ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘМІР ТЕМІР АТЫНДАҒЫ №3 ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНДЕ «ҚОЛА ЛАУХАЛЫ ТУ» КӨРМЕ — ДӘРІС ӨТТІ.

261

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсоводы Гаухар Жүзбаева жүргізген тарихи-танымдық дәріс барысында ортағасырлық тарихи құнды мұрағаттардың бірі — Әмір Темір дәуірінен сақталған лаухалы ту жайлы толыққанды мәліметтер берілді.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық — музейінің қорындағы тудың сабы ағаштан жасалынып, жасыл түсті бояумен боялған. Оның ұзындығы 8 метрге жуық, лаухасы, яғни ұшы қоладан құйылған. Биіктігі – 98 см, салмағы 5 келіні құрайды.

«Лауха» сөзі – жазу жазылған тақташа мағынасын береді. Лауханың құйылуы мен оюларынан, өрнектеліп жазылған араб, парсы жазуларынан кесенедегі ортағасырлық қола бұйымдардың құйылу технологиясына тән ортақ тақырыптық, идеялық, символдық біртұтастықты, ұқсастықты аңғаруға болады. Лауханың мойындығының құрылымдық пішімінде шырағданмен ұқсастық айқын көрінсе, сүйірленген жапыраққа ұқсас негізгі бөлігінің пішіні және қошқар мүйіз оюларымен аяқталуы есік алқасы мен Тайқазанның тұтқасына ұқсайды. Лауханың басындағы үлкен оюмен ұштасқан ұзын ұштарының ортасында екі жағынан бірдей оқылатындай етіп «Алла» сөзі ойылып жазылған.

Осы «Алла» сөзін жиектеген екі қошқар мүйіз оюдың ұзын ұштықтарының А бетіне «кәлима шәхадат» пен Алла Тағаланың есімі жазылған. Лауханың ұшындағы қошқар мүйіз оюдың екі жаққа шиырылған ұштарының екі бетінде төрт халифаның аттары жазылған.

А БЕТІНДЕ: Әбубәкір Сыддық, Омар Фаруқ.

Б БЕТІНДЕ: Осман Аффан, Әли әл-Мұртаза.

Негізгі бөліктің ортасынан симметриялы түрде екіге бөліп, екі бетінен де оқуға болатындай ойылып, өсімдік тектес өрнекпен әшекейленіп сулс қолтаңбасымен былай деп жазылған: «қазақ тіліндегі мағынасы) – Мұхаммед, Әли Алланың нығметі!

Дүниеге шапағатшы, әрі ілімнің кені, қаласы болып келген Пайғамбар мен сол ілімнің қақпасы – Әзірет Әліні Құдайдың берген нығметі деп түсіндіреді. Сонымен қатар бұл жазуды ілімнің өскелең рухын, шапағат етер нұрын паш етіп, екі дүниеде де бақытқа бастар қасиетіне ишаралайтындай өсімдік тектес өрнекпен айшықтап, екі жақтан оқылатындай ойып жазылған ашық көрінісімен айқындап, симметриялық үйлесіммен бейнелейді. Негізгі бөліктің ұштала біріккен жалпақ жиектерінінің А бетінде: (қазақ тіліндегі мағынасы):

Иә, Алла! Мұхаммед Мұстапаға, Әли әл-Мұртазаға, және Хасан әл-Мүжтабаға, Кербалада шейіт болған Хусайынға, Әли Зайн ал-Абидинге, Мұхаммед әл-Бақырға, Жағыпар әс-Садыққа, Мұса әл-Казымға, Әли әр- Ризаға, Мұхаммед әт-Тақиға, Әли ән (Нақиға), әл-Жауад Хасан әл-Аскариге, Мұхаммед әл-Махдиге игілік бер! Және нәбилердің ең соңғысы, әрі пайғамбарлардың басшысы, барлық әлемді жаратқан Алланың елшісі, Мұхаммедке игілік болсын!

Пайғамбар әулеттерінің есімдері Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар мен Әзірет Әлі есімдері айшықталған негізгі өрнекті көмкере жиектей жазылған. Оларды құрметтеу, үлгі-өнеге тұтты, ғибратты өмір мен істерін насихаттап жыр, хикметке қосып халыққа жеткізу, оларға салауат жолдап, дұға тілеу дәстүрімізде үзілмей жалғастық тапқан, бүгінге жеткен игілікті салтымыз.

Лауханың негізгі бөлігінің Б бетіндегі оң жақтаудағы жазу: парсы тілінде қазақша мағынасы: «… Бұл әлемдегі шайхтардың басшысы, хазрат Хақтың (Алла тағаланың ) досы, алауи (Әзірет Әліден тараған ұрпақ) Шайх Ахмет Ясауидің ханакасының туы!»

Ту ұшының ағаш сапқа бекітілген мойындығында кесенедегі шырағдандардың жазуларына ұқсас араб жазуы бар. Олар өсімдік тектес оюмен өрнектеліп, 18 см ұзындықта сулс қолтаңбасымен бедерленген. Ол жерде «Құрметті сұлтан, патша, ғалым, сөзіне ісі сай, әділетті Әмір Темір Көреген» деген жазу бар.