ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БЕТ АЛҒАН ЖАРТЫ ҒАСЫР

225

Елу жылда ел жаңа. Тақырып мақала кейіпкерінің қарапайым жұмысшыдан бастап, басшылық қызметіндегі еңбек өтілін баяндауға арналған. Иә, бір мекемеде табан аудармай елу жыл еңбек ету екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Түркістан өңіріне есімі етене таныс, тіпті республика аумағындағы транспорт саласының өкілдері мен депутаттар арасында шоқтығы биік азаматтардың қатарынан орын алатын Тәңірбергенов Рахым Көлбайұлы өз саласының білгір маманы және абыройы асқан ардагері.

Кеңес кезінде яғни, осыдан тура жарты ғасыр бұрын автобус паркі мекемесінің табалдырығын аттаған жас маман бүгінде кеудесі қазынаға толы, өзі қызметке орналасқан мекемесінің құрылтайшысы атанып отыр. «Терек бір жерден көгереді» деген халық даналығының айқын көрінісі іспетті кейіпкеріміздің ғұмырындағы осынау жылдар айтуға оңай болғанымен шын мәнінде әр күні тынымсыз тірлікпен өрілген қарбалас шаққа толы екенін өзімен үзеңгілес жандар жақсы біледі.

Кейіпкеріміздің әр сөзіне зер салып аталған жылдар ішіндегі әрбір сәтті қағаз бетіне түсіре бергенімізбен баспа беті оған мұрша бермесі анық. Десе де бүгінгі «Жолаушы» ЖШС-нің құрылтайшысы Рахым Көлбайұлының өмір өткелдеріндегі негізгілерін шолып өтпекпіз.

Көлік саласының экономикадағы орны ерекше екені даусыз. Әлем картасында тоғызыншы орында тұрған біздің ел үшін бұл саланың мәні мен маңызы айтпаса да түсінікті. Ал, ел экономикасындағы маңызды осы сала мамандарының көзін тауып, оны дамытуын өңірдегі елеулі табыстардың біріне балауға болады. Себебі, қазіргі күні мұндай мекемелер барлығында дерлік жекенің қолында. Сондықтан көп жағдайда көлік тасымалы, қоғамдық көліктердің сапалы қызмет көрсетуі және олардың заман талабына сай базасының болуы күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелердің бірі. Бұны «Жолаушы» ЖШС құрылтайшысы Рахым Көлбайұлы жақсы біледі. Білгендігінен шығар осы күнге дейін Түркістан қаласындағы қоғамдық көлікте жол жүру ақысы еліміздегі ең арзан тариф қатарында. Бұл жөнінде БАҚ беттерін ақтарып көрсеңіз Түркістан қаласындағы жол ақысының сырына үңілген ақпарат саласы өкілдерінің еңбектерін көретініңіз сөзсіз. Бұл күнделікті қоғамдық көліктің қызметін тұтынатын әрбір шаңырақтағы әлеуметтік жағдайдың тұрақтануына, шығынның қысқаруына едәуір оң ықпал ететіні түсінікті.

Рахым Көлбайұлы бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерінің сырын былайша түсіндіреді: «Мен дүние қуған адам емеспін. Жаратқан әрбір жанды абыройынан айырмасын деп тілеуіміз керек. «Мол байлыққа қол жеткіземін», деп соңында қандай жағдайға душар болып жатқан адамдарды көріп жүрміз. Мен үшін байлықтың кілті деннің саулығы және осы арқылы елге адал қызмет етуінде. Адал еңбек сені барлық жетістікке жеткізеді».

Иә, қандай да бір жетістіктің артында үлкен күш, қажыр-қайратпен жасалған адал еңбек тұрады. Егер олай болмай үлкен олжаға бел ауыртпай жеңіл қол жеткізсең, басыңдағы бағыңнан да дәл солай айрылуың ғажап емес. Бұл өмір заңдылығы.

Міне, осындай ұстанымды ту еткен кейіпкеріміз ғұмырының үштен екі бөлігін өңіріміздегі көлік саласының дамуына арнаған. 1949 жылы өмірге келген бала Рахым 17 жасында мектеп бітіріп, Шымкент қаласындағы Қазақ химия технология институтына оқуға түседі. Үлкен өмірге осылайша қадам басқан жас жігіт 1968 жылы әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын өтеу барысында өмір мектебінің қыры мен сырын терең ұғынған Рахым екі жарым жыл ішінде (ол кезде әскери борышты өтеу мерзімі 2,5 жыл болған) «тазалықты, туралықты, тәртіпті үйрендім», — дейді. Осы аралықта көлік жүргізуді меңгерген жас маман 1972 жылы бұрынғы автопаркке жұмысқа кіре алмай үш ай жүргенін айтады. Себебін, бүгінгі қоғамымыздағы керітартпа әрекеттердің сол кезде де белең алып тұрғанымен байланыстырады. Не керек 23 жасында осы мекеменің табалдырығын қарапайым жұмысшы ретінде аттаған Рахым Көлбайұлының бүгінгі күнге дейінгі жарты ғасыр ғұмыры үлкен мекеме «Жолаушы» ЖШС-нің тынысымен сабақтасып келеді.

«Осында келгенде жүргізуші болдым. Одан кейін механик, диспетчер, жол қауіпсіздігі инженері және 1982 жылы орталық автовокзалдың бастығы болдым. Одан беріде үш жылдай бас инженер болсам, 1989 жылы осы автобус паркінің басшысы болдым. Аталған мекемедегі еңбек жолымда 10 жыл қатардағы қызметтерді атқарып, қалған 40 жылында басшылық етіп келемін. Мен бұл жерге келгенде мекеменің жағдайы аса мәз емес еді. Осындай мәселелерді қалпына келтіреміз деп білек сыбана еңбек еттік. Кейін келе мекеме жекешелендірілді. Содан бері қайнаған тіршілік жалғасып келе жатыр. Айтсам, мақтанды дейді. Десе де біздің ұжым өңіріміздегі базасы қалыптасқан алдыңғы қатардағы мекеме болып саналады. Тіпті бүгінгі таңда «Жолаушы» ЖШС осындай мекемелер арасында республикадағы алғашқы ондықтың қатарынан орын алады. Мекемеде 500-ге тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Біздің қолданыстағы көліктердің қазіргі күнге 90 пайызы жаңарған. Қаладағы қоғамдық көлік бағыттары атап өтсек №1, 1А, 30, 6 тағы сондай бағыттағы автобустар 100 пайыз жаңа автобустармен қамтылды. Осы айдың соңына қарай тағы да 24 дана жаңа автобус алдырып жатырмыз. Оларды да қала ішіндегі бағыттарға қолданысқа енгіземіз. Автобус паркі дейді ғой. Көліктерді жөндеу, оған қажетті жабдықтар осы жерде толық қамтылған. Таңертең ерте жұмысқа кірісетін жүргізушілеріміз үшін арнайы асхана жұмыс істейді. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін, жұмысшыларға арнайы нұсқаулар беретін қысқасы, автокөлік қызметіне қатысты шаралардың барлығы дерлік заман талабына сай қалыптастырылған», — дейді бүгінгі ардагер басшы Рахым Көлбайұлы.

Көлік саласындағы майталман маманның өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ел алдындағы елеулі азаматтардың қатарында да шоқтығы биік жан. Облыстық мәслихаттың бес шақырылымында 24 жылға жуық депутат болған. Өз ісінен бөлек Түркістанның түлеп-түрленуіне аянбай еңбек еткен Рахым Көлбайұлының есімін жергілікті тұрғындар қаладағы көптеген мәселелердің шешімімен тікелей байланыстырады. Олай дейтініміз осы уақытқа дейін мектеп, ауыз су немесе өзге де әлеуметтік мәселелер туындаса, оны шешу үшін тұрғындар бірінші Рахымды іздейді. Олар осы әдетке үйреніп қалған. Төңірегіндегі туындаған мәселелерді халықтан ести сала атын ерттеп мініп, шаба жөнелетін Рахым Көлбайұлының мінберлерде тұрып, елдің мәселесін билік өкілдеріне бүкпесіз жеткізіп айтатын, айтып қана қоймай күрделі мәселенің күрмеуін шешуге барын салып, істі соңына дейін жеткізетін қасиетін жұрт жақсы біледі. Сол себепті, қалың ел мәселеге Рахым араласса істің бітетініне бек сенімді болатын.

«1999 жылдан бастап, 2022 жылға дейін депутат ретінде Түркістанның дамуына 20 миллиард теңгеден астам қаржының бөлінуіне ықпал жасадым. Түркістанда бой көтерген негізгі нысандардың салынуына тікелей араластым десем қателеспеймін. Көпқабатты үй тұрғындары өз пәтерлеріне жеке пеш орнатып, 20 жыл көлемінде жылудың тақсыретін тартқанын тұрғындар әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде орталық жылу қазандығын салуға және сарқынды су жүйелерінің стансасын салуға ықпал еттім. Бұл қаламыздағы ең үлкен жобалар болып саналады. Білім саласында мектеп, балабақша, аурухана, спорт саласы секілді әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне де ықпал етіп, осы мәселелердің басы-қасында жүрдім. Бір байқағаным, осынша жұмыстың арасында жүріп, пайда көздеп, ең болмаса бір үй алып, тендермен айналысуды білмеппін (күлді)», — дейді Рахым Тәңірбергенов. Айтса айтқанындай сол кезден бері мансапқа қол жеткізіп, билік тұтқасын ұстап жүрген кейбір жандардың өмір тарихына үңілсеңіз жеткен жетістіктері мен мол табысының сырына қанық болатыныңыз анық. Әрине, біз біреудің жеке өміріне қол сұғудан аулақпыз. Десе де көрген көзде жазық жоқ.

Адал еңбек еткен жанды атақ-абырой өзі іздейтіні белгілі. Осынау істің бел ортасында жүрген Рахым Тәңірбергеновтің қазан айының басында осы мекемеде қызмет еткеніне 50 жыл. Оның ішінде 40 жыл басшы болған. Осы аралықта арысын айтпағанда «Құрмет» орденінің иегері атанған. Нөмірі бірінші «Қазақстан Республикасының автокөлік саласына еңбегі сіңген қызметкер», Қазақстан Республикасының «Құрметті депутаты» атақтарын алған. Осылайша кейіпкеріміздің саналы ғұмырындағы тынымсыз тіршілігін қалың оқырманға жеткізуге тырыстық. Ендігі мәселе «Отан отбасынан басталады» деген ұлы сөзді желеу етіп, Рахым Көлбайұлының отағасы ретіндегі келбетін ашуды да жөн көрдік. Жалпы түркістандықтар үшін бұл аса үлкен жаңалық бола қоймас. Алайда, қалың оқырманға арналған басылым бетін парақтаған бейхабар жандар кейіпкерімізден тағылым алар, өнеге болар деген ойдамыз.

Еркін күрестен спорт шеберлігін орындаған шаңырақ иесінің отбасы спорт саласында үлкен құрметке ие. 1971 жылы отау құрған Рахым Көлбайұлы 4 ұл, 1 қыздың әкесі. «Бүгінде перзенттерім әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Соның ішінде үшінші ұлым Ерқанатымның өзі не тұрады. Одан кейінгі Дәуренім де ел алдында. Өмірдегі басты ұстанымдарымның бірі бала тәрбиесі. Осы бағытта ұл-қыздарымның жаман атын сырттан естімеуге барымды салдым. Оларды көппен бірге болуды, санасуды, кішіпейлдік танытуға баулыдым. Құдайға шүкір, еңбегім еш кетпеді деп ойлаймын», — деген әкенің көңіл түкпірінде сағыныш оты маздайтыны аян. Әке жолын абыроймен жалғап келе жатқан есімі елге кеңінен танылып үлгерген Ерқанатынан көз жазып қалды. «Ұлдарымның ішіндегі серкесі еді», — деп ерекше жақсы көретін тек әкесінің емес, елдің ұлына айналып үлгерген Ерқанаты қаһарлы қыстың аязында жол апатынан қаза тапты. Өмірлік жары, ұл-қыздарының ардақты анасы Баян Жақсылыққызы да жыл бұрын бұл пәнимен қоштасқан.

Өмір есігін ашып 73 жазын артта қалдырған асқар тау әкенің бүгінгі жұбанышы ұл-қыздарынан өрбіген немерелері. Бұл жолда да ата Рахым бала тәрбиесіндегі бастапқы ұстанымынан айнымаған. Бірінші, адам бойындағы абыройға ие болуды ойлауы тиіс екенін өсиет етіп отыратын әулеттің ақылгөйі жалған өмірде үлкен абырой жинау қаншалықты қиын болса, одан айрылу соншалық жеңіл екенін айтады. Сондықтан уәдеге берік, сертке адал ұрпақ қатарын арттыруға үлес қоссам деген асқақ арманның жетегінде еңбек етіп келеді. Айтпақшы біраз бұрын «Жолаушы» ЖШС бас кеңсесінің үлкен бөлмесінде музей ашылды. Кіргенде сол жақ бастауында Рахым Көлбайұлының жас күнінен бастап, осы таңға дейінгі жүріп келе жатқан жолы суреттер, ресми құжаттар және құнды марапаттар арқылы баяндалып тұр. Ал музейдің оң жақ бөлігінде асыл перзент — Ерқанат Рахымұлының өмірдеректерін айқындайтын құнды мұралармен толықтырылған. Өткеннен сыр шертетін мұражай келер ұрпақты тарихын біліп, игілікке қол созуға үндейтін қазыналы орын екені анық.

Өткен өмірге шегініс жасап, өңірдегі елеулі оқиғаларды еске алған Рахым Көлбайұлы Түркістанның футбол федерациясын бірнеше жыл басқарғанын айтады. Бір кездері О.Жарылқапов атындағы стадионда қала біріншілігі үшін әлем чемпионатындағыдай тартысты кездесулердің бел ортасында жүретін шағы ойына оралады. Түркістаннан шыққан «Монтажник» кейін «Яссы» деп аталған командаларының ел біріншілігінде биік белестерді бағындыруына демеуші ретінде күш салған кездері әлі күнге дейін көз алдында.

Міне, ғұмырдария өз арнасымен ағып барады. Сол асау ағыс екпінімен сай саладағы тіршілік атаулының бойына нәр беріп келе жатқан Рахым Көлбайұлының ғұмыры, бойындағы күш-қуаты бір отбасы немесе әулеттің өркендеуіне емес, төңірегіндегі тұтас халықтың тіршілігін түзеуге арналып келеді. Бір мекемеде жарты ғасыр еңбек ету бірінші еңбекқорлық пен табандылыққа байланысты. Қоршаған ортасына шарапатын шашып, оның әлеуетін көтеру жолындағы қызметі нағыз азаматқа тән болмыс деп сөз түйіндеуді жөн көрдік.