ТҮРКІСТАНДА «ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАЙТЫН ХАЛЫҚ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

292

Бүгін Түркістанда «Ескерткіштерді қорғайтын халық» халықаралық конференциясы басталды. Маңызды басқосуға ЮНЕСКО-ның бастамасымен әлемнің 20 елінен 60 халықаралық сарапшы жиналды.

Үш күн бойы 400-ден астам делегат ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра объектілерін басқару, сақтау және қалпына келтіру, туризм маркетингі және Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен еңбектерінің түркі халықтары үшін рөлі мәселелерін талқылайды.

Конференцияға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, Қожа Ахмет Ясауидың ұлт руханияты үшін маңызды тұлға екенін айтты. Ежелгі Түркістан жері «Түркі әлемінің бесігі» мәртебесіне ие болуы заңдылық.

Ясауидің мұрасы Қазақстаннан тыс елдерде де белгілі. Адамзаттың шабыт көзі бола отырып, ол рухани ойлар үшін азық беріп қана қоймай, ғалымдардың ұрпағын тәрбиелеудің негізіне айналды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2003 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу және сақтау жұмыстары сөзсіз жалғасады. Конференцияға қатысқан ғалымдар осылай ой қозғады.

Конференция Түркістан облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, халықаралық серіктес ұйымдар мен университеттердің және «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығының жан-жақты қолдауларымен ұйымдастырылды.

«Ескерткіштерді қорғайтын халық» конференциясы «Ясауитану» ғылыми бағытының жетістіктері мен даму перспективаларын талқылау және пікір алмасу үшін түрлі бағыттар мен мектептердің ғалымдарына платформа ұсынды.

Пленарлық отырыстарда тарихи қалалық ландшафттар: туризмді дамыту және нысандарды сақтау жолдары қаралды. Ескерткіштер мен оларды сақтау, тағы басқа тақырыпта сессиялар өтті.

Ал 27 қазан күні «Киелі туризм саласындағы білім беру мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығы», «Түркі халықтарының мәдениетіндегі рухани қабаттар», «Киелі мұра объектілерін сақтау, қалпына келтіру, құжаттаманы жүргізу», «Ортағасырлық қолжазбаларды зерттеу» тақырыптары қамтылады.

Сондай-ақ қатысушылар басқару бойынша «ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны үшін жоспар менеджментін әзірлеу (менеджмент жоспарын әзірлеуде HUL тәсілдерін қолданудың)» практикалық семинарына қатыса алады.