ЖАСТАР АРАСЫНДА «ЖАС КӨШБАСШЫ» ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫ ӨТТІ

686

Сауран ауданында ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «ЖАС КӨШБАСШЫ» зияткерлік сайысы өтті. Сайыстың негізгі мақсаты — дарынды жастарды анықтау, көшбасшылық қабілетін дамыту және олардың танымдық қызығушылығын ояту арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал ету.

Білімділер бақ сынасқан сайыстың шымылдығын Сауран ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Құлымбетов және Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Дүйсенбекова Айгерім Ералықызы ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Зияткерлік сайысқа Сауран ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы М.Құлымбетов, Сауран ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Үсенов Олжас Қожа- Ниязұлы және Сауран ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Сайлау Жанболат Бауыржанұлы төрелік етіп, қатысушыларға әділ бағаларын берді.

Тартысты өткен сайысқа жалпы 8 қатысушы қатысып, жүзден жүйрік шыққан үш қатысушы жүлделі үш орынға ие болып, арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Атап өтсек, өзгелерден оқ бойы оза шапқан А.Үсенов атындағы жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Калкоз Аяулым Талғатқызы 1 орын, Шорнақ жалпы орта мектебінің 9 сынып оқушысы Кенжебай Жансезім Асхатқызы 2 орын, Абай атындағы жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Алимхан Жанерке Мадиханқызы 3 орын.Бұдан бөлек, белсенділігімен көзге түскен қатысушыларға арнайы алғыс хаттар табыс етілді.