“АЛАҚАНЫН БАСҚАҒА ЕМЕС, БАТАҒА ЖАЙҒАН ӘКІМ БАҚЫТТЫ…”

279

Түркістан-ізгілік мекені. Ізгілікті мекенде игілікті істердің атқарылуы заңдылық. Бүгін 1-қазан Қарттар күніне орай Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков көне қаланың көнекөз қарияларын құрметтеп, ерекше орталық ашып берді.

“Белсенді ұзақ өмір” орталығында зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, ЛФК кабинеті, еңбек терапия, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән т.б үйірмелері қызмет етеді.

Бір қолданысы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады. Қазіргі таңда Түркістанда 14 915 зейнеткер бар. Орталықта күніне 60-70 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Орталықтың ашылуына қатысқан Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарияларға:

— Бүгінгі бейбіт күніміз — Сіздердің кешегі еңбектеріңіздің жемісі. Баршаңыз кейінгі ұрпаққа жайлы орта үшін тер төктіңіздер, енді біз Сіздерге қызмет етеміз. Мен мүмкіндігінше жиі келіп, өздеріңіздің жағдайларыңызды біліп тұрамын, — деді.

Мереке күнгі тартуға риза болған қариялар игі іске ұйытқы болған азаматтарға ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады. Риза болған қариялардың балаша қуанғанын көрдік. ”Айналайын Нұрбол балам, алақаныңды жай, бата берейін деп, әкім мен жиылған жұртқа “көп жасаңдар!” деген баталы сөз естідік. Иә, алақанын басқаға емес, батаға жайған әкім бақытты…

“ARA-ақпарат”