САЙЛАУ – ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

141

Бүгін Түркістан облысындағы 941 сайлау учаскелерінің бірі — №133 сайлау учаскесіне үкілеген үмітімді арқалап барып, құқығым бойынша өзім таңдаған үміткерлерге дауысымды бердім және жол бойы қалың ойға шомдым…

Ия, ата-бабаларымыздың ұрпағына айтып кеткен ақыл-кеңестері мен даналық сөздерінің дұрыстығына, өміршеңдігіне және сол сөздері арқылы ұрпағының қолына тіптен қараңғы түндегі шырғалаң жолда да адасып кетпестей шам-шырағдан ұстатқанадай жол сілтеп кеткеніне күн санап көзім жете түсуде…

Сол айтқан даналық сөздерінің бірі — «Е, Құдайым, бала бер. Бала берсең – сана бер! Сана бермесең ала бер!» деп құдайдан тілейтіні. Бұл сөз тап бүгінгі күні елімізде өтіп жатқан Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау мәселесіне де қатысты арналып айтқандай топшыладым. Сондықтан, құдайдан саналы ұрпақ сұрағанымыздай, саналы депутаттарды да сұрауымыз керек сияқты.

Саналы бала — еліміздің болашағы, мемлекеттілігіміздің жалғасы. Ал саналы депутат — мемлекетіміздің бүгінгі тіршілігі, ертеңгі ұрпаққа қалдырар аманатқа тікелей жауапты тұлға.

Айтпағым, сайланғалы жатқан депутаттарға артылар жауапкершілік өте жоғары және бұл мемлекеттің тек дамуы үшін емес, мемлекет ретінде өзімізді сақтап қалу үшінде өте қажет.

Сондықтан, Мемлекет басшысы бас болып, қалған жұрт қосшы болып Жаңа Қазақстанды жасақтап жатқанда маңдайымызға ертеңгі күні жеке басын күйттейтін емес, елдің қамын ойлайтын, мемлекетке адал қызмет ететін саналы да дұрыс депутаттар келсе дейміз. Ол үшін әрбіріміз сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасап, дауыс беруіміз керек деп ойлаймын.

Дауыс беруге барғанда білгенімдей, №133 сайлау учаскесінде 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.

Жалпы, айта кетейін, Түркістан облысында қатысып жатқан үміткерлердің жалпы саны – 1211. Оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісіне – 19 үміткер, қалғаны облыстық және аудан, қалалық мәслихаттарға үміткер болып тіркелген. Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша – 1112, облыстық мәслихатқа 23 округ бойынша – 81 кандидат, аудан, қалалық мәслихаттарға 292 округ бойынша – 1031 адам кандидатурасын ұсынған. Партиялық тізіммен тіркелгендер саны – 80. Жалпы бірмандатты округтер бойынша үміткерлер саны – 1131.

Облыста 1168658 сайлаушы бар. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Дауыс беру кезінде облыстағы 941 сайлау учаскесінде 8 мыңнан астам байқаушы жұмыс істеп жатыр.

Сайлау күні мүгедектігі бар жандарға да тиісті жағдай жасалыпты. Барлық өңірдегі сайлау учаскелерінде Брайль шрифті бар трафареттер, кандидаттар тізбесі бар бюллетеньдердің аудио нұсқалары қолжетімді, дейді тиісті орындар.

Тельман БЕЙСЕН,
«Turkistan Media Holding» холдингінің басқарушы директоры, журналист-тарихшы