АУДАНДА АЛҒАШ РЕТ «INTELLECT BATTLE» ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫ ӨТТІ

147

Сауран ауданында ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «INTELLECT BATTLE» интеллектуалды сайысы өтті. Ойынның негізгі мақсаты — танымдық қабілетті арттырып, интеллектуалды ойынға қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейлерін көтеру. Сондай-ақ, интеллекттуалды ортаны қалыптастыруға бағытталды.

Сауран жастары мен мекеме қызметкерлері арасында алғаш рет жоба авторы Г.Серікқызының жүргізуімен жоғары деңгейде өткен «INTELLECT BATTLE» ойынын Сауран ауданының әкімі Ғ.Рысбеков ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Зияткерлік сайысқа аудан әкімінің орынбасары С.Садибаев, аудандық аналар алқасының төрайымы Н.Жұманова, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы А.Дүйсенбекова, аудандық мәслихат хатшысы М.Күнпейісов төрелік етіп, қатысушыларға әділ бағаларын берді.

Сонымен тартысты өткен сайысқа жалпы 20 команда қатысып, жүзден жүйрік шыққан үш команда арнайы дипломмен марапатталып, қаржылай сыйақы мен кубоктар табысталды. Атап өтсек, өзгелерден оқ бойы оза шапқан «101» командасы 1 орыннан көрінсе, жүлделі 2-3 орындарды «Оқжетпес» пен «Яссы» командалары өзара бөлісті. Бұдан бөлек, жүйріктігімен көзге түскен «Үздік ойыншы» номинациясына ие болған қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.