ДАРЫНДЫ ЖАСТАРҒА ӘРДАЙЫМ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Шаһардағы «Ұлы Дала Елі» орталығында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мектеп оқушыларымен кездесті.
Елдің ертеңі саналған жас толқынмен кездесуде әкім өткен балалық шағынан тамаша естеліктер айтты. Кездесу ең әуелі «Қандай оқушы болдыңыз?», «Мектепте неге қызығушы едіңіз?» дейтін сарындағы сұрақтар желісінде өрбіді.
«Жастық шақта бойға сіңірген тәлім, алған білім, жетістікке деген ұмтылыс — ертеңгі жетістіктің негізі. Сіздерге тек ата-аналарыңыз, бауырларыңыз, ұстаздарыңыз ғана емес, ел сенім артады. Сондықтан, біз Сіздердің алаңсыз білім алуларыңызға жұмыс жасаймыз, ал Сіздер жаңалыққа құштарлықтарыңызбен әлемді мойындатуға ұмтылыңыздар», — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Кезекті басқосу барысында кей оқушылар әлеуметтік өзекті мәселелер бойынша да ұсыныстарын жеткізді. Арасында өз армандарын, келешекке деген сенімдерін ортаға салды. Сөз соңында шаһар әкімі жастарға ақ жол тілеп, барлық жетістік бала арманнан бастау алатынын, дарынды жастарды қолдауға әрдайым дайын екенін атап өтті.