«ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫМЕН ҚАТАР КӨРКЕЮІ ТИІС

292

Жас кезіңізде көз алдыңызда қалған ең әдемі естелік қайсы десе, мен ата-анамның, аға-әпкелерімнің газет парақтап оқып отырған сәтін елестетер едім.

Қандай жылы естелік! Пошташы Тамара тәтейдің топтап әкеліп, жәшікке салып кететін газеттерін біз асыға күтуші едік. Кейде арасынан алыста оқитын студент әпкелерімізден келген хатты көрсек, ол нағыз қуанышты күн болатын. Көптеген басылымдардың ішінде «Түркістан» газеті көзге оттай басылатын. Туған қаламыздың жаңалықтары, арамызда жүрген еңбекқор ата-апаларымыз туралы қызықты материалдар, қажет мәліметтер…

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген А.Байтұрсынов, бірлік пен татулықты ту етіп, билік пен халық арасындағы алтын көпір секілді кіршіксіз қызмет етіп жүрген газеттің еңбегі зор. Кейде сол газетті оқып өсіп, еңбек адамдарын бағалауды үйренген шығармыз деп ойлаймын.

Кейіннен тәжірибеден өткен «Түркістан» газетіммен тығыз байланыс орнаттым. Ол жерде еліне, туған жеріне жанашыр көптеген асыл азаматтардың қандай еңбек жолынан өткенін көрдім.

Бүгінде ең өкініштісі, көпшілік газет оқи бермейтін болды. Телефонға арқа сүйеп кеттік. Ал телефоннан оқыған жаңалықтар газеттен оқығандай болмайтыны белгілі. Ендеше, жаңалықтың жаршысы — газеттің жойылуына, жәйлап ұмытылуына жол бермейік. Өйткені «ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІН СІЗДІҢ АТАЛАРЫҢЫЗ, ӘЖЕЛЕРІҢІЗ, ӘКЕЛЕРІҢІЗ, АНАЛАРЫҢЫЗ ОҚЫДЫ. Сіз де газетпен бірге өстіңіз. Енді балаларыңыз да оқысын, немерелеріңізге жалғассын. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жергілікті «Түркістан» газетін оқуды, оған жазылуды өзіңіздің азаматтық һәм перзенттік парызым деп санаңыз! Жазылып қана қоймай, балаларыңызға оның тарихы, тыныс-тіршілігі жайлы айтып, қызықтырыңыз, оқуын талап етіңіз!

Ия, ғасырға жуық тарихы бар «Түркістан» газеті Түркістан қаласымен қатар көркеюі, бірге гүлденуі, бірге тыныс алуы тиіс. Екеуі егіз ұғым. Туған жерімізді көркейтуге, төл газетімізге жазылуға үлес қосайық, қымбатты оқырман!