КӨРІСУ КҮНІ —  ІЗГІЛІКТІҢ МЕРЕКЕСІ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТЕ КӨРІСУ КҮНІНДЕ ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

143

14 наурыз – Көрісу күні мерекесі. Шымкентте мереке «Астана» алаңынан басталды. Онда  қыстан шыққан жұртшылық бір-бірімен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырды.

Қаланың айшықты жері Абай саябағында да Шымкент-Цирк, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі  мекемелері көрісіп, әннен шашу шашып, дәмнен ауыз тиді. Жиналған қауымның көңіл-күйі ерекше. Ұлы Абай айтқандай, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» мәре-сәре болысты. Ұлттық киім киген, домбырасын асынған көпшілік қала тұрғындарына мерекені сезіндірді.

 – Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы, – дейді қала тұрғыны Мақсат Әмірбеков.

ШЫМКЕНТТЕ КӨРІСУ КҮНІНДЕ ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Бүгін шымкенттіктер Әз Наурыздың алғашқы мерекесі — Көрісу күнін атап өтуде. Таңертең Астана алаңынан бастау алған мереке қаланың бірқатар көрікті орындарында,  Shymqala этноауылында жалғасты. Қыстан көкөрай көктемге аман жеткен жұртшылық Көрісу күнінінің игі дәстүрін жалғап, бір-бірінен саулық сұрасып, төс қағыстырды.

Бұл күні қала әкімі Мұрат Әйтенов шымкенттіктерді Көрісу күнімен құттықтап, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында қала жастарымен көрісіп, «Белсенді ұзақ өмір орталығындағы» қариялардың амандығын сұрап, батасын алды. Ұлттық киім киіп, домбырасын асынған өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, Көрісу мерекесінің көркін қыздырды.   Абыз ақсақалдар мен әжелердің жас буынмен жарқын жүздесуі  ұлт болашағы, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар турасындағы тағлымды сұқбатқа ұласты.

Күн  сайын мұнда 700-ден астам  тұрғын 30 шақты қызмет түрін алады.  Замана талабына сай жабдықталған орталық бүгінде қариялардың басын қосатын алаңға айналып отыр.

 

Көрісу – жұртшылықтың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амал. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, татулық пен бауырмалдыққа шақыратын тағылымы мол.