ОРТАЛЫҚ АЗИЯ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ФОРУМЫ
Орталық Азия мен Ауғанстанның азаматтық қоғам өкілдері аймақтағы жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Түркістан қаласында бас қосты.
Қаламызда 1-2 қараша – Еуропалық Одақ және Femagora қоғамдық қоры қаржыландыратын Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған «Луч света» (Spotlight Initiative) бастамасының өңірлік бағдарламасы ұйымдастырған Орталық Азия азаматтық қоғамының өңірлік форумы өз мәресіне жетті.
Форумда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ауғанстанның 30-дан астам азаматтық қоғам өкілі мен сарапшылар тәжірибелерімен алмасып, азаматтық қоғамның өңірлік бағдарламаға қызығушылығын арттыруға бағытталған стратегия бойынша ұсыныстарын әзірлеу үшін ұлттық консультациялардың нәтижелерін талқылады. Басқосуда жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықты, сондай-ақ, зиянды тәжірибелерді жою жөніндегі Орталық Азия альянсының болашағы да қаралды. Қатысушылардың тағы бір бөлігі форумға онлайн қосылып, пікірімен бөлісті.
Форумның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры Жанар Темірбекова, «FemAgora» ҚҚ негізін қалаушы Лейла Зулейха қатысты, сондай-ақ БҰҰ өкілдері ZOOM арқылы байланысқа шықты.
Алғаш сөз алған Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты Өкілі Микаэла Фриберг-Стори форумға қатысушыларға арнаған сөзінде: «Әйелдердің құқықтарын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітушілікті жою – Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу үшін маңызды алғышарттардың бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы бәрімізді әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жоюды ортақ күш-жігердің негізгі элементіне айналдыруға шақырып отыр», — деді.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Түркістанда осындай шараларды өткізудің маңызы жоғары екенін атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Ал, Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігінің бірінші кеңесшісі, Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур: «Еуропалық одақ гендерлік теңдікті құруды қолға алғанына көп болды, оның ішінде әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту, оларға қатысты түрлі қысым көрсетуді жою бойынша шаралар бар. ЕО әрдайым жаһандық деңгейдегі тең құқық концепциясын және тең мүмкіндіктерді қолдайды», — деді.
Форумның тең төрағасы, «FemAgora» ҚҚ негізін қалаушы Лейла Зулейха Махмудова зорлық-зомбылықты нақты жою үшін, өз өміріндегі зорлық-зомбылыққа қарсы ашық күресетін және осы мәселенің жүйелі сипатын түсінетін азаматтық қоғамның, оның ішінде сарапшылардың белсенді болуы қажет екенін тілге тиек етті.
Форум – Орталық Азия және Ауғанстанның азаматтық қоғам ұйымдары мен өкілдері өзара қарым-қатынас орнатып, позициясын нақтылайтын, сондай-ақ «Луч света» бастамасының өңірлік бағдарламасы шеңберінде ұлттық консультациялардың нәтижелерін талқылайтын, серіктестік тетіктерімен және өңірдегі грант беруші ұйымды құру үдерісімен танысатын алаң. Форумның серіктестері – Түркістан облысының әкімдігі және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, гендерлік теңдікке қол жеткізуге, жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге бағытталған іс-қимылдарды үнемі қолдайды. Форумның ашылуында сөз алған ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова: «Ясауи ілімі – ізгіліктің кілті. Ғұламаның еңбектері адамдар арасындағы құрметті, кішіпейілділікті, әділеттілікті, еңбеқорлықты, адамдарды дініне, жынысына, жасына қарай бөлмеуді насихаттайды. Ясауи ошағынан шығып, оның жолымен жүрген ғалымдар әйел құқықтарына ерекше мән бергенін атап өту маңызды», — деді.
Ал Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер құрылымының өкілі Мария Доценко: «Аймақтағы маңызды және стратегиялық бастамалардың бірі – ЕО мен БҰҰ-ның «Луч света» бастамасы шеңберінде Орталық Азиядағы жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық пен зиянды тәжірибелерді жою бойынша Альянсын құру. Альянстың мақсаты – ынтымақтастықты нығайту және зорлық-зомбылыққа бірлесіп қарсы тұру үшін барлық мүдделі тараптарды жұмылдыру. Орталық Азия елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенді болуы бірлескен шешімдерді әзірлеп, озық тәжірибелерді қолдануға көмектеседі.», — деді.
Форумның соңында азаматтық қоғамды Альянс пен өңірлік бағдарламаға тартудың ұжымдық сипатын көрсететін қорытынды құжат қабылданды.