КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ ҚАЛАДАҒЫ СОҢҒЫ СОҒЫС АРДАГЕРІН ҚҰТТЫҚТАП, ШАҢЫРАҒЫНДА БОЛДЫ

541

Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Осы ретте Кентау қаласы ПБ бастығы полиция полковнигі Ерлан Қыдырбаев, соғыс ардагері Бадан Төребайдың шаңырағында болып, құттықтап қайтты. Батыр ардагерімізге кейінгі ұрпақтың құрметі шексіз екендігін айтып, алғысын білдірді, сыйлықтарын табыс етті. Себебі ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу қанымызға сіңген үрдіс.

Өз кезегінде ардагер Бадан Төребай, елдің амандығы мен бейбіт заманда ғұмыр кешкенін тілеп, ақ батасын берді. Барша Қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады. Кентаулық полицейлердің іс-шарасы одан кейін №19 мектептегі Әлия Молдағулова атына ашылған музейде жалғасты. Мұнда келген полицейлер батыр апамыздың тарихы мен өмірін тыңдап, соғыс кезінде пайдаланылған дүниелермен танысты.

Келесі шара С.Қожанов саябағындағы «Азалы ана» ескерткішінде Отан үшін отқа түскен ардагерлерді еске алуға арналды. Еске алу шарасына қала халқы, зиялы қауым өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, Ауған соғысы ардагерлері, полицейлер, мекеме қызметкерлері мен қала жастар қатысты.

Бүгінгі таңда Кентау қаласында 1 соғыс ардагері, 396 тыл еңбеккерлері мен 19 ардагердің жұбайлары бар. Шара соңында бақилық болған батыр жауынгерлердің рухына тағзым көрсетіліп, есімдері жазылған ескерткіш алдына гүл қою рәсімі өтті. Ендеше егеменді еліміздің отын сөндірмей, қорғаныс жүйемізді бекем ұстап жүрген барлық Қазақстан азаматтарын мерекемен құттықтаймыз!