ТҮРКІСТАНДЫҚ ВОЛЕЙБОЛШЫЛАРЫМЫЗ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

241

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің спорт залында 2003-2004 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты мәреге жетті.

Салауатты өмір салтын сақтау, жастар арасында өзара достық қарым-қатынасты нығайтуды көздеген ел біріншілігінде І орын Түркістан облысының өрендеріне бұйырды. Жүлделі ІІ орынды Қызылорда облысының жастары қанжығасына байласа, ІІІ орын Шымкенттен келген жас волейболшылар еншісіне жазылды. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға диплом, медаль және естелік сыйлықтар табысталды.

— Әуелі ел біріншілігінің ойдағыдай өтуіне барлық мүмкіндіктерді қарастырған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің әкімшілігіне (ректоры Жанар Темірбекова), №3 ОРМБЖСМ ұжымына (директоры Шадияр Қондыбаев) үлкен рахметімді айтамын. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты 4 жас арасында өтті. Ең кішкентай 2009-2010 жылы туған балалар Көкшетау қаласында, 2007-2008 жылы туған балалар Жаңақорған ауданында, 2005-2006 жылы туған балалар Павлодар қаласында және 2003-2004 жылы туған жасөспірім ұлдар Түркістан қаласында ойнады. Команда сапындағы жігіттердің барлығы университетіміздің 1-2-ші курсында оқиды. Айта кетерлігі, олардың дені көпшілігі қаламызға іргелес ауыл және аудан жастары. Он жылға жуық ҚР Білім министрлігіне ұсынысымызды жеткізіп, өткен жылы бірінші рет студенттік лиганы ұйымдастырдық. Студенттік лига дегеніміз жоғары оқу орындары арасында өтетін чемпионат болып табылады. Өткен жылы волейболдан ақтық ойын біздің қаламызда өтті. Биыл екінші рет өтетін аталмыш жарысқа спорттың 7-8 түрін қосып отырмыз. Осыдан 25 жыл бұрын Түркістан медициналық колледжі базасында волейболды дамыту бойынша жұмыстарды қолға алған болатынбыз. Мүмкіндікті пайдаланып, сол кездегі аталмыш колледж директоры Сайлаубек Шалхаровқа бізді қолдағаны үшін ерекше ризашылығымды білдірімен. Бүгінде осы еңбектеріміздің жемісін көріп отырмыз. Нәтижесінде түркістандық волейболшылар еліміздің әр өңірінде ойнап жүр. Дарынды спортшы, білікті бапкер, волейболдан елімізде тұңғыш рет КСРО спорт шебері атанған Октябрь Жарылқаповтың ізбасарлары өсіп келе жатқанынан қуаныштамын, -дейді ХҚТУ-нің волейболдан жаттықтырушысы, ҚР Құрметті спорт қайраткері Марат Божбанбаев.