ТҮРКІСТАН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ, ДОСТЫҚ МЕКЕНІ ЕКЕНІН АЙҒАҚТАДЫ

188

Наурыздағы Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында аймақтардың қуатты болуына байланысты екендігін ерекше айтып өтті.

«Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды. Бұған дейін Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та, дұрыс қадам болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім», — деді.

Түркістан соңғы төрт жыл көлемінде ерекше жетістіктерге жетті. Яғни, екінші тынысы ашылып, ғажайып шаһарға, түркі дүниесінің орталығына айналып келеді. Түркістан көп — ұлтты шаһар. Оның көп ұлтты тамыры сонау көне замандардан бастау алады. Тарихи дамудың әртүрлі кезеңдерінде еліміздің аумағында тұратын халықтардың қайта-қайта қоныс аударуы, жойқын соғыстар, күштеп қоныстандыру – осының барлығы демографиялық процестерде көрініс тауып, тағдырлас халықтардың ынтымақтасуына әкелді.

Түркістанда ондаған ұлт пен ұлыс өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруінің негізі – заңның үстемдігі, әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік, халқымыздың қонақжайлылығы, кең пейілділігі болып табылады. Ғасырлар бойы халқымызбен иық тіресіп, тілі мен тарихы, рухани құндылықтары жақын тамырлас халықтар еліміздің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесі де теңдессіз. Мұндағы әртүрлі ұлт өкілдерінің арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастың негізі – мәдениеттердің ұқсастығы, өзара түсіністік пен сенім.

— Түркістанда 1992 жылдан, яғни туылғаннан бері тұрып келе жатырмын. Осында өзбек мектебінде білім алдым. Мұнда өзге ұлт өкілдері қазақтармен тең құқылы. Қазақстанды өз Отаным деп санаймын. 5-маусымда өз сайлау учаскеме барып референдумға дауыс бердім. Елдің тыныштығынан асатын нәрсе жоқ», – дейді қала тұрғыны Мукаддас Мирзахметова.

Бұл осында тұратын барлық ұлттардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, тілдері құрметтелетіндігін, олардың дамуына барлық жағдай жасалғандығын айқындайды. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде 17 ұлт өкілдері білім нәрімен сусындауда.

Бүгінде қаламызда тұрып жатқан әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері экономика мен әлеуметтік саланың, ғылым мен мәдениеттің түрлі салаларында нәтижелі еңбек етіп, елімізді нығайтуға елеулі үлес қосуда. Түрлі ұлт өкілдері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», тату-тәтті өмір сүрсе, елдің берекесі артып, тұрмыс-тіршілігі көркейері сөзсіз.

Жолдаудағы айтылған тапсырманы нақтылы жүзеге асырудың тетігі енді референдум қорытындысы шыққан соң басталды. Референдум нәтижесінде Түркістан облысының оза шабуы, елдің тұрмысы мен әл ауқатының жақсарып келе жатқандығын көрсетеді. Алдағы үлкен жоспарлардың жүзеге асыру үшін ұлттар мен ұлыстардың тыныштығы, береке-бірлігі қажет.