ТҮЛКІБАСТЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕРЕКЕДЕ БІРҚАТАР ІС-ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

94

«Отан қорғаушылар күні» және 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу азаматтардың өз елі үшін ерекше мақтаныш сезімін қалыптастыруға, патриотизмді, Отанға қызмет етуге дайындығын нығайтуға ықпал етеді. Бұл мерекеде Қазақстан армиясының ержүрек дәстүрлерін, қызметкерлердің әскери және қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігін көрсету маңызды бағыт болуға тиіс. Жеңіс күнін мерекелеудің мақсаты-Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, оларға теңестірілген адамдарды, тыл еңбеккерлерін құрметтеу болып табылады.

Аталмыш қос мерекеге орай Түлкібас аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында жеке құрамның қатысуымен «Еркін ел» жалпыұлттық патриоттық диктанты өткізілді. Сонымен қатар жеке құрам қызметкерлерін орталық мұражайға апарып, әскери-патриоттық тақырыпта көрмелер, экспозициялар, экскурсия жасалды.

Сондай-ақ ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттерді орындауға елеулі үлес қосқан ардагерлер кеңесінің төрағасы Сауранбек Таңатбаев, Жұмағұл Омаров, Оңғарбай Мұсабеков, Аязбек Дүйсебаев, Өсербек Тоғаев, сондай-ақ басқа да ішкі істер органдарының ардагерлері Түлкібас АПБ бастығының алғыс хатымен марапатталды.

Одан бөлек жеке құрам қызметкерлері мереке қарсаңында тиісті шендерін алып, қызметте көрсеткен жоғары көрсеткіштері үшін марапатталды, төсбелгілерін иеленді. Одан кейін Жеңіс мемориалы алаңында Түлкібас ауданының әкімшілігімен бірлесіп, гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараның жалғасы Түлкібас ауданының мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда аудан әкімі Н.Ізтілеуовтың «Алғыс хатымен» Түлкібас ауданының 12 қызметкері марапатталып, жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынылды.