МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ ПОЛИЦЕЙЛЕР АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ ЭСТАФЕТА ӨТТІ

225

«23-маусым Қазақстан полициясы күнін» мерекелеу, сондай-ақ ҚР Ішкі істер органдарында дене шынықтыру мен қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамыту мақсатында, Түркістан облысы Полиция департаменті бөліністерінің командалары арасында «Полиция эстафетасы» өтті. Төлеби ауданы Леңгір қаласы стадионында ұйымдастырылған спорттық сайыста түрлі қашықтықтарда жүгіру, МТ және КА маркалы қаруларын бөлшектеп, одан кейін қайта жинау бойынша жарыс ұйымдастырылды.

Осы жарыста жүлделі І-орынды департамент аппаратының командасы, ІІ-орынды Төлеби аудандық полиция бөлімінің командасы, ІІІ-орынды Түлкібас аудандық полиция бөлімінің командасы иеленді. Ал «Макаров» тапаншасынан оқ ату жарысында ерлер арасында жүлделі І-орынды полиция капитаны Берік Шербаев, ІІ-орынды полиция лейтенанты Сұлтан Ауелбек, ІІІ-орынды полиция сержанты Мейрамбек Сарсенов иеленді.

Сонымен қатар «Макаров» тапаншасынан оқ ату жарысында қыздар арасында жүлделі І-орынды полиция майоры Мөлдір Естемесова, ІІ-орынды полиция аға лейтенанты Айнұр Ақжігітова, ІІІ-орынды полиция лейтенанты Жанат Туреханова қанжығалады. Осылайша жарысқа қатысушы полицейлер салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа деген бейімділіктерін арттырды. «Дені саудың –тәні сау» дегендей, полицейлерден құралған командалар бір-бірінен шеберліктері арқылы асып-түсіп, жеңіске жету үшін барын салды.

Тартысты ойын өрнегін көрсеткен жеңімпаздар Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің арнайы «Алғыс хатымен» марапатталып, бағалы сыйлықтар иеленді. Осы тұста ел мен жердің қауіпсіздігін күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылап отыратын, жалпы түрлі қылмыстарды болдырмауға, алдын алуға қызмет ететін полицейлерді мерекелерімен құттықтаймыз!