БАҚ-ДӘУЛЕТ – БІРЛІКТЕ

89

Еліміз өткен ғасырдың 40-жылдарында кеңестік солақай саясаттың ықпалымен қоныс аударған әртүрлі ұлт өкілдеріне пана болды. Бір ғана тың игеру кезеңінде Қазақстанға КСРО-ның өзге республикаларынан 600 мыңнан астам адам келді. Солардың көпшілігі тұрақтап қалды. Жергілікті ұлтпен ауызбіршілік жағдайында өмір сүріп, бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Қазақстанда әр ұлт өкілдерінің кәсіппен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бізден басқа мемлекетте дәл біздегідей терезесі тең еңбек етіп, кәсіп жасап, қалаған ісімен айналысып жатқан диаспоралар жоқ. Сондықтан олар Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатыр.

Бұл орайда, барлық этнос өкілдерін тіліне, дініне қарамастан, бір мүдде аясында әлеуметтік-экономикалық даму жолына жұмылдыра білген қазақ даласы жаһандық кеңістіктегі тұрақтылық пен бірліктің үлгісіне айналды. Еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның ішінде, этномәдени бірлестіктер қоғамда маңызды рөл атқарды. Осы арқылы елде барлық этностың мәдени мұрасын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін толыққанды жаңғырту мен дамытудың тұрақты механизмі жүзеге асырылып келеді.

Осы этно-мәдени бірлестіктер өзара тығыз қарым-қатынас орната отырып, жыл сайын ұлттық мәдениет күндерін өткізеді. Елімізді мекен еткен этнос өкілдері Қазақстанды ортақ қарашаңырағымыз деп мақтан етеді. Иә ел аумағындағы 130-дан аса ұлт өкілі Қазақстанды өз Отаным деп біледі. Олардың барлығы қазақтармен етене араласып, туыстай болып кеткен. Түрлі деңгейдегі мерекелер мен іс-шараларға белсене қатысады. Мұның өзі елдегі тұрақтылық пен бірліктің шынайы көрінісін айғақтайды.

Жақында облыс орталығындағы этномәдени бірлестіктер арасында сауалнама жүргізген едік.

Бірлік, татулық, тұрақтылық ұғымын қалай түсінесіз?

Этномәдени бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстарын айтып өтсеңіз?

Сіз бастан өткізген немесе куә болған ұлттар достығы арасындағы татулықты паш ететін сәттерді, көріністерді айтып берсеңіз?

Усеин МЕДЕДОВ, «АХЫСКА» түрік этно мәдени бірлестігінің төрағасы: — Біздің ата-бабамыз 1944 жылы Қазақ еліне жер аударылып келген екен. Сонда ата-бабамызды қазақ халқы мейірімді жүздерімен қарсы алыпты. Елдің жағдайы қиын болса да бір үзім нанын, үйін, төсегін бөліп беріпті. Әрбірі бір отбасыға қарасыпты. Қазақ халқының дарқан пейілінің арқасында ата-бабамыз аман қалыпты. Әкемнің және менің замандастарым ата-бабамыздың басынан өткізген қиындықтарын біліп өстік, оны ешқашан ұмытпаймыз. Тіптен, кейде есімізге түскенде төбе шашымыз тік тұрады. Ол заманды ешкімнің басына бермесін деп тілейміз.

Мен қазақ, өзбек, орыс, тәжік ұлтының балаларымен бір көшеде бірге өстім. 11 ұл-қызы бар қазақ отбасымен көрші тұрдық. Сол үйдің бір түп өрік ағашы болатын. Осы өрік ағашы жемісін салғанда көшедегі ойын балалары сол үйден табылатынбыз. Сонда бір түп өрік ағашының жемісі 11 ұл-қыз бен сол көшенің барлық балаларына жететін. Біздің үйдегілер қызанақ егетін. Піскен уақытында балалармен бірге отырып жейтінбіз. Ойдағыда кімнің үйінде тәтті жемістер, тәттілер бар болса, бірге жеп өстік. Бір көшенің балалары өте тату тұратынбыз. Біздер «сенікі, менікі» дегенді білмедік. Бірге өскен балалар әлі күнге дейін араласамыз. Бас қосқан сайын әсіресе Күмісбек деген жігіт: «Біз қандай жақсы өмір сүрдік» деп, көбіне айтып отырады. Бүгінде бір-біріміздің үйімізге келіп, араласып тұрамыз, қолымыздан келген көмегімізді көрсетеміз. Сондай-ақ, сыныптастармен де жиі араласып тұрамыз. Алымжан Ахметов, Зайниддин Шайықов, Дүйсенбай Байжанов, Бақытжан Әлібаев, Анашбек Пошанов, Мәлік Нәлібай есімді жігіттермен сыныптас болдым. Біздің арамызда «сен қазақсың, мен түрікпін» деген әңгіме болмайтын. Біздің кезең осындай болды. Бір-бірімізбен жақын ағайындай араластық.

Ұлттың жаманы болмайды. Әрине «бес саусақ бірдей емес» дегендей, бір ата-анадан туған бес бала да бірдей болмайды. Әрқайсысының мінезі әртүрлі болады. Аллаға шүкір, үлкен ұлымның да жора-жолдастары жетерлік, достары көп.

Мен осы жасыма келгенше өзге ұлт өкілдерімен араздасып көрмеппін, тек сыйласып келеміз. Сен жақсы болсаң,бәрі жақсы болады,-дейді халқымыз. Тірлігіміз де, жұмысымыз да, бәрі де қазақ халқымен бірге жасасып келеміз. Қазақстан менің Отаным, менің өсіп-өнген жерім.Құдайға шүкір, мен бұл жерден жаманшылық көрген жоқпын. Иншаллаһ. Қазақстан елі жақсы, күн көру жағынан. Қара шай мен нанымыз бар. Қарашаңырағымыз бар. Әсіресе, қазак халкынын жиын арасында болғанда бір атанын баласы деп төрге отырғызып, жол беріп жатқанда үлкен әсерге бөленемін.

Өзімнің 4 ұл-қызым бар.Екі қызды қияға қондырып, ұлымды үйлендірдім. 1995 жылы туылған ұлым Нұрсұлтан Түркияда жоғары білім алып, бітіріп келді. Үлкен ұлым қаламыздағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ді бітірген, бүгінде жекекәсіпкер. Мен өзім де жекекәсіппен айналысамын.

Б.ИРСМЕТОВ, қалалық өзбек этно мәдени бірлестік төрағасы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі: — Бірлік, татулық, тұрақтылық ұғымы мемлекетіміздің сарабдал саясаты, мақсаты. Әрбір азамат осы игіліктерге лайықты үлесін қоса білуі қажет. Мемлекетіміздің әнұранында «Бірлігі жарасқан тәуелсіз елім бар» деген сөздер тектен-тек айтылған емес.

Өзбек этно мәдени бірлестігі Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрамында достық, татулық, бірлікті насихаттайтын іс-шараларға ұйытқы болуда. Бірлестік тарапынан көмек сұраған жандарға көмек үнемі көрсетіліп келеді. Барынша көмектесуге тырысамыз. Мен бірлестік төрағасы ретінде бірнеше жылдан бері облыстық және қалалық — «Түркістан» және «Туркистон» газеттерін қаламыздағы мектептерде білім алып жатқан аз қамтамасыз етілген отбасы перзенттеріне жаздырып демеушілік жасап келемін.

Жақында қаламыздағы «Визит орталығының» алаңында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің және облыстық этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуы мен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан- достық мекені» атты мерекелік іс-шара өтті.

Осынау мерекелік шарада Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің демеушілігімен ұзындығы 100 метрлік Тайқазан үлгісіндегі мангалда 500 келі еттен 30 аспаздың қатысуымен 5 мың кәуап дайындалды.

Қоғамның қай саласын алып қарасаңыз да араласып-құраласып, ымырашылдықта, түсіністікте еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін көреміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер, алға басу, биікке өрлеу – ұлттар арасындағы татулықтың, қоғамдық келісімнің үлгісі деп білемін.

Ирина ЧЕГАНОВА, славян этно мәдени бірлестік төрайымының орынбасары: — Мен үшін бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық деген ұғым — өзара түсіністік, өзара көмек, мемлекетте тұратын халықтар арасындағы достық, Отанымыздың өркендеуіне деген үлкен ықылас деген сөз.

Бірлестіктің басты мақсаты ұлттардың этникалық ерекшелігін, мәдениетін, славяндардың тілдерін сақтау, Қазақстан Республикасы халықтарының арасындағы татулық пен достықты нығайту. Сонымен қатар басқа этномәдени бірлестіктермен тығыз байланыстамыз. Біз бір-бірімізді әртүрлі сайыстар мен іс-шараларға шақырып, аймақ аралық, республикалық жарыстарға қатысып тұрамыз.

Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүрміз. Көңілі даладай дарқан қазақ халқы қазір барлық ұлт өкілдерін өзінің туған-туыстарындай көреді. Сондықтан, біз ұлттардың достығы мен бірлігіне қуанамыз.

Қазақ тілін білу – достықтың кілті, ынтымақтастың бастауы деп білемін. Мемлекеттік тіл –біздің ортақ құралымыз, қарым-қатынас тілімізге айналды. Достарым әртүрлі ұлт өкілдері болса да бір-біріне қамқор, жанашыр, тілекші. Бір-бірінің басына қиындық түссе бөліседі, қуаныш болса ортақтасады. Біздің тіліміз басқа болғанымен тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен жүрегіміз бір.

Тілші түйіні: Ендеше, бірлік – деген қасиетті ұғым. Еліміздің берекесі гүлденіп, өсуі осы бірлікпен тығыз байланысты. Сондықтан бірлік, сыйластық бір отбасына ғана емес, тұтас елге, мемлекетке де тікелей қатысты. Халқымыздың бірлігі мен мемлекет тұтастығы жолында аянбай еңбек ету әрбірімізге парыз.

Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.