ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА КІШІ ФУТБОЛ АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

114

Созақ ауданы, Қаратау ауылдық округінде жабық футбол алаңы ел игілігіне пайдалануға берілді. Спорт алаңының ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Ауыл жастарының кез-келген мезгілде спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында келер жылдан бастап өзге де ауылдық округтерде осы секілді спорттық нысандар кезең-кезеңімен бой көтеретінін айтты.
Жалпы құны 93,4 млн. теңгелік кіші футбол алаңы кез-келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы етіп жабдықталған. Нысанның аумағы 1000 шаршы метрді құрайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда аудан көлемінде 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Бүгінде аудан орталығынан құны 2 млрд. теңгеге жақын, заманауи үлгідегі 200 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Нысанның құрылысы аяталған соң кіші футболдан республикалық турнирлерден бой көрсетер «Созақ» командасын құру жоспарлауда. Бұдан бөлек Созақ ауылынан салынып жатқан 1000 орындық спорт алаңының құрылысы осы жылдың соңына дейін тапсырылады.
Шу ауылында баскетбол алаңы, Сарыжаз елді мекенінен және аудан орталығындағы Жібек Жолы-2 көшесінің төменгі тұсынан балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңының құрылысы басталған. Бұған қосымша Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендері мен Шолаққорған ауылының Ж.Ерімбетов көшелеріне балалар ойын алаңын салу жоспарлануда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі