ҚАСИЕТТІ ШАҺАРДЫҢ БАСТЫ БАСЫЛЫМЫ – «ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІНІҢ АЛҒАШҚЫ НӨМІРІ ЖАРЫҚ КӨРГЕНІНЕ БИЫЛ ҚАЗАН АЙЫНДА 92 ЖЫЛ ТОЛАДЫ.

369

Сонау 1930 жылы 4 қазанда «Қызыл Түркістан» деген атпен шыққан газет замана ағымымен бір кездері «Коммунистік еңбек» деп аталса, қазір «Түркістан» атауымен қалың оқырмандардың сүйікті басылымына айналды.

Тарих таразысына салсаңыз да, адам өмірімен өлшесеңіз де аз уақыт емес, ғасырға жуық. Осы аралықта тарихтың көш керуені қандай соқтықпалы жолдардан өтпеді дейсіз. 30-шы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде аш құрсаққа рухани азық болу ниетімен жарық көрген басылым, 37-нің нәубеті, 1941-1945-тің қан майданы, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруді, тың игеруді, бесжылдықтың балғалары солқылдата соғылған социализм кезеңі, тоқырау дәуірі, қайта құруды, бәрі-бәрін халық үнімен үндестіріп, тасқа басты, оқырмандарға жеткізді.

Тәуелсіздік алғалы бері ел тарихы да «Түркістанның» сарғайған беттерінде сайрап тұр. Қаланың тарихын, өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі ұлан-ғайыр, жаңалықтардың жаршысы болды, ел тағдырына араласты. Газет кезінде Түркістан ауданы ғана емес, Созақ, Алғабас, Қызылқұм аудандарына тарап, олардың тыныс-тіршілігін жазғанын да сарғайған газет беттерінен білеміз.

-Тұрекең газетте көп жыл редактор болып істеді. Мен Мәдениет бөлімін басқарып жүрдім. Мен Тұрабай Мырзахметовпен жақсы араластым. Туыстығы да болған соң ба, ағалы інідей болып кеттік. Мен қаланың Мәдениет бөлімін басқарған соң, бұрынғыдан да тығыз отбасымызбен мерекелерді бірге өткізетінбіз. Өтірік айтпайтын. Ұрлық қылмайтын. Маған ол кісінің өмірде қарапайымдылығы, ал жұмыста талапшылдығы қатты ұнайтын. Себебі, ол кезде партияның дүрілдеп тұрған шағы. Партия қайда жұмсаса да, барып, жаңа редакцияларды ұйымдастырып, шапқылап жүретін. Соның нәтижесінде, көзінің тірісінде әріптестері мен қала тұрғындарының алдында абыройлы болды,-дейді жазушы Елтай Бимахамбетұлы.

Тұрабай Мырзахметов кезінде «Қызыл Түркістан», «Коммунистік еңбек» газетінің 30 жылға жуық бас редакторы болды. Тұрабай Мырзахметов — бұл есім түркістандықтарға жақсы таныс. Ол «Қызыл Түркістан» газетін 1954, 1959-1985 жылдардағы редакторы болды. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Биыл Тұрабай атамыз тірі болса, 100-ге толар еді.

Тұрабай Мырзахметов 1922 жылы Түркістан ауданы, Шорнақ ауылында туған. Түркістан педагогикалық училищесін 1941 жылы бітірген. 1941-1947 жылдары Фрунзе ауданы партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, 1947-1954 жылдары «Стахановшы колхозшылар» газетінің редакторы, Мақтаарал ауданы газетінің редакторы, 1954-1955 жылдары «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы, 1956-1958 жылдары КОКП Орталық комитетінің Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды.

-Ол кісінің менен бір мүшелдей үлкендігі бар. Мені жұмысқа шақырып, қамқор болып жүрді. Өлеңдерім мен мақалаларым газетте үзбей жарияланып тұрды. Кішіпейіл де қарапайым жан еді. Жазушылар Одағына қабылдануыма да көп ықпалы тиді. Оның басқалардан айырмасы ұлтқа, руға бөлмейтін. Шығармашыл жандарға барынша қолдау көрсетіп отыратын,-деп еске алды Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ерназар Розметов ақсақал.

Тұрабай Мырзахметов 1958-1959 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, 1959-1962 жылдары «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы, 1962-1985 жылдары ауданаралық «Коммунистік еңбек», «Коммунистік мехнат» газеттерінің редакторы болып, 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан. «Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» белгісімен, «Ерекше еңбегі үшін» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрмахан Назаров болса, бірнеше газетті басқарған нар тұлға туралы былайша: «Тұрекең біріншіден, пендешіліктен жоғары тұрған басшы екендігін танытты. Мен ол кісіні солай түсіндім. Сол коммунистік дәуірде молшылық болды. Өте талапшылдығымен есімде қалды»,- деп толғанады.

Тұрабай Мырзахметовтың «Түркістан» газетінің 2005 жылғы 26 тамыздағы санында жазған материалынан естелігін берсек: «Редакторлық қызметті 1954 жылы қабылдап, 1955 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға түскенше қызмет істедім. Менен кейін аудандық газеттің редакторлығына бұрын редактор болып істеген, республикалық партия мектебін бітірген Абдужаппар Абдусаттаров тағайындалды.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болып істеп жүрген кезімде облыстық партия комитеті 1959 жылдың аяқ шенінде «Қызыл Түркістан» газетіне редактор етіп жіберді. Ол кезде аудандық газет қазақ, өзбек тілдерінде аптасына бес рет төрт бет болып шығатын. 1960 жылдан бастап газет аптасына үш рет шығатын болды. Мұның өзі газеттің оперативті, уақтылы шығуына үлкен ықпал жасады. 1962 жылдан бастап газеттің аты өзгерді. Газет «Қызыл Түркістан» орнына «Коммунистік еңбек» болып шықты», — деп жазылған.

Тұрабай Мырзахметов ұжымды ұйымдастырушы, басқарушы ғана емес, отбасының да ұйытқысы, өнегелі әке ретінде, сегіз баланы өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырды.

-Менің әкем өте балажан болды. Жұмыстан шаршап келсе де, тамақ ішіп алған соң, сабақтарымызды бір қарап, ойнатып отыратын. Көп жазушылармен жиі араласты. Әсіресе, Асқар Тоқмағамбетовпен көп сырласатын. Айсұлтан деген інімнің атын сол кісі қойды. Сегіз баланы өсіріп өндірді. Бәріміз жоғары білім алдық. Мен ғана әке жолымен шығармашылық ұжымда жиһаз жасаумен айналысамыз. 100-ге толуын өткізіп, осы кісінің атынан шағын футболдан журналистер арасында турнир өткізіп жатқан «Түркістан» газетінің ұжымына, мерекелік шараны қолдаған қаланың мәдениет бөліміне, әсіресе Түркістан қаласы Ардагерлер кеңесіне ризашылығымды білдіремін. Осындай қоғамдық ұйымдар мен қала әкімдігінің қолдауымен әкемнің бұрынғы тұрған үйіне ескерткіш тақтасын, Сәттар Ерубаев мұражайының бір бұрышынан көрме өткізуге кірісіп жатырмын. Тұрған көшесіне есімін бергізсем бе деген ойым да бар. Орнында бар оңалар деген осы болар-, дейді ұлы Марат Мырзахметов.

Иә, Тұрабай Мырзахметов жергілікті газетті басқарып тұрған шағында қаншама түркістандық журналистерді тәрбиелеп шығарды. Республикаға танымал Тілеуқабыл Мыңжасаров, марқұм Нұралы Дүйсекей тағы басқа көптеген журналистерді тәрбиелеп шығарғаны белгілі.

Атап айтсақ, «Түркістан» газетінің 1985-1993 жылдар аралығындағы редакторы Әмидулла Көпбаев, 1993-1998 жылдары редактор болған Сырым Дағмырза, 1998-2013 жылдар аралығында редакторы Балтабай Нұржанов, 2013-2017 жылдар аралығында редактор болған Асан Оспановтардың барлығы дерлік Тұрекеңнің шекпенінен шыққан десек болады. Солардың ізбасары қазіргі «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетовтің де мерейтойда айтары бар.

-Бірінші кезекте менің айтқым келіп тұрғаны — бұл 1930 жылы 4-қазанда «Қызыл Түркістан» деген атпен шыға бастады. Одан кейін «Коммунистік еңбек», қазіргі «Түркістан газеті. Осы аралықта 17 редактор болған болса, Тұрабай Мырзахметов атамыз біз үшін үлгі тұтар, осы кісілердің ішінде ең көп басшылық жасаған кісі болды. Газеттің тігінділерін ақтарып отырып, сол кездегі редакторлардың жұмысын жоғары бағалап отырамыз. Сол кісілердің шәкірті ретінде осы газеттердің негізін қалаушылардың бірі-небір қиын-қыстау кездері уақытпен санаспай, қызмет етті. Сондықтан осы кісілердің есімін ұмытпай, газеттің оқырмандарын көбейте түсу мақсатында қызмет етіп келе жатырмыз.

Сонымен бірге өткенге құрмет есебінде Тұрабай Мырзахметовтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Түркістан» газетінің жүлдесі үшін деп, шағын футболдан БАҚ арасында турнир ұйымдастырдық. Бұл турнирді жылма-жыл дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жолы қатысушы командалар құрамы аз болғандақтан Түркістан қаласы аумағымен шектелдік. Алдағы жылдары облыстық, республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз,-дейді «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов.

Тұрабай Мырзахметов басқарған жылдары басылымда Түркістан өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға аталмыш газет зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де, уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлесін қосты. Осылайша, Тұрабай Мырзахме-товтің есімі Түркістан тарихында тасқа басылып қалды. Биыл жүзге толған Тұрабай Мырзахметовтің тұлғасы тау алыстаған сайын зорая түседі дегендей, күн санап еңселеніп барады.