ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ: «ЫНТЫМАҚТЫ ОРТАДА БЕРЕКЕ – БІРЛІГІМІЗ НЫҒАЯДЫ»

217

Жаңаөзеннен басталып, Алматыдағы қанды қырғынмен аяқталған жай өте қатты ойға қалдырды. Соның салдарынан ондаған мың жастарымыз қамалып, біразының үстінен қылмыстық істер қозғалуда.

Бұл мәселеленің түп-төркініне үңілер болсақ, отыз жылдан бері қордаланған жайлар баршылық. Оның ішіндегі аса маңыздысы жастарымыз бен жас отбасыларымыздың өз орнын таба алмай, жұмыссыз және үйсіз-күйсіз жүргеннен әбден қажып жүргендері бар. Оны жасыратын жай емес. Жұмыспен қамту орталықтарының атқарып отырған қызметі жанашырлықпен емес, Үкіметке есеп беру мақсатында болған нәрсені еселеп көрсету баяғы Кеңес кезіндегідей «жалған ақпар» беру әлі күнге жалғасып келеді. Мұны кеше ғана Мемлекет басшысы қадап айтты. Айлық жалақысы 50 мың теңгеден аспайтын жастарымыз бар. Осыған орай, жаңадан құрылған «Отбасы банкінің» тұрмысы төмен жандарға екі пайыздық үстемемен пәтер алып беру, мемлекеттік мекемелердің жалдамалы үйлерді өз балансына алып, қызметкерлеріне жеңілдікпен жалға беруі әбден құптарлық жай.

Оның сыртында Мемлекет басшысының пәрменімен құрылған «Қазақстан халқына» қорына жүз миллиардтан астам қаржы түсті. Еліміздегі алпауыт компаниялардан және осы жылдары аса байыған жандардан талап еткен жөн. Қарапайым мемлекеттік қызметкерлердің қалтасын қағуымыз жөнге келмейді.

Қордың қаржылық қызметін ашық жүргізуді қоғамдық негізде бақылап отырғанымыз жөн.

Менің бір қуанарлығым кешегі қанды қырғын кезінде түркістандықтардың сабырлылық сақтағандығы. Бұл жағдайымыздың жақсарып келе жатқандығын көрсетеді. Үлкен де кіші де түркі дүниесінің төркіні Түркістанды дамытуға, жаңғыртуға жанқиярлықпен атсалысуымыз керек. Ынтымақты ортада береке — бірлігіміз нығаяды.