ТҮРКІСТАНДА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

377

Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болып өтті. Жиынды қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов пен халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жолаева ашып берді.

«Құрметті қала тұрғындары екі қолға бір күрек тауып берудің басты көрінісі бұл бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Бүгінгі шарада 71 кәсіпорын мен мекемелерден, 112 мамандық бойынша 910 бос жұмыс орындары ұсынылған. Атап айтатын болсам қарапайым жұмысшыдан бастап, шаштаразшы, кондитер, дәнекерлеуші, жүргізуші, тігінші мамандықтары мен кеңсе қызметтері де көрсетілген. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауға, ал жұмыс іздеп келген азаматтар мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндіктері көп. Баршаңызға сәттілік тілеймін», — деді қала әкімінің орынбасары Талғат Төлегенов.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің басты мақсаты – халық арасындағы жұмыссыздық санын азайтып, сапалы мемлекеттік қызмет ұсыну болып табылады. Халықты жұмыспен қамтудың 2022 жылға арналған жоспарына сәйкес, «Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» аясында 500 түлекке жастар практикасы, 240 азаматқа әлеуметтік жұмыс орындары, 500 тұрғынға қоғамдық жұмыстар, 30 азаматқа алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру көзделіп отырған көрінеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау шаралары мен жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырушы 273 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 225 200 тг) қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттарын қарастыру жоспарланған.

Жәрмеңкеде Түркістан облысы бойынша экономист, бухгалтер, бастауыш сынып мұғалімі, кеңсе мамандары, тәрбиеші, заңгер, орыс тілі пән мұғалімі, мейірбике секілді мамандықтардан бос жұмыстар орны көптеп қарастырылған. Сонымен қатар, Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары бойынша мәліметтер де берілді. Павлодар облысынан 61 жұмыс берушілерден 506 бос жұмыс орындары ұсынылған. Олардың ішінен көбінесе дәрігер, мейірбике, аспазшы, көлік жүргізуші, электрик секілді мамандардың тапшылығы байқалады.

Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» барысында көрсетілетін жұмыспен қамту шараларына жыл ағымында қаламыздан 2876 тұрғын жүгініп, олардың 2338-і ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 1262 азаматқа жұмыспен қамтудың белсенді шаралары көрсетілген екен. Жылдың үш ай ағымында 538 азамат қоғамдық жұмыстарға жолданса, 99 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылып, 625 тұрғын тұрақты жұмыс орындарына жіберілген. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы бос жұмыс орындарының квотасы әзірленіп, 24 жұмыс беруші мекемеден 77 бос жұмыс орындары қарастырылған. Жыл ағымында мүгедектігі бар 39 азамат орталық тарапынан жұмыспен қамтылған.