ЖЕДЕЛСАТЫЛАРДЫ СЫНАҚТАН ӨТКІЗДІ

182

Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлерде кондоминиум объектілерін басқарудың жаңа реформасы – Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе Жай серіктестіктер (ЖС) құрылуда. Жүйенің басты артықшылығы – кондоминиум нысандарын басқару органына меншік иелерінің тарапынан бақылауды қамтамасыз ету, басқару органдарының қызметінің ашықтығын арттыру, ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформаларды іске асыру бойынша қала әкімдігі тарапынан жобалық кеңсе іске қосылып, медиа жоспар және жол картасы бекітілген.

Басқарудың талаптарына сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлерге тиесілі лифт қондырғылары тұрғындардың ортақ мүлкі болып есептеледі. Оларды күтіп ұстау тікелей міндетті болып табылады. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы аумағында жалпы лифтілер саны – 701. Оның ішінде тұрғын үйлерде орнатылған лифттер саны – 561.
ҚР «Азаматтық қорғау» Заңының талаптарын орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан 140 лифтке комиссиялық сынақ өткізіліп, 34 лифт тіркеуге қойылды. Бүгінгі таңда жүк көтергіш құралдарын тіркеу мемлекеттік қызмет реестріне енгізіліп, электронды түрде «Egov.kz» порталына қосылған. Қауіпті техникалық құрылғылардың қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік қадағалау қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жүктеле отырып, бұл жұмыс жүйелі тәртіппен жүргізіледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шаһардағы барлық ауданда тұрғын үйдің жаңа реформасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Пәтер саны 16-дан асатын көп пәтерлі үйлерде пәтер иелері кондоминиумды басқару нысандарының бірін таңдауы керек. Тұрғын үйге ортақ қажеттіліктер үшін коммуналдық қызметтер көрсету шарттарын тек МИБ-нің төрағаларымен, ЖС-нің сенімді тұлғаларымен немесе басқарушы компаниялармен жасасады. Яғни, кондоминиум объектісін басқарудың жаңа түрін таңдау болмаған жағдайда, көппәтерлі үйлер әдеттегі қауіпсіз және жайлы өмір сүру жағдайларынсыз қалу қаупі бар. Сол себептен де тұрғындар жаңа тиімді басқару жүйесіне көшу қажет.