МЕРЕКЕДЕ ОТАН ҚОРҒАУШЫ ПОЛИЦЕЙЛЕР СПОРТТЫҚ ЖАРЫС ӨТКІЗДІ
«7 мамыр — Отан қорғаушылар» күні мерекесі қарсаңында, Түркістан облысы полицейлерінің арасында мәдени-спорттық іс-шара өтті. Отансүйгіштік пен батырлықты дәріптеудің бір бейнесі, ол-спорт десек, бұл жарысқа ПД аппараты басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлерінен 14 команда қатысты. Олар табельдік қарудан ату, гір тасын көтеру, шағын футболдан бақ сынады.
Салауатты өмір салтын ұстанып, ептілік, шапшаңдыққа бағыттайтын жарысты Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев ашып, қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, сәттілік тіледі. Спорт – өмір көркі, деген ұранды алға тартқан полицейлер жарыс басталысымен бабында екендіктерін көрсетті. Спорттық жарысқа қатысушы полицейлерден құралған командалар бір-бірінен өз айла-тәсілдері, күш-жігерлері, шеберліктері арқылы асып-түсіп, жеңіске жету үшін барын салды.
Нәтижесінде қару атудан мергендік танытқан полиция майоры Е.Шалабаев І-орынды алды. Ал ІІ-орын полиция подполковнигі Д.Сартаевқа, ІІІ-орын полиция аға лейтенанты Ж.Шүкірбайға ұсынылды. Екінші байқау гір тасын көтеруден І-орынды полиция подполковнигі Н.Кубеев, ІІ-орынды полиция аға лейтенанты Н.Утешов, ІІІ-орынды полиция подполковнигі С.Бахтығалиев қанжығалады.
Ал шағын футболдан І-орынды кадр саясаты басқармасының командасы, ІІ-орынды патрульдік полиция батальоны, ІІІ-орынды Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасы алды. Жеңімпаздар арнайы «Алғыс хат», бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ел мен жердің қауіпсіздігін күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылап отыратын, жалпы түрлі қылмыстарды болдырмауға, алдын алуға қызмет ететін полицейлерді мерекемен құттықтаймыз. Спортты серік еткен тәртіп сақшыларының алдағы қызметіне сәттілік тілейміз!