ҚОНАҚ ҮЙ ҚЫЗМЕТІ БАҒАСЫНА САЙ МА?

289

Байқағанымыздай, қаламыз облыс орталығы болғалы қарыштап бой көтерген құрылыстардың біршамасын қонақ үйлер құрайды. Бұл әрине, Түркістанға келетін туристер санының жыл сайын артып жатқанының айқын көрінісі. Демек, турист көп болса, қонақ үй де жеткілікті болғаны, сонымен қатар ең бастысы сапасы да соған сай болғаны абзал. Осыдан сәл ғана бұрын үлкен қалалардағы қонақ үйлердің сыртқы келбеті, тіпті олардың теледидардағы көрінісінің өзі талайымызды тамсандырушы еді. Бүгінде бәрі қадам аттасаң көз алдымызда.

Сонымен қаламызда үлкенді-кішілі, арзанды-қымбатты 50-ден астам қонақ үй бар. Олар орналасқан орындарына, бағасы мен көрсетілетін қызмет түрлеріне қарай бөлінетіні белгілі. Әлбетте қонақ үй бизнесінде бәсекелестіктегі басымдықтарды арттырудың басты жолдарының бірі басқаларға қарағанда барынша жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсету. Осыған орай тұтынушы алдымен сайт бетіндегі жарнамадан қызмет көрсетушіні таңдайды, сонан соң олардың ұсынған қызметін күткендерімен салыстырады. Егер де көрсетілген қызмет көңілден шықпаса, міндетті түрде сайтта шағым-пікірін қалдыру арқылы ойын білдіреді, ал күткендегідей болса әрине, болашақта тағы келеді әрі келушілерге ұсына жүретіні анық. Әзірге бәсекелестік жағынан қаламызда «Hampton by Hilton» қонақ үй кешені, «Rixos Turkestan», «Grand Khanaka», «Silk Way», «Royal Grand», «Karavansaray Kaganat», «Ramada Turkestan», «Эмир Плаза» қонақ үйлері көш бастап тұр. Олар біріншіден, айналасындағы жаңадан салынған әсем көріністермен көз тартса, екіншіден соңғы үлгідегі жоғары дәрежелі қонақ үйлер. Мұнда әдемі бөлмелермен қатар on-site entertainment (сайт бетіндегі жарнама), тегін таңғы ас, күнделікті тазалау, лифт, Wi-Fi, су спорты, массаж, сауна, спа, фитнес орталығы, экскурсия, автокөлікті тегін қою орындары, кафе-ресторан қызметтері ұсынылады. Сондай-ақ жиналыс, конференция залдары, мерейлі даталар мен іс-шаралар өткізетін мейрамханалары бар. Алайда бұлардың бағасы «айды аспанға шығарғандай» екені жасырын емес. Мысалы, Karavansaray Kaganat қонақ үйінде тәулігіне жәй ғана 75 000-нан басталса, орналасқан бөлмедегі терезеден Керуендегі бассейн көрінісі көрінгені үшін құны он есеге (!) дейін көтеріле беретіні таңдандырды.

Сондай-ақ қаламыздағы «Hampton by Hilton» қонақ үй кешенінің қызметі де жоғары деңгейде, ол үшін белгіленген құны да аз емес. Тұтынушыларды дәмді тағамы, жанды музыкасы, қаланың ең әсем жерінде орналасқаны үшін қызықтырады.

Ал Rixos Turkestan қонақ үйінде сәнді де жайлы бөлмелермен қатар караоке бар, жабық бассейн, аумақта, бөлмелерде тегін интернет сервистері қызметі үшін тәулігіне 60 000-нан және одан жоғарылай береді.

Жақында ғана ашылып, пайдалануға берілген Ramada Turkestan қонақ үйінің қызметіне де алғыс айтушылар аз емес. Мұндағы ресторан, жалпы лаундж, спа-салон, сауықтыру орталығы келушілердің көңілінен шығып үлгерді. Комплекс аумағында банкомат ашық. Тамақ, сусындар нөмірге жеткізіледі. Тіпті валюта айырбастау қызметі де қарастырылған.

Жалпы барлық жоғары сапалы қонақ үйлерде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталу міндеті жайлы айтудың өзі артық. Бұл басты орында. Күтуші персонал да қазір айтарлықтай білікті, арнайы оқу курстары мен өзін-өзі дамыту арқылы олардың қызметіне аса көп шағым жоқ.

Соңғы үлгідегі қонақ үйлермен қатар қаламызда бұрыннан қызмет етіп келе жатқан қарапайым қонақ үйлер баршылық. Олар да облыс атына «кір келтірмей» қызмет етудің бар жолын қарастырып жатқаны байқалады. Атап айтсақ, «Эдем», «Евразия», «Алтын ұя» т.б. қонақ үйлер шағын қызметімен, ең бастысы санитарлық-гигиеналық талаптарымен, сыпайы қызмет көрсету персоналымен халық көңілінен шығуда.

Сонымен қаладағы біршама қонақ үйлердің бағасы мен қызметіне шамалап шолу жасай келе, облыс мәртебесіне ие қаладағы аталмыш қоғамдық орындардың бағасы шарықтап тұрғаны шындық. Бұл қалтасы көтеретін, жоғары лауазымды қызметкерлерге аса ауыр тие қоймас. Ал, сонау алыстан Ясауи бабаның басына тәу етіп қайтуды мұрат еткен немесе шаһарға шаруаларымен келіп қайтатын қарапайым жандардың басым бөлігінің қалтасына оңай соқпасы анық. Мұндайда оларға ыңғайлы, бағасы да қолайлы хостелдер қызметі бар. Бұл орындар өз деңгейінше қызмет етуде. Олардың қатарында Шымкент трассасы бойында орналасқан «Болатбек», Т.Рүстемов көшесіндегі «Руми», Б.Саттарханов даңғылындағы «Караван» хостелдері бар. Мұнда да келушілерге асхана, автотұрақ, интернет, кір жуу орындары қызметі ұсынылған әрі қалтаға қолайлы.

Десе де, үлкен қалалардан келіп, түрлі қонақ үйлерді көрген «тісқаққан» тұтынушылардың айтуынша, «Отандық қонақ үй сервисі мен қызмет көрсету сапасы жоғарғы дәрежеде деп айтуға әлі ерте. Әсіресе персоналдың қызмет көрсету сапасына мол дайындық қажет», — дейді.

Расында, мейманхана шаруашылығын дамытуда мақсат еткендей биік жетістіктерге жету үшін осы сала мамандарының білім деңгейін, қызмет түрін арттыру ешқашан артықтық етпейді. Бұл саладағы қызмет адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас екені белгілі. Сондықтан қонақтардың көңілінен шығатындай қызмет ету үшін жоғары дәрежеде қызмет көрсету қажет. Туристер үшін аз уақытқа болса да қонақ үй ақылы өз үйі болып саналады. Ал үйде адам өзін жақсы сезініп, бар жағдайы жасалып тұрғанын қалайды. Міне, сол үшін бұл салада біліктілігің мен тәжірибелігің аса қажет. Осыларды ойдағыдай орындап, қонақ мейлінше риза болып қайтса, оның ойында тек қонақ үй туралы ғана емес, бүкіл қала туралы жақсы ой-пікір қалыптасып, көкейінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз.