“ОЙ САНАМЫЗ “БҮЛІККЕ” ЕМЕС, БІРЛІККЕ ЖҰМЫС ІСТЕСЕ…”

266

Түркістан облысы қаймағы бұзылмаған қазақи өңір саналады. Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтей білген бұл аймақта едәуір этнос өкілдері тұрады. Қазақтың жері мен тіліне құрметпен қарайтыны қуантады. Тіліңді құрметтеген этнос өкілін неге өз бауырыңдай көрмеске?.. Құрметтейсің! Бірақ, сол өзара сыйластықты арттыратын да, өзара құрметтің құтын қашыратын да өзіміз екені рас. Тап осы мәселені билік пен бұқара бүгін май шаммен қарады. Қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша құрылған жұмыс тобы Жетісай мен Сарыағаш аудандарына жұмыс сапарымен барып, көшпелі мәжіліс өткізді. Жұмысшы топ құрамында облыстық прокуратура, ҰҚК, Полиция департаментінің басшылары мен өкілдері, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев және өзге де азаматтар болды.
Ең әуелі Жетісайда мәжіліс өтті. Жиында тұрақтылықты сақтау, ел бірлігін нығайту, қоғамдық-саяси ахуалды жақсарту бағытында келелі ойлар мен ұсыныстар айтылып, хаттамаға енгізілді. Сарыағашта өткен мәжілісте де ішкі саясат, өңірді идеологиялық қауіп-қатерлерден сақтау, ел арасында татулықты нығайту жөнінде проблемалар қозғалып, ұсыныстар айтылды. Жұмыс жоспарына енгізіліп, алдағы қадамдар сараланды.
Бұл мәжілістерге Жетісай, Сарыағаш, Мақтаарал, Шардара, Келес, Қазығұрт аудандарының басшылары мен құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты.
Елдің ішін мазалаған қандай мәселе бар?.. Көмір мен өмірден басқа не сұрақ бар?.. Этностардың көкейін не кернеп жүр? Қайтсек патриот боламыз?.. Сансыз сұраққа жауапты алыстан іздемей, халықтың арасына барып іздегені бұл да бір ақыл шығар. Ақылдың кені ой-сана! Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың тұжырымды сөзі “ой-санамыз ”бүлікке” емес, бірлікке жұмыс істесе игі”- дегенге саяды.
Ерсұлтан Әмірбек
Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы