ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ТҰЛҒАҒА ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ

272

Қазан айының 14 жұлдызы «Түркістан» қалалық газеті үшін қуанышты күн болды. Бір ғасырға жуық тарихы бар газетті басқарған айтулы тұлғалардың әрқайсысы өз қолтаңбасын қалдыратыны анық. Десе де Журналистер Одағының мүшесі, «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», 1954-1955 жылдары “Қызыл Түркістан», 1959-1985 жылдары «Коммунистік еңбек», «Коммунистик мехнат» газеттерінің редакторы болған Тұрабай Мырзахметовті айрықша атап өтуге болады. Ұзақ жылдар бойы білікті басшы, қарымды қаламгер ретінде түркістандықтардың жүрегінен орын алған тұлғаның туғанына биыл 100 жыл. Осыған орай «Түркістан» қалалық газетінің ұйымдастыруымен Тұрабай Мырзахметовке 100 жыл толуына арналған бірнеше тағылымды іс-шаралар өтті.

Ерен еңбегімен ел жадында қалған азаматқа арналған іс шаралардың бірі ескерткіш тақтаның ашылуы болды. Дәлірек айтсақ, 1977-1991 және 1998-2002 жылдары «Түркістан» («Коммунистік еңбек») газетінің редакциясы болған қазіргі «Форте Банк» ғимаратында Тұрабай Мырзахметовке арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Түркістанға белгілі бір топ журналистер, қаламгерлер қатысқан салтанатты жиында сөз алған Елтай Бимаханбетұлы, Кеңесбек Бөкебаев секілді Түркістан қаласының ақсақалдары қарымды қаламгердің жарқын бейнесі мен атқарған жұмыстары жайлы естеліктермен бөлісті.

— Тұрабай Мырзахметов көп жыл бойы газетте редактор болып жүрді. Сол жылдары жиі араласып тұрдық. Ол кісі маған жақын адам болды. Қалам ұстап, әлдене жазатын болғасын мені өзіне тартты деп ойлаймын. Өтірік айтпайтын, ұрлыққа бармайтын, біреудің сыртынан балағат сөз айтпайтын жақсы адам еді – деді Елтай Бимағанбетұлы.

Өткенге сағыныш, қаламгердің асқақ болмысына құрмет лебіздері айтылған жиын соңында қонақтар ескерткіш тақтаны ашып, игі шараға ұйытқы болған жандарға алғыстарын айтты.