте ынтымақпен күн кешіп жатқандығымызды мақтанышпен айтуымыз керек. Және де баршамыз болашақ жастарымызға ел бірлігін насихаттай отырып, олардың бойларындағы патриоттық сезімін арттыруға атсалысуымыз қажет.

Құрметті саурандықтар, Сіздерді мерейлі ұлттық республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әрбіріңіздің шаңырақтарыңызда шаттық орнап, қызметтеріңіз жемісті, денсаулықтарыңыз мықты болуына тілектестігімді білдіремін.

Ізгі ниетпен:

Ғ.РЫСБЕКОВ,

Сауран ауданының әкімі.М.КҮНПЕЙІСОВ,

аудандық мәслихат хатшысы.