ТҮРКІСТАНДА КҮННЕН ҚУАТ АЛАТЫН МЕКТЕПТЕР КӨБЕЙЕДІ

135

Осыған дейін Түркістан қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №23 IT лицейіне қуаттылығы 50 киловатқа тең күн электр станциясы орнатылған болатын.

Білім ұясының аумағында орнатылатын күн қуатын пайдаланатын заманауи құрылғы Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, халықаралық «Eni» компаниясының мұрындық болуымен жүзеге асты.

Енді Қазақстандағы «Шелл» концернінің қолдауымен Түркістан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылмақ.

Осыған орай,Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «Solar for Schools» жобасының жетекшілері мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрағасы Күләш Шамшидиновамен кездесіп, маңызды мәселені талқылады. Түркістан облысы әкімдігі жаңа жобаны жан-жақты қолдауға әзір. Ол туралы Сәкен Қалқаманов баяндап, жоба жетекшілерімен тығыз байланыс орнатылатынын жеткізді.

«Шелл» компаниясы осыған дейін Нұр-Сұлтан, Орал, Атырау, Алматы қалаларындағы білім ошақтарында осындай күн станцияларын орнатқан.

Бұл жоба өскелең ұрпақтың оқуға деген қызығушылығын арттыруға және баламалы энергия көздерінің жаңа мүмкіндіктері жайында хабардар етуге бағытталған. Оқушылардың экологиялық мәдениетін көтеру, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу үшін де маңызды. Күн жүйелері мектептердің энергия тұтынуын төмендетуге мүмкіндік береді және бұл жасыл экономиканың жаһандық мәнін дәлелдейтін көрсеткіш. Жоба жүзеге асқанда оқу орны тұтынылатын электр энергиясын жылына 30%-ға дейін үнемдейді. Әрі оқушылардың зертхана орталығына айналады.

Түркістан өңірі еліміз бойынша мектеп санынан да, бала туу көрсеткіші бойынша да көш бастап келеді. Облыс аумағында 900-ден астам білім ұясы бар. Осы орайда жаңа жобаны ауылдық жерлердегі мектептерде де орнату мәселесі қарастырылуда.