ӨЗГЕ ТІЛДІ ОҚУШЫЛАРҒА ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕТУ

170

2014 оқу жылының желтоқсан айында Түркістан қаласындағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік пән бірлестігінің “Қазақ тілін өзге тілді сыныптарда меңгертудің еуропалық стандарты негізінде оқыту” тақырыбында қалалық семинары өткізілді. Семинардың басты мақсаты – мұғалімдердің кәсіби білімі мен біліктерін арттыру, педагогикалық шеберліктері мен шығармашылықтарын шыңдау, шығармашыл мұғалімдердің озық тәжірибесін кеңінен насихаттау, тәжірибе алмасу, оқыту сапасын арттыру, оқушылардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау болды. Мектеп басшысы Ж.Ә.Орынбаеваның бұйрығымен І жарты жылдық бойынша бұл үшінші кезектегі семинар болды. Бұның алдында орыс тілі мен әдебиет, технология пәндері бойынша қалалық семинарлар өткізілген болатын. Ұжымның тынымсыз еңбектері толастар емес. №9мектеп-гимназияның директоры Жаңыл Әнішқызы Орынбаева өзінің оптимистік қабілетімен қалалық семинардың жоғары деңгейде өткізілуіне ұйытқы болды. Мектеп басшысы дайындық барысында бұл семинардың өзектілігін айтып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ылғи да алғы шептен көріну керектігін, гуманистік жүйенің иегерлері екенін, тіл жанашырларының біліммен қатар, жалпы қоғамдағы бет-бейнелерінің (киіну мәдениеті), сөйлеу мен қарым-қатынас мәдениеттерінің аса жоғары болу қажеттігін шегелеп айтып пысықтады. Жоспар бойынша түзілген қалалық семинарды өз деңгейінде өткізу оқу ісінің орынбасарлары Г.М.Мұратова, Г.Т.Халилова, Г.О.Божбанбаева, бейінді оқу ісінің орынбасары Г.А.Михайлинаға жүктелді. Олар өздеріне жүктелген бұйрықты жауапкершілікпен атқарды.

Қалалық семинардың бағдарламасын дайындау, бекіту, ашық сабақтар өтетін мұғалімдерге әдістемелік көмек беру мектеп әкімшілігімен қатар, қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері, филология ғылымдарының кандидаты Рахила Үрімоваға да жүктелген болатын. Ол мұғалімдерге ыждаһаттылықпен ғылыми-әдістемелік кеңес беріп, жоғары кәсіби және мәдени деңгейге жету үшін үздіксіз білімді мөлшер, жаңалықтың серпілісіндей ”Қазақ тілінің” жаңа білім мазмұнын меңгерудің функционалдық-семантикалық және коммуникативтік әрекеттік аспектілерін күшейтудің қажет екендігін түсіндіріп, ұғындырды.

Семинардың бағдарламасы қонақтарды қарсы алудан басталды. Мектеп директоры Ж.Ә.Орынбаева 70 мектептен келген педагогтардың еңбектеріне шығармашылық табыс тілеп семинарды салтанатты түрде ашық деп, жариялады. Семинар “Оқушы шығармашылығы көрмесі” атты жасақталған кабинеттен бастау алды. Көрме бірнеше бөліктерден тұрды. ”Ұлттық атаулар – халық мұрасы” екенін ескерсек, ұлттық тәрбиенің бір ұшы қазақ қоғамының даму тарихына, тыныс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, шаруашылығына, ұлттық бұйымдарға қатысты атауларды толық меңгеруге байланысты екен. Өйткені, бұл атауларда қазақ халқының ұлттық мәдениеті, тарихы, даналығы, тұрмыс салты, әдет-ғұрпы, тыныс-тіршілігі жатыр. Халық мұрасының танымдық мәні ұлан-ғайыр дүние. Осы тұрғыда сол дүниені таныту мақсатында семинардағы көрменің орны ерекше болды. Пән мұғалімі Ж.Кеутешова “Ұлттық кітаптар көрмесін” ұйымдастырды. 8 сынып оқушысы Загидуллина Юлиана қазақ жазушыларының құнды кітаптары жөнінде толыққанды , қызықты мәліметтер келтірді. Келген қонақтар З.Елдиярованың дайындаған “Сурет көрмесін де” тамашалады. Оқушылар Тәуелсіздік, Қазақстан туралы салған суреттерінің терең мазмұнын ашып айтып, көрсете білді.

Пән мұғалімі Ж.Маханбетжанова ұйымдастырған “Қол өнер көрмесі де”көз тартарлықтай болды. “Тіл халық жанын таңдаудың кілті”атты облыстық байқаудың жүлдегері 6”E”сынып оқушысы Н.Григорьева ұлттық нақыштағы бұйымдардың атауы және қолданылуы жөнінде айтып берді. Символ ретінде қолданылатын “Қазақтың шаңырағы” да көрменің төрінен орын алды. Мұны ұлттық нақышта безендіріп,үй жиһаздарын әсем жабдықтаған пән мұғалімі Г.Ахметова. Адалбақан, алаша, асадал, кебеже, құрақ көрпе т.б. үй мүліктері көздің жауын алды. Бұл аталған мүліктерге де түсініктеме берілді.
Пән мұғалімі Р.Мутанова талғаммен киіну – адамның өзіне сенімді болуының кепілі екендігін “Қазақтың ұлттық киімдері”атты тақырыпта ашық көрсете білді.Киім киюді оқушылар мәдениетпен ұштастыра білді.

Ш.Абдулханова, М.Шахманова сынды мұғалімдер дайындаған “Қазақ халқының ұлттық аспаптары” көрмесі аспаптар туралы өнер биігін көрсете білді.Ұлттық аспаптар: домбыра, қобыз, қылқобыз, шаңқобыз, асатаяқ т.б. аспаптардың шығу тарихы жайында 7”A”сынып оқушысы А.Қожамберді тәптіштеп айтып берді. Осы аталған аспаптармен Н.Айтмұханбет, Ш.Бәкір, Н.Бәкір, Н.Саухым, А.Жұмаділлә, А.Қалдыбайқызы, А.Паттеева, М.Құдайберген сынды оқушылар өз өнерлерін ортаға салды.Халқымыздың тарихи әлеуметтік, тұрмыстық жағдайындағы ерекше қымбат дәстүрі қонақжайлылық. Қазақ халқында келген қонақты құрметпен қарсы алып,мал сойып қонақасы беру – жомарттықтың, елдіктің, азаматтықтың үлкен белгісі. Қазақ үйіне қонақ түскенді мәртебе,бақыт санаған. Келген қонақтың ырыздығы, несібесі бар деген ұғым қалыптасқан. Осындай терең де тағылымы бар қонаққа қонақасы дәстүрін Ж.Атабалаева, А.Шарафиева, А.Қалмырзаева сынды мұғалімдеріміз өз шәкірттерімен бірге “Қазақтың ұлттық тағамдары” тақырыбында кең дархан қазақтың дастарханын ибалықпен көрсете білді.Қонақкәденің шығуы көңілді отырудың, қонақ өнерін сынаудан шыққан мәдениеттіліктің белгісі.Сондықтан да болар бұрынғы адамдар жастарды өнерге,айтысқа, қол өнерге, шешендікке, өлеңге, домбыра үйренуге баулыған.Бұрынғы жастардың “сегіз қырлы,бір сырлы” өнерпаз болуының түп қазығы осында жатыр екен. Осыған орай, орыс сыныптарындағы сан түрлі ұлт өкілінен құралған оқушылар “Қонақ кәде” ретінде қазақы болмысқа салып, би билеп, ән шырқап, күй де тартты.

Мұғалімдердің іс-тәжірибелері бойынша жиған-терген еңбектерінен де көрме ұйымдастырылды. Яғни, үздік мұғалімдердің құрмет тақтасы мен портфолиолары да қыздың жиған жүгіндей әсер қалдырды. Портфолио –мұғалімнің жыл бойы жасаған жұмыстары және жетістіктерінің айғағы мен дәлелі. Портфолионың міндетті бөлімдері мен рубрикалары мұғалімнің өзі туралы, пәннің теориялық мазмұны, жұмыс үлгілері, жетістіктер, ой-толғаныс сияқты бөлімдерден тұрды. Семинарға қатысушылар портфолиоларды оқыту процесінде мұғалімнің жиынтық жұмысы ретінде қарап шықты. Бұл маңызды құжаттардың жиынтығына пән мұғалімдері М.Оралова, Б.Мырзахмедовалар жауапты болды. Семинарға қатысушылар құжаттарды қызығушылықпен қарап шықты.

Негізгі бөлімде шығармашыл мұғалімдер ашық сабақ көрсетуге кірісіп кетті. А.Шаметова 10”Б”сыныбында “Орынбек Ахметұлы Жәутіков” тақырыбында ашық сабағын көрсетті. Оқушылар “тіл білімі орталығы”, “тест орталығы”, “зерттеу орталығы” болып үш топқа бөлінді. Білім, іскерлік пен дағдыны жетілдіру сабағында оқушылар жеке және топпен бірлесе тақырып бойынша жұмысты ізденіп талдап, жинақтады. Сабақта: ағылшын психологі Дейл Карнегидің ережесін тақтаға іліп қойды. Ережеге сүйенген оқушылар сабақ барысында берілген тапсырмаларды шапшаң орындады. Сабақ Елбасымыздың ”Мәңгілік ел” идеясын іске асыру үшін ертеңгі күнге сеніммен қарау қажеттігімен бекітілді.

А.Берістемова 11“ Б”сыныбында “Қазақтың ұлттық тағамдары” тақырыбында сабақ берді. Практикалық дағдыны қалыптастыру үшін ынтымақтастық және топтағы бірлескен жұмыс АКТ, СТО оқудағы басқару және көшбасшылық, Блум таксономиясы сияқты әдіс-тәсілдерді шеберлікпен қолдана алды. Сабақ үй жұмысын сұрау, жаңа сабақты дайындау, қызығушылықты ояту, жаңа сабақты меңгерту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен құралды. Әсіресе, интерактивті тақтадан бейне үзік бойынша оқушылардың өз білгендерін айтуы, оқушылардың еркіндігін, азат ойдың кемелдігін, тіл байлығын көрсетті. Үйге “Қазақтың ұлттық тағамдары” тақырыбында эссе жазып келу тапсырылды.

М.Аймұратова 7”Е”сыныбында “Ас – адамның арқауы” тақырыбында сабақ өтті. Ол “cыни ойлауға үйрету, ОҮБ және ОБ, АКТ, талантты және дарынды балаларды оқыту, жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту сынды модульдерді” тиімді қолданды. “Кімнің жадысы мықты ойыны, өрмекшінің өрмегі, кластер, синквейн, Эдвард де Бононың алты ойлау қалпағы, қар көшкіні, смайлик арқылы және критерий арқылы бағалау” атты стратегиялық іс-әрекеттерді оқушыларға қалыптастырып қолдана білуге дағдыландырды. Бұл сабақта оқушылар тақырыпты терең меңгеріп,ойларын ортаға ашық айтып, жан-жақты сыни тұрғыдан ойлауға үйренді.

“Абайдың 38-ші қара сөзі” атты үлгілі ашық сабақты қазақ әдебиеті пәнінен В.Батырқұлова 7 модульді негізге ала отырып өткізді. Ол оқушыларға Абайдың 38-ші қара сөзінің мәні мен мағынасын терең түсіндіре отырып, өз бетінше ой қорыта білуге үйретіп, балалардың рухани жан дүниелерінің қалыптасуына ықпал жасады. Сабақ барысында аудио жазба тыңдалды, топпен жұмыс арқылы постер жасалды, смайлик пен басбармақ әдісі арқылы жұмыстары бағаланды. Психологиялық тренингтен басталған сабақтың соңында оқушылар сабақтан алған әсерлері туралы жазып, өз ойларын рефлексия плакатына жапсырды.

М.Татенова қазақ тілінен 8”В”сыныбында “Есімше” тақырыбында оқушылармен ұжымдық түрде бірлесіп, білім алу сабағын өткізді. Есімшенің жасалу жолдарын слайдтарда көрсетілген тапсырмалар арқылы ұғындырды. Слайдтар: “Альпинистер. Тақырып және мақсаты. Ауызша сызба-тірек арқылы түсіндіру. Шыңды бағындыру жоспары, Құрал-сайман. Ойлы болсаң, озып көр. Тау етегінде..Тапқырлар талғамы. Штаб. Бірлік болмай,тірлік болмас. Тыйым сөздер. Бірінші биіктік: Білекті бірді жығады,білімді мыңды жығады, Екінші биіктік, Сергіту сәті: Білім шыңы. Білімнің басы бейнет, соңы зейнет, Ту. Ауызша, Сабақты қорыту, Үйге тапсырма, Бағалау.”кезеңдерінен тұрды. Сабақты Н.Ә.Назарбаевтың “Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол — бірлік”деген сөзімен түйіндеді.

Ж.Әкімханова 3”В“сыныбында “Мен Қазақстанда тұрамын”тақырыбында көңілге қонымды сабақ берді. Оқушылар “Қазақстан, Бәйтерек, Астана” атты үш топқа бөлінді. Сабақтың мақсаты: Отан туралы түсініктерін кеңейтіп, лексикалық тақырып бойынша сөйлеу дағдысын қалыптастыру және септік жалғауларын қайталау, орынды қолдануға баулу. Сабақ барысы әңгімелесуге, білімді бірге игеруге, оқушылардың шығармашылығын оятуға бағытталды. Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің дегендей, баланың кемшілігін емес, жеңісін іздеуді ниет еткен мұғалім Қазақстан туралы кең мағлұмат беріп, оқушыларды туған жеріне, еліне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, сөздік қорларын молайтуды көздеп, ойларын еркін жеткізуге баулыды.

Сыныптан тыс іс-шараларды кітапханада, шығармашылық шеберханаларда өткізді. ”Дана халықтың дара Абайы”атты әдеби-сазды кешті Г.Ашенова мен А.Берентаева сынды мұғалімдер 10-сыныпта өткізді. Оқушылар Абайдың поэмасын, аударма өлеңдерін, қара сөздерін нәшініне келтіріп оқи білді. Абайдың таңғажайып туындыларын жаттап, көңілге тоқығандарын іркілмей ортаға салды. Ән де шырқалды, көрініс те қойылды. ”Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе”деп, С.Торайғыров жырлағандай, оқушыларға Абайды оқу өсиет -деп, сабақты қорытындылады.

Пән мұғалімдері С.Турабаева мен М.Құрмановалар “Қайсар рухты,ер тұлғалы Махамбет” тақырыбында танымдық сабақтарын көрсетті. Өр рухты — Махамбеттің қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір сөздері арқылы оқушылар бойларына намысты, адалдықты, еркіндікті, ерлікті ұялата білді. Баяндау, мәнерлеп оқу әдістері бойынша оқушылар Махамбеттің поэзиясынан сусындаған оқушылар, оны сахнада өрлікпен көркем шығармаларға экспрессивтік реңк пен бояу беріп айта білді. Яғни, оқушылар дауыс ырғағын мазмұнға сай құбылта білді. Осындай қасиеттерді іске асырған С.Аминжанов, Г.Мамбетова, Ә.Үкібай, А.Мухамедрасулов, Р.Абдухадиева, Ш.Насырова, М.Қален, Б.Салхожа сынды оқушылар сабақты жандандырды. Махамбет Өтемісұлының өлеңдерінің мәңгі жасайтынын тағы да бір екшелеп, дәріптеді.

Блумның сыни тұрғыда ойлауды талап ететін сұрақтарының стратегиясы бойынша бүгінгі заман талабына сай, жаңа ағымға қабілетті, өзі шешім қабылдай алатын, өздігінен білім алуға ынталы тұлғаны қалыптастыру негізінде пән мұғалімі Г.Өскенбаева келген қонақтармен коучинг өткізді. Коучингте “Айтылым. Жазылым. Оқылым. Тыңдалым”топтарына бөлінді. Блум таксономиясы бойынша сұрақ қою моделін қолданып, бейнежазба бойынша сұрақтар қойылды.Әр топқа әртүрлі тақырыпта постер жасау, қорғау тапсырылды. Г.Өскенбаева коучингке қатысушыларды Блум таксономиясы бойынша білімді түсіндіріп, қолдандырып, талдап, синтез жасатты. Г.Өскенбаеваның жетекшілігімен қатысушылар импрозивациялық шығармашылықтарын еркін көрсете білді.

Қазақ тілі мен әдебиет пәні бірлестігінің жетекшісі Ш.Тайтенова озық іс-тәжірибесін тарату мақсатында “Мәтінмен жұмыс”тақырыбында баяндамасын ортаға салды. Ұсынып отырған әдістемесі орыс тілді сыныптарда қазақша сөйлеуді үйрету мақсатында мәтінмен жұмыс жасау жолдарын қамтыған. Мәтін – ішкі күрделі құрылымға ие жүйе. Мәтін құрамындағы сөйлемдердің өзара байланысы оны құрауға негізделеді. Сөз тіркесі мәтін ішіндегі құрылымдық-семантикалық байланыстылығы жағынан тек бір сөйлемнің ішінде қалып қоймайды. Бір сөйлемнің мағынасының кіші бөлшегі бола отырып, келесі сөйлемге мағыналық жағынан тізбектеледі. Мәтінмен жұмыс кезеңінде лексикалық, грамматикалық, тілдік жаттығуларды міндетті түрде орындату қажет. Ш.Тайтенова осылай мәтін құрудың қыр-сырын айтып, тілдік құралдар мен тілдік тәсілдерді пайдалануды көрсете білді.

Семинар соңы “Ғасырлар тоғысында” атты әдеби-сазды кешке ұласты. Іс-шара өтетін ғимараттың ішін эстетикалық талғамға сай, тақырыпқа сай әсем безендіруді пән мұғалімі Б.Бұлдырықова қолға алды. Бұл кешті Р.Бердиярова, Б.Мұстафаева, А.Мырзағалиева, З.Сыздыкова сынды мұғалімдер ұйымдастырды. Тоныкөктен бастау алған кеш көз алдымызға Қазақстанның тарихына кезең-кезеңімен сүңгігендей, ой кештірді. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған мектеп оқушылары өнерлерін сахна төрінде дүйім жұртқа көрсете білді.”Өнерлі бала көрікті” дегендей, балалар өнерді біліммен қатар сүйреп келеді. Жалпы өнер сұлулыққа, сыпайылыққа негізделеді. Шешендік өнер, ғұламалар жайында көріністер, ән-күйлер, би мәдениеті барлығы да осы кеште қамтылған. Ш.Бәкір, А.Жақсыбек, Ә.Советова, Х.Таджиметов, А.Тойлыбек, Ә.Мырзахмет, Б.Келісбек, Н.Тінебай, Н.Давранбекова, Д.Арипжанов, А.Паттеева, М.Шакирова, Б.Исмаил сынды оқушылар өздерінің ғажайып туынды өнерлерімен тәнті етті. Музыка пәнінің мұғалімі А.Сұлтанбекова да өз шәкірттерімен бірге ұлттық аспаптармен күй ойнап, көңілді көктем етті. Әсіресе, қаламызға танымал бола бастаған 8-сынып оқушысы Елнұр Душанов әдемі қоңыр даусымен эстрадалық әндерді өте шебер орындай білді. Көп ұлтты мемлекетіміздің билері де орындалды. Интерактивті тақтадан әр көрсетілімге сай тақырып бойынша бейнероликтер көрсетілді. Салтанатты кеш Н.Назарбаевтың “Мәңгілік ел” бейнеролигінің көрсетілімімен, “Көк тудың желбірегені”әнімен аяқталды.

Семинар өз мәресіне жетті. Семинарға қорытынды жасалып, берілген әрбір сабақ пен іс-шара талданып, сарапталды. Семинар сабақтары тәжірибе, білік, дағды, абстрактылық, логикалық және сыни ойлау қабілеттерін бірлесе жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру, машықтарды қалыптастыруға бағытталды. Әсіресе, “Оқушы шығармашылығы көрмесі” мұғалімдерге тың жаңалық екендерін жасырмай айтты. Үнемі мылқау көрме тамашалайтын едік, ал, бұл мектепте “Жанды көрмені”, сөйлейтін көрмені тамашаладық деп, ағынан жарылды келген қонақтар. Бұл тәжірибені өз мектептерінде енді қолданысқа енгізетіндігін айтты. Ашық сабақ берген мұғалімдердің еңбектері туралы аз айтылған жоқ. Ашық сабақ берген барлық мұғалімдерді қалалық білім бөлімінің “Мақтау грамотасына”, А.Берістемова мен Ш.Тайтеновалардың іс-тәжірибелерін қала көлемінде таратуды бірауыздан ұсынды. Нәтижесінде, қалалық білім бөлімінің әдіскері Рахила Үрімова Кенжебекқызы келген мұғалімдер тарапынан айтылған ой-пікірлерді ескеріп, қалалық семинардың жоғары деңгейде өткізілгенін айтты. Оқушылардың өнерлерін, білімдерін бағалап, семинарға атсалысқан мұғалімдерге және мектеп әкімшілігіне ақжарма алғысын жаудырды. Позитивтік, конструктивистік (жағымды) көзқарасты ұстанған әдіскер Р.Үрімова алдағы күндерде мұғалімдерге ақпараттық коммуникациялардың жаңа формаларын батыл енгізу қажеттілігін айтып өтті. Яғни, әрбір ұстаз компьютерді, интернетті, интерактивті тақтаны жедел үйреніп, интернеттегі мәліметтерді өз сабағында ешкімге жалтақтамай қолдану мүмкіншілігіне ие болуды ескертті. Мемлекеттік білім стандартының өзектілігін, оның орындалу барысына мән берді. Деңгейлік бағдарламалар бойынша қайта даярлау курсынан өткендердің бағыт-бағдарларына өзіндік көзқарас білдірді. Кембридждік бағдарламадағы стратегиялық әдіс-тәсілдерді қолданамыз деп, өзіміздің ұлттық ұстанымымыз бен қағидамыздан алшақтап кетпеуді ескертті. Ұлт ретінде сабақтар құнсызданбау қажет деді. Барлық мектептер бойынша әлі де оқушылардың мәнерлеп оқудың көңіл көншітпейтінін айтып, осыған ықтият болу керектігін түсіндірді. ”Күн сайын жаттап оқып, айында бір рет пайымда”деп, Шәкәрім айтқандай, жаттау мен мәнерлеп оқудың өзіндік орны бар. Өлеңді оқығанда оқушының Отаншылдық асқақ рухы сезіліп тұру керек деді. Оймақтай ойымен сыр бөліскен Рахила Үрімова қалалық семинарды оң бағалады. Кембридждік бағдарлама бойынша деңгейлік курста оқып келген және ашық сабақтар көрсеткен Айгүл Берістемова, Венера Батырқұлова, Маржан Аймұратова, Гүлжан Өскенбаеваларға тәжірибе алмасу мақсатында сұрақтар қойылды. Олар жаңа Кембирдждік бағдарламаның 7 модуль технологиясы әдістерінің тиімділігі жайында ой-пікірлерін бүкпесіз ашық айтты. Семинарда келелі мәселелер көтеріліп, жаңа форматтағы біліктілік арттырудағы оқытудың барлық деңгейі бойынша үздіксіз білім жүйесіндегі білім беру ісін жаңаша ұйымдастыру көзделді. Осы семинардың орындалуына бақылау мен басшылық жасаған оқу ісінің орынбасары Гүлжан Мұратова келген қонақтарға тәжірибе алмасудағы пікірлерін талқылап, жылы лебізбен жақсы бағалағандары үшін ризашылығын білдірді.

Шығармашылық бір орында тұрмайды, ол – шексіз. Ендеше жаңа жолдар күтіп тұр деуге болады.

БІЗ ҚАЗАҚ ЕЖЕЛДЕН ЕРКІНДІК АҢСАҒАН

2015 жылы қазан айында Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда тарих пәнінің мұғалімдері Кенжеғұлова Гүлшат пен Жұмашева Несібелінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 25 жыл қарсаңында “Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған” атты тарихи-драмалы кеш өткізді. Акт залы оқушыларға лық толды. Ғасырлар бойғы талай нәубет, тар жол, тайғақ кешу өткелдерінен өткен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін көз алдымызда (9 сынып оқушыларының қатысуымен, қазақ-орыс бөлімдері бойынша) кезең-кезеңімен сахнада қойылымдар көрсетіп шықты. “Отырардың күйреуі”,“Ясауи кесенесі”, “Ақтабан шұбырындылар”,“Жер дауы”, “Амангелді Иманов бастаған шаруалар көтерілісі”, “Қызылдар қырғыны”,“Репрессия құрбандары”, “Шығыстың қос шынары”, “Желтоқсан ызғары”, “1991-2015 жылдар жемісі” қойылымдарын жоғары сынып оқушылары асқан шеберлікпен нәшініне келтіре орындай білді. Тойлыбек Арман, Әлім Тұрған, Мұсабек Талғат, Амангелді Әйгерім, Мәдінбек Гүлназ, Бердібекова Лаура сынды оқушыларымыз көрініс көрсетуде белсенділік танытты. Музыка пәнінің мұғалімі Сұлтанбекова Айнұр өзінің шәкірттерімен бірге қобызбен құйқылжыта күй тартты. Талай облыстық, қалалық өнер додасының жеңімпазы атанып жүрген мектебіміздің әншісі- Елнұр Досжанов патриоттық ән шырқап көрермендердің делебесін қоздырды. Тарихи шежіреден сыр шерткен драмалық қойылымдар “Отаным, елім, жерім” деп ет жүрегі елжіреген кез келген адамның көкірек көзін шымырлатты деуге болады. Отаншылдық рухта өткізілген іс-шара мәреге жетті. Мектеп директорының орынбасары Гүлжан Мұратова өзінің оқушыларға деген ризашылық сезімін білдірді. Осы аталған іс-шараға белсене атсалысқан бірқатар оқушыларды “Алғыс хатпен” марапаттады. Драмалық тарихи кеш соңы ғажап думанды мерекеге ұласты.

ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР

2016 жылы қаңтар айында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Ақсақалұлы Шойбеков пен әдіскерлердің қолдауымен Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия базасында педагогикалық шеберлік орталығының Шымкент филиалының және қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес, жаңа педагогикалық технологиялар элементтерін тиімді пайдалану жолдарын үйрету және озат тәжірибелі мамандардың озық іс-тәжірибесін кеңінен насихаттау, оқушылардың білім сапасы мен пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін “Мектептің тәжірибесіне жаңаша оқыту тәсілдерін қолдана отырып өзгеріс енгізу” тақырыбында кең ауқымды облыстық ғылыми-практикалық семинар жоғары деңгейде өткізілді. Ғылыми-практикалық семинардың басты мақсаты – оқыту мен оқудағы инновациялық үдерістердің енгізілуіне қолдау көрсету, қолданылатын әдіс-тәсілдердің тиімділігін қамтамасыз ету; мұғалімдердің теориялық және тәжірибелік кәсіби құзыреттілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізуге және олардың оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіруге ықпал ететін коучинг және тәлімгерлік үдерістерін іске асыру; Кәсіби қоғамдастықтың білім және инновациялар алмасу үдерісінде маңыздылығын айқындайтын мұғалімдер ынтымақтастық ортасын құру; оқушылардың құзыреттіліктерін және функционалдық сауаттылығын дамыту болды.

Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту мәселесінің теориясы мен практикасы қазіргі білімнің дамуының мақсат-міндеттерінің талаптарына сәйкес болуы шарт. Сондықтан мұғалімдердің шығармашылық биігіне көтерілуіне, кәсіби деңгейін дамытуға, біліктіліктерін арттыруға, оқыту технологияларын қолданып сабақтар әзірлеуге, мектеп-гимназия директоры Жаңыл Әнішқызы Орынбаева ыждаһаттылығымен оларға әрдайым ықпал етеді. Облыстық ғылыми-практикалық семинардың іс-шара жоспарын дайындап жүргізу Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша курсты тәмамдаған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гулнара Туреханқызы Халиловаға жүктелген болатын. Ол жиырма жылдан аса осы аталған мектеп-гимназияда директордың орынбасары лауазымында қажымай адал еңбек етіп келеді. Ол мектепте теориялық-аналитикалық, сипаттаушылық-әдістемелік түйінінің үйлесімді болуы үшін мұғалімдермен педагогикалық шеберлік кластарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Осының айғағы – осы жоғары деңгейде өткізілген облыстық ғылыми-практикалық семинар. “Біріксек – бастама, жұмылсақ–үрдіс, еңбек етсек – бұл нәтиже” деген қағидаман мектеп-гимназия директоры Ж.А.Орынбаева мен директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары – Г.Т.Халилова, Г.М.Муратова, Г.А.Михайлина, А.Ж.Сайдуллаева, Г.М.Наурызбаева, С.К.Жорықбаева, Г.О.Божбанбаевалар технологияның тоқтаусыз терең танымын жүйелеп ортақ көзқараспен шешім қабылдап тың идеяларды әр оқу жылы барысында үнемі жүзеге асырады.

Бұл семинарға Оңтүстік Қазақстан облыстық педагогикалық шеберлік орталығының тренері, штат бойынша аға менеджері – Көпешова Жаншорақызы Әсия мен Қасымова Ізбасарқызы Халима, қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі –Ақмарал Батырбекова, әдіскер Мәрия Ибраевалар және облыс көлемінен Созақ, Отырар, Жаңақорған аудандарынан 60-қа жуық аудан басшылары, әдістемелік бөлімдердің әдіскерлері, мұғалімдері қатысты.

Семинардың барысын таратып айтсақ, ағылшын тілі пәнінен Г.Байметова “Classroom objects Revision Lesson” тақырыбында, Р.И.Мухтарова ”Австралия“ тақырыбында, орыс тілі пәнінен А.Н.Пудовкина” Сложное предложение“ тақырыбында, Г.Р. Насибуллина “Основные мотивы лирики” тақырыбында, орыс әдебиетінен М.А. Жукова “Особенности лирики” тақырыбында, қазақ тілі пәнінен В.М.Батырқұлова “Күшейтпелі шырай” тақырыбында, Г.Ц.Өскенбаева “Қонақжай халық” тақырыбында, А. Берестемова “Күрделі сөздер” тақырыбында, алгебра пәнінен “Тригонометрические уровнения сводимые к алгебраическим” тақырыбында ашық сабақтар көрсетті. Мектеп кітапханасында директордың орынбасары Г.А.Михайлинаның басқаруымен “Дарынды балалар” ғылыми галереясы ұйымдастырылып, оқушылар тарапынан жобалар таныстырылды. Деңгейлік курстан өткен мұғалімдер “Lesson study” жобасын жаңа оқыту жүйесіне енгізу тәжірибесі бойынша коучинг сессиялар, секция жұмыстарын, өз шеберліктерін көрсетті. О.С.Аллашова “Повышения мотивации учазихся при помощи оценивания» тақырыбында, А.Арыстанбекова “Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқушының есте сақтау қабілетін дамыта аламын ба?” тақырыбында коучинг, ал директордың орынбасары- Г.Т.Халилова,пән мұғалімдері — Т.Л.Попова, Н.С.Ибадуллаева, Г.Ц.Өскенбаевалар “Оқу және оқыту үдерісін жақсарту мақсатында инновациялық ақпараттық ресурстарды пайдаланудың жолдары” тақырыбында пресс- конференция өткізді. Сондай-ақ, секция жұмыстары да тыңғылықты өзгерістерін қонақтарға айшықтап көрсете білді. І деңгей курсы бойынша А.Ж. Сайдуллаева, О.А.Бекеновалар “Кәсіби желілік қауымдастығын ұйымдастыру” тақырыбында, ІІ-деңгей курсы бойынша М.И.Жумадуллаева “ПКҚ пен тәлімгерлік» тақырыбында, ІІІ-деңгей курсы бойынша Л.М. Магамедова мен Н.С.Ибадуллаевалар “Эффективность применения урока — исследования (Lesson study) и действии в школьной практике” тақырыбы аясында секция жұмыстарын нақтылап тәжірибелерімен бөлісті. Семинар барысында зерттеу жүргізу мен практикалық жұмыстың ұштасуы күтілетін нәтижемен сипатталды.

“Мектептің тәжірибесіне жаңаша оқыту тәсілдерін қолдана отырып, өзгеріс енгізу” тақырыбында ауқымды іс-шараны қорытындылай келе, ҚББ әдістемелік кабинет меңгерушісі Ақмарал Үсенқызы Батырбекова және облыс бойынша менеджер Көпешова Жаншорақызы Әсия мен тренер Қасымова Ізбасарқызы Халималар курста білім деңгейін көтерген ұстаздардың субъектілігін арттырып, шығармашылығының дамуына тиімді әсер ететін оқыту формаларының семинар барысында мұғалімдер шеберлікпен жүзеге асырғанын баяндады. Мұғалімдік мамандықтың мәртебелі екенін тұжырымдап, оның құндылықтарын түсінуді әрбір жан көңілдеріне ұялатып, мәселенің көкейтестілігін, талдаудың шырқау шегін, шығармашылық шеберліктерін шеберханада көрсеткен мұғалімдер өз істерінің тоқтаусыз жандана беретінін нақтылады. Семинарға қатысушы қонақтар тарапынан елеулі еңбектерін көрсеткен Некрасов атындағы №9мектеп-гимназия мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерін облыстық деңгейде марапаттауға ұсынды. Сондай-ақ, бай тәжірибелерімен бөліскен кәсіби педагогикалық шығармашылықтарын көрсете білген мектеп ұжымына және мектеп әкімшілігіне ыстық ықылас пен ризашылықтарын білдірді.

ҒАЛАМДЫҚ АҚПАРАТТАР АҒЫМЫНА ІЛЕСУ

Елбасы тапсырмасына сәйкес еліміздегі бірқатар мектептер мен жоғары оқу орындарына үш тұғырлы оқыту жобасы енгізіл­ді. Болашақ мұғалімнің тілді меңгеруі – тіл шеберлігі оның кәсібилік дәрежесін анықтайтын фактордың бірі. Шебер де шешен сөйлей білудің өзі – өнер. Себебі, тіл – тәрбие құралы. Ал өзінің ана тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгерген жас маман бүгінгі заман талап етіп отырған ұстаз келбетін анықтамақ. Дана халқымыз “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл” дегенді бекер айтпаса керек.

Елбасы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында “Үш тұғырлы тіл” туралы идеяны жария етті. Ал 2007 Жолдауында “Тілдердің үш тұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Яғни мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.

Үш тұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. “Үштұғырлы тіл” идеясының үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу деген сөз.

Осы тұрғыда қаламыздағы Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда ұшан — теңіз педагогикалық іс-тәжірибелер атқарылып келеді. Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда ”Әлем корпусы” волонтёрімен (АҚШ –тан келген) 2005-2006 оқу жылынан бастап жұмыс жүргізіле басталған. Америка құрама штатынан келген Майк (ағылшын) есімді мұғалім-волонтёр үш жыл көлемінде, осыдан кейін мұғалім- волонтёр Ингл Лия Мари (ағылшын) екі жылдай жұмыс атқарған. Олар мұғалімдермен және оқушылармен етене араласып жауапкершілікпен жұмыс атқарды. Мұның тиімді екені оқушыларымыздың жеткен жеңісімен айқындалды.

2016 жылы, ақпан айының 12 жұлдызында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының нұсқауымен Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда “Ағылшын тілінде белсенді оқыту және үйрету әдістерін қолдану тәсілдері” тақырыбында облыстық ғылыми- практикалық семинар өтті. Осы аталған семинардың жоғары деңгейде өткізілуіне қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Батырбекова Ақмарал Үсенқызы, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия директоры Ж.А.Орынбаева мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Г.М.Муратова, Г.А.Михайлина, Г.Т.Халилова, А.Ж.Сайдуллаева, Г.О.Божбанбаева және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Г.М.Наурызбаева, С.К.Жорықбаевалар ұйытқы болды. Әдістемелік кабинет меңгерушісі Ақмарал Үсенқызы Батырбекова және Некрасов атындағы №9 мектеп- гимназия басшысы Жаңыл Анишқызы Орынбаевалар семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, семинарға келген қонақтарды түзілген семинар бағдарламасымен таныстырып біліктілікті арттырулары және тәжірибе алмасуы үшін зор мүмкіндікті пайдаланып ашық сабақтарға енулеріне жол сілтеді. Негізгі бөлімде үлгілі ашық сабақтар көрсетілді. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Н.С.Ибадуллаева 9-10 сыныптар аралығында 7модуль бағдарламасы бойынша “Human digestive system” тақырыбында, М.С.Галеева 4 «Ж» сыныбында 7 модуль бағдарламасы бойынша “Animal in danger” тақырыбында, Қ.С.Ақылбекова 9 «Д»сыныбында 7 модуль бағдарламасы бойынша “Tours you will never forget” тақырыбында, 1-ші сыныптан бастап қалалық тәжірибелік алаңында бес жыл қатарынан жұмыс атқарып келе жатқан ағылшын тілі пәнінің мұқғалімі Б.К.Омар 5 «А» (1-сыныптан бастап ағылшын тілі пәні енгізілген) сыныбында ойын сабақ түрінде “Shopping” тақырыбында, Ш.Т. Ибадуллаева 6«Б» сыныбында 7модуль бағдарламасы бойынша “My hause” тақырыбында, И.А.Абдурашитова ойын сабақ түрінде “Colours” тақырыбында ашық сабақтар көрсетті. Мұғалімдер оқушылардың интеллектісін, білім сапасын, өздерінің эрудициясын, кәсібилігін, әртүрлі қырларын сабақ беру барысында нақты көрсете білді.

“Мұғалімдер шығармашылығы” көрмесі бөлімінде теорияны нақты практикамен ұштастыра алудың мүмкіндігі, білімнің сабақтастығы мен жүйелілігінің сақталуын көрсететін мұғалімдердің кәсіби дамуын, оның нәтижелерін көрсететін көпмақсатты “Портфолио”, “Жетістіктер портфолиосы” т.б. құжаттар дәйекті түрде көрсетілді. Сондай-ақ, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Н.С.Ибадуллаева интерактивті тақтаны пайдалану арқылы өз тәжірибесімен бөлісті, сұрақтарға жауап берді. Мектеп директоры Ж.А.Орынбаева келген қонақтардың қойған сауалдарына жауап беріп мектеп ұжымының дамушы ұжымға айналудың қалай жүзеге асқандығы жайлы пікір алмасты. Яғни, мұғалімнің шығармашылығы – нәтиже кепілі екендігі осы бөлімде сөзбен де іспен де дәлелденді.

Кітапханада оқу ісінің орынбасары Г.А.Михайлинаның ұйымдастыруымен “Оқушы шығармашылығы” көрмесі өтті. Даналыққа ұмтылған жасы ең кіші даярлық тобының оқушысынан бастап, жас ерекшеліктері әртүрлі сынып оқушылары таза ағылшын тілінде ғылыми жоба жұмыстарын қорғап, келген қонақтарды тәнті етті.

Сыныптан тыс іс-шараларға да кезек жетті. Г.А.Михайлина, Р.Х.Мухашева, Г.Байметовалар 10-11сыныптар аралығында “The 100 Steps for the world to see” of Nazarbaev тақырыбында пресс конференция, Л.М.Кубанова, Э.У.Елгельдиева, Р.Ш.Валиевалар 5,6,7 сыныптар аралығында “134 anniversary of Alan Alexander Milne and this Winnie –the-Pooh.” тақырыбында әдеби кеш, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі тарих пәнінің мұғалімі Г.М.Муратова қазақ тілінде, орыс тілі пәнінің мұғалімі Б.К.Сабден орыс тілінде, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Г.Ц.Өскенбаева ағылшын тілінде “Three Languages in Kazakhstan” тақырыбында мұғалімдер арасында үш тұғырлы тілде коучинг өткізді. Соңында, акт залда өнерлі оқушылардың қатысуымен “Fly with English” атты мерекелік концерт көрсетілді.

Облыстық ғылыми-практикалық семинарға мектеп басшысы Ж.А.Орынбаева, әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Ү.Батырбекова, ҚББ әдіскерлері М. Ибраева, М.Рысбековалар қорытынды жасады. Семинар соңында келген қонақтардың ұсыныс, ізгі тілектерінің саралануымен қатар мектеп ұжымына деген ризашылықтары аталып өтілді. Көкжиегімізді кеңейтіп, өзгемен тереземіз тең болу үшін, әлемдік аренада үлкен беделге ие болу үшін де ғылым-біліммен қарулануымыз керек екендігі семинар барысында айқындалды. Ұстаздардың субъектілігін арттырып, шығармашылығының дамуына тиімді әсер ететін оқыту формаларының бастыларының бірі – белсенді әдістер болып табылады. Осыған байланысты “белсенді оқыту әдістері” ұғымының мәнін ашқан, педагогикалық білімнің белгілі бір аспектілерін дамытқан облыстық семинар есте қаларлықтай сәтті өткізілді.

Несіпкүл ӨТЕБАЕВА.