ШЫМКЕНТ: ЖАҚЫНДА ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН ЖАС ОТБАСЫ ДАУЫС БЕРДІ

162

Шымкент қаласында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау үшін дауыс беру жалғасуда. Жуырда отбасын құрған жас жұбайлар да азаматтық міндетін орындау мақсатында №227 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Айдос Өмірәлі мен Жаным Жұмаш 4 наурызда шаңырақ көтерген. Саяси науқанда белсенділік танытқан жас отбасы ел болашағы үшін таңдау жасады.

Олардың айтуынша, бұл саяси науқанның маңызы зор. Айдостың жұбайы Жаным отбасылық өмірдегі алғашқы әрі жауапты қадамдары сайлауда дауыс беру болғандықтан, қобалжулы екендігін жасырмады. Алайда, дұрыс таңдау жасағанына сенімді.

—Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды реформалар жүзеге асып жатыр. Халық референдум мен Президент сайлауында дауыс берсе, бүгін ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауына дауыс беріп жатыр. Осындай маңызды күнде біз де сайлаудан шет қалмай өзіміз сенім артқан үміткерге дауыс бердік, — дейді Айдос Өмірәлі.

№227 сайлау учаскесінің төрағасы Гүлнұр Қорғанбекова да жас жұбайлардың бірге келіп, осындай маңызды қадам жасап, дауыс бергеніне қуанышты.

—Әр азамат осылай ел болашағына жауапкершілікпен қараса, бұл да мемлекет дамуына қосқан елеулі үлесі,- дейді ол.

Таң атып, сайлау учаскесі ашыла сала, дауыс беруге келген адамдардың қарасы көп. Осы сайлау учаскесіне 2 880 сайлаушы 270-ке жуығы өз таңдауын жасаған. Дауыс берушілердің көңіл-күйі көтеріңкі. Сайлау учаскесі қызметкерлері барлық талаптарды сақтай отырып, азаматтарға барлық қажетті көмекті көрсетуде.