МӘМС ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ ТАПСЫРЫЛДЫ
Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың қатысуымен тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қамту шаралары туралы жиналыс болып өтті. Жиынға дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысты.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық емхананың бас дәрігері Бақыт Стамқұлов баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше аталған МӘМС жүйесіне енгізу бойынша облыс көлемінде аудан көрсеткіші төмен екенін жеткізіп, осы бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру керектігін алға тартты.
Сонымен қатар, МӘМС жүйесінің талаптарын кеңінен түсіндіріп өтті. Медициналық ұйымдар заң талаптарына сәйкес, Қор филиалы жолдаған МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар тізімін учаске бойынша бөліп, мәртебелерін анықтап, ауылдық округ әкімдеріне және аудан әкімінің ұйымдастыру бөліміне ақпарат ұсыну керектігі айтылды. Жүкті және фертильді жастағы әйелдер тіркелімі ақпараттық жүйесіне деректерді тұрақты енгізуді қамтамасыз ету, науқасты тұрғылықты мекен-жайы бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығы немесе емханаға тіркелуі қажет екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, ауылдық округ әкімдеріне медициналық мекемеден жолданған мәртебелерін анықталған МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар тізімі жұмысшы топпен өзектендіру шараларын жүргізу керектігі айтылды. Жеке кәсіпкер және шаруа қожалықтағы жалдамалы жұмысшыларды ресми тіркетіп, әлеуметтік төлемдерді тұрақты төлеу, тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қайтыс болған азаматтар туралы ақпаратты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолдау керектігін жеткізді.
Жиналыс барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев барлық тиісті бөлім басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріліп, тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.