ТҮРКІСТАНДА ЭТНОМӘДЕНИ ЖӘНЕ ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕР ӨКІЛДЕРІ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

130

Бүгін Түркістан қаласы «Басқармалар үйі» ғимаратының мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа — жол жоқ» тақырыбында облыстағы этномәдени және діни конфессия өкілдерімен дөңгелек үстел өткізілді.

Жиынды Түркістан қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы жиынның негізгі мақсаты – жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Дөңгелек үстел барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет қоғамда белең алған бұл індеттің алдын алып, жұмыла күресуге шақырды. Ол өз сөзінде Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жобаларға, Жолдау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге, жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде жан-жақты түсіндіріп өтті.

Басқосуда дін және түрлі этнос өкілдері қауіпті індетпен күресу тек мемлекеттік мекемелердің жұмысы емес, онымен бүкіл қоғам болып күресу қажеттігін, сондықтан еліміздің өркендеуі жолында игі амалдарды жасауға және жемқорлық індетімен белсене күресуге дайын екендіктерін жеткізді. Бұл ретте Түркістан қаласының бас имамы Мұхаметжан Жұмадуллаев, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикрулла Юсупов, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Розмет Камолов, сондай-ақ Түркістан қаласындағы жергілікті православиелік діни бірлестігінің жетекшісі Виталий Смольянов, қалалық Нәзір Төреқұл мешітінің имамы Әлібек Жұрқабаев жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша тұшымды ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әрі рухани-адамгершілік жағдайын қалыптастыруда дін өкілдерінің алатын орны ерекше екендігін тілге тиек етіп, бұл бағытта жемқорлыққа қарсы түсіндіру шаралары тұрақты түрде жүргізілетінін жеткізді.