БИЫЛ 120 МЫҢ АҒАШ КӨШЕТІН ОТЫРҒЫЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН

272

Шымкент қаласында өткен 2022 жылы 301 193 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның 40 497-сі көктем айларында отырғызылса, 160 696 ағаш көшеттері күзгі маусымда егілген. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасынан хабарлады.
Басқарманың мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінде Шымкент қаласының аумағында шамамен 3 805 000 түп ағаш бар. Оның ішінде 1 525 000 түп ағаш қала ішіндегі көшелердің бойында, шағын аудандар, саябақтар мен гүлзарларда өсіп тұр. Ал, орман қоры және жасыл аймаққа белгіленген жерлерде 2 280 000 түп ағаш бар екен.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарында жыл сайын шаһар аумағына 200 мың түп ағаш көшетін отырғызу керектігі көрсетілген. Осы жоспарды орындау мақсатында өткен жылы көктем айларында – 40 497 көшет, ал, күзгі маусымда – 160 696 түп көшет егіліпті.
Оның ішінде А.Асқаров атындағы Шымкент дендрологиялық саябағына 5 мың көшет отырғызылса, қаладағы аудан әкімдіктері көше өздеріне қарасты көшелердің бойына 35 696 көшет еккен. Тағы 120 мың көшет «Жасыл белдеу» мекемесіне қарасты жерлерге егіліпті.
Мұнан бөлек «Жасыл қала» акциясы аясында қаланың жаңа шағын аудандарында көшелердің бойына 100 мың ағаш көшеттері егілген. Мамандардың айтуынша, қалада егілген көшеттердің арасында терек, емен, үйеңкі, жиде, жабайы алма мен өрік және қарағаш бар екен.
Айта кетейік, 2023 жылға қала аумағына 120 000 ағаш көшеттерін егу жоспарланған. Қазіргі уақытта көшеттерді отырғызу жерлерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.