ТҮРКІЛЕР ТӨРІ ТҮРКІСТАННАН – ҰЛТ ҰЛЫСЫ ҰЛЫТАУҒА»

519

«Түркілер төрі Түркістаннан – ұлт ұлысы Ұлытауға» деген ұранмен бастау алған егемендіктің шежіресі мен тәуелсіздіктің шынайы тарихын дәріптеу мақсатында тарихи-танымдық экспедициясы Ұлытауға барып қайтқан еді. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен түркілер төрі қасиетті Түркістанның 50-ден аса зиялы қауым өкілі ұлт ұясы Ұлытаудың киелі орындарымен танысып қайтты.

Делегация Ұлы даланың Ұлытауындағы тарихи орындарды аралап, ұлт бірлігін нығайту мақсатында Қызылордаға дейін автобуспен барып, одан әрі қарай пойыз арқылы Ұлытауға бет алды. Алаштың анасы атанған Сыр елінен бағыт алған жүрдек пойыз қойнауына құт ұялаған мысты шаһар Жезқазғанға табан тіреді. Алғашқы күннен бастап Түркістандықтарға етене таныс азамат, Ұлытау облысының прокуроры Жарқынбек Бақашбаев сынды бірқатар ел ағаларының бастауымен делегация мүшелері қаланың көрнекті жерлерімен танысты.

Делегация құрамы келесі күні қаладан 160 шақырым жердегі Хан ордасына сапарға аттанды. Хан ордасына апарар жолда түркі мифологиясы үшін зор мәнге ие 9 метрлік «Көк Бөрі» мүсінін тамашалап, бойларына күш-жігер жинап, ерекше рухтанған зиялы қауым өкілдері сапарды жалғастырды. Дәл мұндай мүсін ТМД елдері арасында тек Қазақстанда ғана бар. Ұлытаудың ұлылығын көрсетіп тұратын қайталанбас дербес мүсін. Экспедиция мүшелерi «Ұлытау – ұлт ұясы» монументіне де соқпай кетпеді. Ұлт бірлігінің айқын белгісі іспетті мәдени нысанда естелік суретке түсіп әрі қарай ұлы жолға қамданды. Ұзақ жол болса да батагөй қариялардың жүздеріне шуақ тұнып тұрды. Бұл бабалар мұрасына деген кемел махаббат пен бабалар аманатына деген жауапкершілікті сезінудің айқын нышаны болса керек. Ұлытаулықтардың шұғыл ұйымдастыру шеберліктерінің арқасында экспедиция мүшелері алапат ойдың жетегімен көне тарих көмбесі Ұлытау даласының борпылдақ топырағын шаңдата кешіп, бір күнде қос бірдей ірі тұлғаның, Алаша хан мен Жошы ханның кесенесіне зиярат етіп, тарихи-мәдени жаухарлармен танысты. Жошы хан күмбезінің маңынан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауды ұлттық туризмнің ор­талығы ету туралы бастамасынан кейін салынған «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің куәсі болды. Ұлытау жұрты бағзы заманға саяхаттауға мүмкіндік туғызып, түркістандықтарды киелi орындардың тарихымен таныстырып, сол нысандармен байланысты рухани-мәдени құндылықтарды насихаттаудан жалықпады.

Ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесі, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерінен құрылған зиялы қауым өкілдерінің екі күнге созылған Ұлытаудағы киелі орындарға сапары қос облыс ақсақалдарының алқалы жиынымен қорытындыланды. Қасиетті Түркістан мен Ұлытау арасын шежірелі аймақ жалғап жатыр. Екі өңірдің тарихи-мәдени бейнесі ел үшін ауқымды маңызға ие. Сондай-ақ, бізбен арнайы кездесуге Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы да келіп, Ұлытау мен Түркістанның байланысын нығайту жөніндегі идеяларымен бөлісіп, Ұлытаудың ертеңі мен өркениетке бетбұрысы жайлы өзінің ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қызылорда-Жезқазған тас жолын салу арқылы екі тарапты жақындастырып қана қоймай, барша қазақ жұртына киелі орындардың тарихымен танысуға мүмкіндік жасап, тарихи құндылықтармен сусындауға бағыттаушы басты жолды негізге қою жайлы жоспарларымен бөлісті.

Алдағы уақыттарда Түркістан-Жезқазған бағытындағы әуе жолын жүзеге асыруды мақсат етіп жатқанын да тілге тиек етті. Түркі дүниесінің есігі болған Түркістан мен ұлы бабаларымыздың жатқан топырағы ұлт ұясы Ұлытау арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында түрлі жобалар жасалып жатқанын да айта кетті.

Сәтті сапарға тәнті болған зиялы қауым өкілдері ұлт ұясы Ұлытаудан алған әсерлерімен бөлісті:

Балтабай Жарылқасынов — Сауран аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:

Бұл тарихи-танымдық сапардың мәні Ұлытау жеріне барып Хан Ордасын көзбен көріп, тамыры терең тарихи құндылықтармен танысып, бабалар рухымен тілдесіп, қазақ үшін киелі мекендердің арасына алтын көпір орнату. Қазақ тарихына үңілсек, Ұлытау мен Түркістанда үш жүздің басын қосып, алты алаштың алдында ақ киізге отырғызып хан сайлаған хан ордалары болған. Қазіргі уақытта президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы екі қасиетті өлкеге облыс мәртебесін беріп, тарих алдындағы абыройын аспандатып, тарихи нысандарды мемлекет қорғауына алып, реставрация жұмыстарын жасап, жандандырып жатқаны көңіл қуантады. Ұлытау мен Түркістан тамыры тереңде жатқан тағдырлы да, қилы кезеңдерді өткерген тарихи орда. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, тек Шыңғыс ұрпағы қазақтың ханы болып сайлануға құқылы болған. Ал қазақ даласында хан сайлау дәстүрі Ұлытаудан басталған. Хан Ордасы Ұлытаудың ұлылығын дәріптеуге хандар ордасын тіккен, ақ киізге отырғызып ұлықталған, ұлы далаға билік жүргізген ортағасырдағы керуен жолының бойында жатқан тарихи орын. Елдің ынтымақ-берекесі үшін жан аямай күрескен асыл бабаларымыздың басына барып, құран бағыштап, зиярат ету біздің азаматтық борышымыз. Біз бұл орталықтарды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ертеңгі ел болашағы бүгінгі жастардың бойындағы ұлттық рухтың шырағы сөнбей елге адал қызмет етіп, ел өркендеуі жолындағы жасап жатқан жұмыстарына куә боп қайттық. Сапардың тағы бір астарлы мағынасы рухани шахар мен Ұлытау арасындағы мәдени байланыстың мәнін арттыру.

Ұлт ұясы Ұлытау облысына түркілер төрі қасиетті Түркістан қаласынан аттанған сапар ерекше әсерлі өтті. Ұлытаулықтар зор қимастықпен, сән-салтанатымен шығарып салды. Бұл далада біз бармаған әлі көптеген тарихи орындар менмұндалап қала берді. Тәңір жарылқаса, сол тарихи мекендерге де баратын күн туар…