ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ҚЫЛМЫСТЫҢ ТІРКЕЛІМІ 21.2%-ҒА ТӨМЕНДЕГЕН

177

Облыс орталығы полицейлерінің 2023 жылдың 3 айында атқарған жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы, жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті арттыру мақсатында ауқымды жиын өтті. Іс-шараға Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев төрағалық етті.

Есептік жиында Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасарлары баяндама жасады. Анықталғандай, ағымдағы жылдың І-тоқсанында Түркістан қаласында қоғамдық орында, мас халде, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар мен жол-көлік оқиғалары төмендеген.

Сондай-ақ қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде жалпы қылмыстар 21.2%-ға, ауыр және аса ауыр қылмыстар 22.2%-ға, оның ішінде бұзақылық 50%-ға, ұрлық 24%-ға, алаяқтық 36%-ға азайған. Ал әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 24735 хаттама толтырылған. Оның ішінде 3701-і қоғамдық салаға қатысты болса, 21034 жол қозғалыс ережелері бойынша түзілген. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 221 жол белгілері, 19 жаяу жүргіншілер жолағы мен 72 жол кедергілері жаңадан орнатылып, тозығы жеткен және қажет болған 105 жол белгілері ауыстырылған.

Қоғамдық қауіпсіздік бойынша жұмысты жандандыру үшін учаскелік полиция пункттерінің жанынан қоғамдық кеңестер құрылып, аумақтағы жиі алаңдататын мәселелер қаралуда. Тұрғындармен серіктестікте жұмыс ұйымдастыру бағытында 25 ақылы қоғамдық көмекшілер тартылып, олар арнайы нысанды киім, куәлікпен қамтылды.

Киелі өңірдегі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи қорығына 3 ай көлемінде 130 500 жуық туристер мен қонақтар келген. Осы орайда туристік аймақ болып саналатын қасиетті мекенде шетелдіктер мен жергілікті тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде туристік полиция қызмет етуде.

Түркістан қаласы тәртіп сақшыларының жұмыс нәтижесін қараған полиция полковнигі Б.Айтпаев, олардың қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау мақсатындағы алдағы қызметіне сәттілік тілеп, тәртіп пен заңдылықты сақтауды қатаң ескертті.