ШЕТЕЛДІК СУРЕТШІЛЕР ТҮРКІСТАНДЫ БЕЙНЕЛЕДІ

273

Суретші деген халық бар. Түстер мен қиялды байланыстыратын, түпсанадағы көріністерді бей­нелейтін, қас қағым сәттерді санасына скриндеп, соңынан шедевр дүниелер тудыратын керемет өнер иелері.

Бүгін «Qazaqstan A. la prima» форумдары сериясының аясында екі аптаға созылған «Nauryz in Turkistan» Халықаралық суретшілер форумы өз мәресіне жетті.

Жобаға Армения, Польша, Түркия, Германия, Нидерланд, Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Бурятия, Қазақстан елдерінің 20-ға жуық танымал кәсіби суретшілері қатысты. Қылқалам шеберлері 13 күнге созылған уақытта Түркістан өңірінің киелі орындарына саяхаттап, табиғат бояуларын көңіліне көшіріп, тарихтың қатпар-қатпар сырларымен танысып, ақ парақтарына айшықтап, ғажайып картиналар салды.

20-ға тарта суретшілердің осы уақыт аралығында салған туындыларын қаламыздағы «Farab library» кітапханасында форумның жабылу салтанатына орай, көрмеге қойылды. Бабтардың бабы Арыстан бабтан басталған керемет кескіндемелер Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран, Отырар көне қалаларымен жалғасып, қаламыздың көз тартар әсем көріністерін де кенепке сұлу күйінде бейнелеген. Бұл өнер туындылары Түркістанның ғана емес еліміздің алтын қорына қосылған асыл қазыналар болмақ!