ҚЫРЫМНЫҢ ҚЫРАНЫ

223

Жақында «Шахсарай» мейрамханасында Түркістан қаласының зиялы қауымы құрылыс саласының маңдайалды үздігі атанған киелі шаһардың дамуына сүбелі үлес қосқан құрылыс саласының жетекшісі Эйлер Сүлеймановты еске алды.

ҚР құрметті құрылысшысы, «Tumar Holding» компаниясының президенті Серік Тәукебаев ұстазының құрметіне дастархан жайып, құрбандық шалды. Зиялы қауымға ас берді. Салиқалы бас қосуда Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Құлбайымбетов, Түркістан қаласының бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлы, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков бастаған зиялы қауым өкілдері Эйлер Жамалетдинұлы Сүлеймановтың сан қырлы азаматтық, іскерлік сипатын еске алды.

Ол осыдан сексен жыл бұрын Қырымда туған дағыстандық лезгин халқының өкілі екен. Эйлер Жамалетдинұлы өмірінің отыз жылын Түркістанға арнап қырықтан астам көпір салып, бір жарым шақырым теміржол төсеген екен.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Түркістан қаласын көркейту жұмыстары зор қарқынмен жүргізілді. Шаңы бұрқыраған көшелерге жаңадан жолдар салынып, бос жатқан жерлер инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Эйлер Жамалетдинұлы СМП-194 мекемесінің бастығы ретінде беріле еңбек етті. Оның басшылығымен ұзындығы 1500 шақырым теміржол желісі, үлкенді-кішілі 41 көпір салынды. Бұл күнде Түркістан қанатын кеңге жайған, көркі көз тартатын шырайлы шаһарға айналды. Міне, осының бастауында Эйлер Жамалетдинұлының өлшеусіз еңбегі жатыр.

Одақ тараған соң «Түркістан-трансстроймонтаж» акционерлік қоғамын құрып, оны аз ғана жылда аяққа тұрғызды. Өз қаржысына қаладан бокс мектебін ашып, 6 спорт шебері, 18 спорт шеберлігіне үміткерді тәрбиелеп шығарды.

Оның өмірден озғанына да он жылға жуықтапты. О дүние түгілі, өкпеге қимайтын, көзден кетсе де көңілден кетпейтін ақеділ азамат Эйлер Жамалетдинұлы Сүлейманов болатын.

— «Бекзат» шағын ауданындағы емхана, «Нұрсәт» поселкесіндегі тұрғын үйлер, Қарашық, Яссы, Жусансай, Құмтүйін, Сауран және Иқан ауылынан салынған мектептер – Эйлер Сүлейманов басқарған құрылыс мекемесінің абыроймен атқарған жұмыстарының бір парасы ғана. Бұдан бөлек, қаншама білім ошақтарының күрделі жөндеу жұмыстарына атсалысты. Бабайқорған және Сауран елді мекендеріне су құбырларын жүргізіп, Түркістан қаласында 60 орындық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысын мерзімінен бұрын бітірді. Барлық объектілерді мерзімінен бұрын бітіріп, оларды жоғары сапамен тапсыру – Эйлер Жамалетдинұлының жұмыс барысындағы ең бірінші талабы болатын, — деп еске алды Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков.

Эйлер Жамалетдинұлының спорт десе шығарда жаны бөлек еді. Өзі бокстан спорт шебері болатын. 1986 жылы өзі басқаратын СМП–194 құрылыс мекемесінің жанынан «Монтажник» футбол командасын жасақтап, қала біріншілігінің қатарына қосты. Екі жылдан кейін команда облыс біріншілігінде оза шауып, Қазақстан чемпионатына жолдама алды. 1990 жылы Түркістан қаласының атынан КСРО біріншілігінің 2-лигасында өнер көрсетті.

Ал, 1991 жылы «Яссы-Түркістан» командасы Қазақстан Республикасының кубогын жеңіп алды. Сөз жоқ, бұл Эйлер Сүлеймановтың табанды еңбегінің нәтижесі еді. Команданың басшысы да, құрылтайшысы да өзі болды.

Шахсарай мейрамханасындағы зиялы қауымның Эйлер Жамалетдинұлы Сүлеймановты еске алуына қатысқан қала тұрғындары Түркістан қаласының құрметті азаматы Ділмұрат Жамаловтың Қырымның қыраны Эйлер Жамалетдинұлы Сүлеймановтың өзі тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатып, көшеге атын беру туралы бастамасын бірауыздан қолдады. Көпшілік мұны жүзеге асыруды қала әкімінің атынан қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаевқа аманаттады. Міне, осылайша Түркістанды түлетіп, көпке шапағатын шашқан абзал жанды жұртшылық өкілдері ешқашан ұмытпайтындығының куәсі болдық.