ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ

236

Шымкентте газ тұтынудың техникалық ережелерінің сақталмауынан улану фактілері жиілеген. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші ауданы әкімдігі, прокуратурасы, төтенше жағдайлар басқармасы, полиция және еріктілер, ҚазТрансГаз Аймақ, үй ішілік газ қондырғыларына техникалық қызмет көрсету мекемесі және газ техникалық инспекция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара халық ең көп шоғырланған 11 шағынауданнан бастау алды. Арнайы көлікпен жасақталған бригада газдан келетін қауіп, одан сақтану мен дұрыс пайдалану жолын дауыс зорайтқыш арқылы хабарлап шықты. Сонымен қатар, тұрғындарға газ тұтыну ережелерін сақтамаған жағдайда қандай құқықтық жауапкершілікке тартылатыны жайында жаднама таратылды.
— Жылыту маусымы басталғалы Еңбекші ауданында екі қайғылы оқиға орын алды. Екеуі де тұрғындардың техникалық талаптарды сақтамай, құбырды дұрыс орнатпағанының салдарынан болып отыр. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар жиілеп кеткендіктен, біз осы бірлескен ауқымды іс-шараны қолға алдық. Қалада дауыс зорайтқышпен хабарлама таратып, түсіндірдік. Ертеңнен бастап үйме-үй жүріп келісімшарттарды тексеретін боламыз. Көп тұрғындар есігін ашпайды. Дегенмен, бұл әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады, заң жүзінде бекітілген айыппұл талабы бар екенін де ескерсе дейміз, — деді Еңбекші ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, полковник Қайрат Сәрсенбаев.
Еңбекші ауданы прокуроры Серік Әбдиевтіңтің мәлімдеуінше, қалада жылыту маусымында газдан улану бойынша оқыс оқиғалар жиілеген.
— Қала аумағында жылыту маусымында газдан улану салдарынан 8 қайғылы жағдай тіркелді. Барлығы да тұрғындардың мұржаны дұрыс орнатпауынан орын алған. Сондықтан біз арнайы ұйымдармен бірлесіп, осы ауқымды іс-шараны қолға алып отырмыз. Қалада тұрғындардың 60 пайызы ғана арнайы мекемелермен келісімшартқа отырған. Біз тексеру барысында келісімшартқа тұрмаған тұрғындарды анықтап, 100 пайыз көрсеткішке жеткізуді көздеп отырмыз, – деді С.Әбдиев.
Жауапты мамандардың талабы — қатал. Олар тұрғындар қауіпсіздік ережелері мен талаптарын сақтамаған жағдайда айыппұл салынатынын ескертті.
Шымкент қалалық орта сапасын бақылау басқармасының газ техника инспекция бөлімінің басшысы Асылжан Жанаев келісімшартқа отырудың артықшылықтарын атап өтті.
— Шымкентте арнайы қызмет көрсететін 14 мекеме бар. Тұрғындар мен мекеме арасында келісімшарт түзілген жағдайда, олардың қауіпсіздігіне мекеме жауапты болады. Яғни, мекеме жылына екі рет тексеру жұмыстарын жүргізеді. Арнайы мамандар мұржалардың дұрыстығын қадағалайды. Сондықтан осы іс-шара барысында қала тұрғындарын түгел тексеріп, келісімшартттары бар-жоғын анықтайтын боламыз, -дейді А.Жанаев.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңының талаптарын орындамаған жағдайда 7 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігі үшін талаптарды қатаң сақтаған абзал.

«Шымкент келбеті»