ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 20 ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН АШЫЛАДЫ

257

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер санын көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа әлеуметтік дүкендерді салу, олардың санын 50-ге жеткізу бағытында жұмыстар атқарылды.
Бүгінгі күні бұрыннан жұмыс атқарып келген көлемі 24 шаршы метрлік 13 әлеуметтік дүкенге қосымша жаңадан әрқайсысының көлемі 50 шаршы метрді құрайтын 17 жаңа әлеуметтік дүкен салынып, жалпы саны 30-ға жетті. Оның 9-ын «Түркістан» ӘКК» АҚ есебінен салынса, 8-ін кәсіпкерлер өз қаражаттарымен салды.
Аталған әлеуметтік дүкендер Түркістан қаласының көпқабатты үйлер орналасқан шағынаудандарында, осал топтағы отбасылар шоғырланған аумақтарға орналасқан. Мұнда 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан 20-30 пайыз төмен бағада халыққа сатылуда. Тазартылған күріштің келісі 350 теңгеге, рожки (өлшеніп салынатын) келісі 300 теңгеге, қарақұмық жармасының келісі (дән, өлшеніп салынатын) 320 теңгеге, тауық етінің келісі 900 теңгеге, тауық жұмыртқасы (I санатты) 35 теңгеге, күнбағыс майының литрі 680 теңгеге, қант-шекер келісі 395 теңгеге, 1 сұрыпты бидай ұнының келісі 190 теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ пастерленген сүт, айран, сүзбе, сары май, бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, ас тұзы, сиыр еті нарық бағасынан төмен сатылуда. Жыл соңына дейін қалған 20 әлеуметтік дүкен құрылысы салынып, жалпы дүкен санын 50-ге жеткізу жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы мониторинг топтары құрылған. Олар осы бағыттағы кемшіліктерді анықтап, бағаны қадағалап келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі