ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІ ҺӘМ ЯСАУИ ІЛІМІ

153

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы жолдауында ең басты назар аударатын нәрсе – «Әділетті Қазақстан» құрудың концепциясын атап, оған апаратын нақты қадамдардың көрсетілуі. Жолдауды әзірлеу барысында қоғам белсенділері мен білікті сарапшылардың пікірі ескерілгені көрініп тұр. Қоғам тарапынан айтылған сынды және өзекті мәселелерді де тізбектеп, оларды шешу жолдарын атап көрсетті.

Жалпы, қоғамда айтылып жатқан мәселелер шешімін тауып жатса, қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сенім деңгейі жоғарылайды. Бүгін осы бағытта президент біршама бастамаларды көтерді. Мысалы, «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасау, 18 жасқа толғанға дейін балалардың есепшотына мемлекеттік қордан ақша аудару, әйелдердің зейнет жасын 61 жаспен қалдыру, 100 мың жасты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға аз пайызбен несие беру және басқа да шешімдерді өте әділ және батыл қадам деуге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі елдегі экономикалық және саяси кризистен шығудың бағыт-бағдарын айқындап берді. Жоғары оқу орнындағы білім сапасын арттыру бойынша да тапсырмалар берді. Мемлекет ҰБТ нәтижесінде және басқа да көрсеткіштер бойынша білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады. Осы уақытқа дейін ҰБТ-дан 50 балл жинаған баланың өзі техникалық бағытта мемлекеттік грантты иеленіп келді. Ал 120 балл жинаған бала гуманитарлық немесе медицина саласында гранттан тыс қалды. Енді ойлап қарайық, төмен баллмен түскен бала қиын инженерлік бағытты қалай меңгере алады? Сондықтан бұл шешім өте әділетті болады. Осылайша, жоғары білім саласында жақсы реформалар жүреді.

Білім сапасына қарай оқу бағасын арттыру да маңызды шешім. Оқу сапасын арттыру үшін оған едәуір қаражат бөлінуі керек. Қаражат бөлінуі үшін гранттың саны да, құны да артуы қажет. Соңғы 3 жылда жоғары грант мөлшерімен студенттер қабылдап жатырмыз. Гранттың саны көбейгеннен бастап біз оқытушылардың жалақысын көбейтуге, жатақханадағы материалдық жағдайды түзетуге, жаңа құрал-жабдықтар алуға, өзге де біршама мәселелерді шешуге мүмкіндік алдық. Қазіргі мақсат –  университетіміздегі ақылы бөлімнің құнын да гранттың бағасына жеткізу. Себебі, оқу ақысы өскен сайын университетке бөлінетін қаржы мөлшері ұлғайып, ол өз кезегінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осылайша, университеттің толық көлемде тиімді жұмыс істеуіне жақсы негіз қалыптасады.

«Білім алуға жылдық 2-3 пайызбен жеңілдетілген несие де беріледі» деген де үлкен жаңалық болды. Президент айтпақшы, бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік пен жауапкершілік қағидаларын нығайта түседі.

Президент Жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін де атап, оны шешу механизімін де айтып өтті. Бұл мәселе барлық университеттердің күн тәртібінде тұр. Біздің университетіміз де осы бағытта көп жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде, биыл грант, квота және ақылы негізде оқуға түскен барлық 1 курс студенттерін қажеттілігіне қарай жатақханамен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар, мемлекеттік және университеттің ішкі грантында оқитын 2-3 курс студенттеріне де толықтай орын бөлуді көздеп отырмыз. Арнайы комиссия күн сайын жұмыс істеуде.

Президентіміз өз Жолдауында әділеттік принципімен қатар, еңбекқорлық принципін ерекше атап өтті. Бәріңізге мәлім, оңтүстік өңірдің халқы өте еңбекқор келеді, кәсіпкерлік дағдылары жоғары. Халықтың ежелгі мәдениеті де, рухани көшбасшымыз Ясауи бабамыздың ілімi де бізге еңбекқорлықты дәріптейді. Сондықтан былтыр университетіміздің 2022-2026 жылғы Стратегиялық жоспарын қабылдаған кезде, әділеттік пен еңбекқорлықты оқу орнымыздың басты құндылығы деп бекіттік. Президентіміздің де осы екі принципке назар аудару, біздің дұрыс жолда келе жатқанымызға дәлел бола алады.

Мойындау қажет, қазір оңай ақшаға жалтаңдап қалғандардың қатары аз емес. Бұл түсінікті өзгерту үшін түпкі мәдениетіміз бен дәстүрімізге үңілуіміз керек. Бізді қаншама зар заманнан аман алып қалған – еңбекқорлық еді. Бойымызда батылдық та, батырлық та бар. Бірақ, мына заманда бізге ең қажеті – әділеттік пен еңбекқорлықты насихаттап, бойымызға сіңіріп, Жаңа Қазақстанның жаңа саяси мәдениетін қалыптастыру.

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры.