ТҮРКІСТАНДА ПОЛИЦЕЙЛЕР АЛАЯҚТЫҚ ҚЫЛМЫСЫНЫҢ 3 ЖАЙТЫНА ҚАТЫСЫ БАР БОЙЖЕТКЕНДІ ҰСТАДЫ

215

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс бойжеткен алдап кеткен. Яғни алаяқ кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 20 000 000 теңге алып беремін деп сендірген.
Осы қызметі үшін жәбірленушіден 6 000 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 6 айдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті бойжеткен тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Түркістан шаһарында құқықтық мәдениет және заң туралы үлкен таным қалыптастыру жолында жұмыстар легі жетерлік. Осыған қарамастан қала тұрғындары еліміздің басқа өңірлері секілді алаяқтарға алданып қалуда. Оның себебі құқықтық сауаттылықтық жетіспеушілігі. Қазақстан республикасының өз алдына тәуелсіздік алып, егемен ел атанғанына 30 жыл болды. Осы аралықта құқықтық мемлекет құру, зайырлы ел болу үшін қажетті қадамдар жасалды. Алайда азаматтардың бәрі бірдей құқықтық тұрғыдан сауатты деуге әлі ерте. Оны сотта қаралатын іс, материалдардан анық аңғаруға болады.

Құқықтық сауаттың кемдігі мен көзсіз сену азаматтардың сергелдеңге түсіп, сотта сандалуына түрткі болатын ең негізгі себеп. Мысалы көптеген азаматтар өзі танитын әріптесіне, досына, көршісіне қолхатсыз қарыз беріп, берешегін қайтара алмаған соң сот арқылы құқығын қорғайды. Бірақ сотта өз сөзінің растығын айғақтайтын бір де бір нақты дәлел, айғақ жоқ. «Бердім, қайтармады» деген бір тараптың сөзіне екінші тарап «ешқашан қарыз алған емеспін. Дәлелдесін! Дәлелдемесе, мені қаралағаны үшін сот арқылы моральдық өтемақы талап етемін» деп жатады. Мұндайда соттың қолы қысқа. Сот тек заңды басшылыққа ала отырып шешім шығарады.

Осындай деректер біздің елімізде құқықтық сауатты арттыру бағытында әлі де көп жұмыстар жүргізілуі керектігін айғақтайды. Заңнаманы түсіндіру, өз құқығыңды қорғаудың әліппесін үйрену, өзгелерге құқығыңды таптатпаудың заңдық негізін білу мектеп қабырғасынан бастап үйретілуі керек. Біздің азаматтар басына іс түскенде қай құзырлы мекемеге барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Қарапайым арызды жазудың тәртібін де меңгермеген. Сондықтан олар осындай қадамдар үшін де заңгерлерден ақылы кеңес алуға мәжбүр. Өз құқығын қорғаудың негізін білмегендіктен кейбірі мәселені жылы жауып қоятыны да белгілі. Құқықтық, дамыған мемлекетте бұлай болмауы керек. Кез келген азаматтың құқығы тапталмауы тиіс.

Міне соның барлығы мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында жан-жақты оқытылуы керек. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында сенім мен құқықтық сауаттың ара жігін ашып көрсететін, азаматтардың заңдық білімін жетілдіретін танымдық мақалалар жиі жарияланғаны дұрыс. Бүгінде әлеуметтік желілерді азаматтар үнемі қадағалап, бақылап отырады. Осы әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып азаматтарға құқықтық кеңес беруді дәстүрге айналдырсақ нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені азаматтар сотқа құқығы тапталып, әділдік таба алмаған соң келеді. Ал бұл кезде азаматтарға кеңес беру, заңсыздықтың алдын алу мүмкін емес. Көзі ашық халықтың заңсыздық құрбаны болмайтынын қаперден шығармайық.

Қазіргі таңда сот практикасында көбінесе алаяқтық арқылы бөтеннің  мүлкін заңсыз айналдыру жалақы, жәрдемақы, зейнетақы және тағы басқа төлеумен айналысатын әртүрлі қоғамдық және мемлекеттік органдарда жасалатынын көрсетті.

Алаяқтық Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес – бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Ол үшін қылмыскер алдау-арбау амалдарын қолданады немесе басқаның сеніміне кіріп алып, қастық жасайды. Бұл арада мынаны еске алу керек, алдау және сенімге кіру жолымен басқа да қылмыстар жасалуы мүмкін, бірақ олар басқа қылмыстық-құқықтық нормалар бойынша қарастырылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағаның анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болып табылады.

Алаяқтық жағдайында ақша қол сұғушылықтың басты заты болып табылады. Ақшаны заңсыз алу үшін қылмыскер әдетте болашақ жәбірленушіге шын мәнінде орын алған тәрізді оқиғалар мен жағдайлар туралы, немесе іс жүзінде орын алғанымен, бұрмаланған деректер туралы мағлұмат береді. Осы мақсатпен көбінесе өте қу амалдар қолданылады.

Алаяқтық бөтеннің  мүлкін заңсыз айналдырудың ішінде  жалған құжаттар арқылы алдау әдісі көп қолданылады. Жалған құжаттарды беріп отырып, алаяқ оған бөтен мүлікті алуға құқық беретін тәрізді алдамшы фактілерді немесе жағдайлардың бар екендігін растайды. Сөйтіп, ол иелігінде мүлкі бар адамды шатастырады.

Алдау арқылы қылмыскердің оған ақшаның, мүліктің және т.б. өз еркімен берілуіне қол жеткізетіні  осы қылмыстың ең негізгі және өзіне тән қасиеті болып табылады. Айналасындағы адамдарға алаяқ адал болып көрінеді. Сырттай әдепті болып көрінуі оған тыныш өмір сүруге көмектеседі. Алаяқтықтың зияндылығы да осында.

Сөйтіп, алаяқтық алдау деп өзге тұлғаның шындыққа қатысты ойының шатасуына алып келген ақиқатты бұрмалауды я шындық жайлы айтпай қалуды түсіну керек.  Өзге тұлғаның шындыққа қатысты ойының шатасуына алып келмеген ақиқатты бұрмалау я шындық жайлы айтпай қалу – алдауға қастандық болып саналады, яғни аяғына дейін жеткізілмеген, толық емес.

Алаяқтық кезіндегі алдау мазмұны алаяқтық жасамақ тұлғаның әртүрлі жағдайларға байланысты шындықты бұрмалауы я оны айтпай қалуы.

Алаяқтық кезіндегі алдаудың мазмұнын әртүрлі, жәбірленушінің ойын шатастыра отырып алаяқтың шындықты бұрмалауына я айтпай қалуына қатысты, жағдайлар құрайды. Алдаудың мазмұны қылмысты талдауға, атап айтқанда алаяқтықты, еш әсері жоқ, алайда алаяқтық алдауды тіркеуге маңызды болуы мүмкін, атап айтқанда алдауға жатпайтын әрекеттерден бөле қарау үшін, сонымен қатар алдаудың басталған уақыттын және сәйкесінше алдауға дайындықты, алдауға қастандықты және алдау соңын бөліп қарастыру үшін. Сонымен қатар, уақытылы алдау мазмұны жайлы хабардар болған алдаудың бастапқы кезеңінде анықтап, алдаумен байланысты қылмыстың сақтандыруға мүмкіндік береді.

Алаяқтыққа кінәлі тұлға жәбірленушінің мүлкін иелену, пайдалану және билік ету мақсатын көздейді. Қылмыскер әрине, бұл мүлікке меншік құқығын иеленбейді.

Мемлекетіміздің қолданылып жүрген қылмыстық заңында меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылыққа  тиісті баға берілген, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 6 тарауында мемлекеттік және жеке меншікке қарсы қастандық қылмыстары үшін жауапкершілік тағайындалған. Олардың ішінде, меншікке қарсы қылмыстық қастандықтың кең таралған түрлерінің бірі ретінде, алаяқтық ерекше орын алады.

Соттағы ең көп таралған қылмыстар қатарына жататын меншікке қастандық жасау жекелеген азаматтар үшін ғана емес, жалпы бүкіл қоғам үшін елеулі қауіп тудырады. Меншікке қарсы қылмыстар экономикалық жүйенің негізі – меншікке қастандық жасайды. Объективті түрде олар қоғамның экономикалық саласына зиян келтіреді, мемлекеттің экономикалық дамуын тоқтатады, тұрақтылықты бұзады, азаматтардың өміріне жағымсыз әсер тигізеді.

Алаяқтықтың қылмыс екенін жұрттың бәрі біледі, бірақ, бұл қылмыспен күрестің көкейкестілігін әркім түсіне бермейді. Сондықтан, қоғам дамуының қазіргі жағдайында бұл қылмысты тереңірек зерттеу қажет. Ең маңыздысы, алаяқтықты басқа ұқсас қылмыстардан бөліп алып, дұрыс бағалау жөнінде әркім өз пікірін айтуы қажет деп есептейміз.