«ДИКИЙ АРМАН» БЕЙБІТ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚОНАҚҮЙЛЕРДІҢ ПАРКИНГІНДЕ КҮШПЕН ҰСТАҒАН – БАС ПРОКУРОР

330

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте қаңтар оқиғасында Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің қандай қылмыстар жасағанын айтып берді.
«2021 жыл бойы, жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған. Мысалы, тергеу версиясы бойынша, Алматыда Жұмагелдиев (лақап аты «Дикий Арман») ерекше рөл атқарған», — деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды. Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, адамдар тобын басқаруды өз қолына алып, билікке бұлтартпас талап қою үшін «халық кеңесі» дегенді құруы тиіс болған.
«Оған Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты, сондай-ақ қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов көмектескен, ол Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйіне келуші бандиттерді қаруландырған.
«Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Халық оларға ерген жоқ. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының ұсталғаны туралы ақпарат алған соң, кейін өзін ақтап алу үшін мародерлермен күресті желеу етіп, содырларға қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылған. Сол үшін 6 қаңтарда олар қаланың әр жерінен 24 кездейсоқ адамды ұрлап кеткен, сосын «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингінде оларды ұрып-соғып, ұстап отырған. Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен. Сосын оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған. Осы фактілер бойынша тергеуді аяқтадық. Қазір құжаттар қаралуда», — деп түсіндірді Бас прокурор.