АДАЛДЫҚТЫ КӨЗДЕГЕН БАҒЫТ -БАҒДАРЫ ӘРБІР ЖАСҚА ҮЛГІ

184

Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл толып отыр. Жылдар өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз.

1941-1945 жылдары ел басына ауыр күн туған шақта елді дұшпаннан қорғауға аттанған қазақстандықтардың майданда көрсеткен ерліктері орасан зор екендігі мәлім. Олардың қолына қару алып, көкірегін оққа тосып, жеңісті жақындатуға қосқан еңбектері тарихта ойып тұрып орын алды.

Ұлы Жеңістің 78 жылдығы мерекесі қарсаңында Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Закир Мұсаев ақсақалға арнайы барып, сұхбаттастық.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде ел шетіне тиген жаудың бетін қайтару үшін Түркістаннан 18547 ер азамат аттанса, кәмелетке енді толған Закир де өз еркімен кете барды. Майданға аттанғандардың 2,5 мыңы елге аман-есен оралса, қазір Түркістан облысы бойынша саусақпен санарлығы ғана қалған.

«Қырық жыл қырғында да ажалды өледі» деген сөз бар. 1943 жылдың 9 ақпан күні Түркістан әскери бөлімінен аттанғанын, Украйнаның Житомир қаласынан бастап азат еткен қанды қырғынды Германияда аяқтап, 1950 жылға дейін Дрездин қаласында әскери борышын өтегенін, Сталин, Черчилл, Рузвельт қол қойған Подстам конференциясын күзеткенін сонымен қатар, соғыста екі рет жарақат алғанын, біріншісі, 1943 жылы 4 желтоқсан күні соғыс алаңында жарақат алғанын, екіншісі, 1945 жылы 11 қаңтар күні Германия жерінде жаралы болғанын көз алдынан өткізіп, тебіреніске толы естеліктер айтып берді…

Ойпырмай, 98 жасты еңсерген қарияның есте сақтау қабілетінің мықтылығына таң қалғанымыз рас.

Иқандық бейнеткеш халық Жеңісті жақындатқан майдангерлерді ешқашан ұмытпайды. Сұм соғыс салдарынан Закир қарияның да Юсуп Тайымов, Әбдулахат Юсупов, Әбдулқияс Юсупов, Мірқайдар Мұсаев, Іскендір Мұсаев есімді жерлестері елге оралмаған. 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесіне орай, ауылдастары майданда опат болған боздақтардың есімін ел есінде сақтау мақсатында ауылдағы жайқалған жеміс бақтарына әрқайсысының есімін беріпті.

Бүкіл Түркістан өңіріндегі экономикалық жағдайды әлі күнге дейін қас қабағымен бағып отырған ақсақалды елдің пір тұтатын себебі, ол қырық жылға жуық Иқанның есеп қисабын басқарса да, қазынаның бір тиынына тиіспеген. Қазіргі қазынаның қаржысына қол салып, қол салғанда да мол салатындарды мүлде түсінбейді. Қолымда құқықтық мүмкіндігім болса, оларды халық жауы ретінде көзін жояр едім, — дейді соғыс ардагері.

Қарияның зейнетке шыққанына қырық жылдан асса да, сөзі де өзі де тым ширақ.

— Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен облыс мәртебесін алған Түркістанның болашағы жарқын. Тәулік бойы жүргізіліп жатқан қаланың құрылысы тоқтамаса, ертегідегі батырлардай тез-ақ алыпқа айналады. Күн сайын түрленген Түркістанды көрген сайын жүрегім жарыла қуанамын. Түркістан ғажап көркейіп келеді.

Еліміз аман, бейбітшілік заманымыз мәңгілік болсын. Патшамыз аман болсын. Бүгінгі таңда елімізде барлық жағдай жасалынуда. Зейнетақымызға да жыл сайын үкімет тарапынан қаржы қосылуда, — деген қария ақ батасын беріп, елдің амандығын тіледі.

«Алдыңда қартың болса, жазулы хаттай», — дегендей, бүгінгі таңда 1 ұлы мен 4 қызынан 27 немере, 20 шөбере, бір шөпшек сүйіп отырған Закир ақсақалдың ғибраты, турашыл қам қарекеті темірқазықтай айқын, бағыт -бағдары әр жасқа үлгі.

ҒАСЫР ЖАСАҒАН ҚАРИЯ

Ұлы Отан соғысында ерлік танытқандардың бірі Шорнақ ауылында тұратын 100-ден асқан Ұлы Отан соғысының ардагері Ғани Сарамсақов.

Ол 1922 жылы 3 қыркүйекте бұрынғы Фрунзе ауданы, Ленинизм колхозында дүниеге келді. 1936 жылы 7 жылдық мектепті бітіргеннен соң, жастайынан еңбекке араласып, колхозда еңбек етті. 1941 жылы 19 жасында еріктілер қатарында соғысқа аттанады. Алдымен Шымкентте, кейін Ленгерде 6 ай дайындық курста оқып, қан майданға 1942 жылдың наурыз айында Украинаға барады. ІІІ-Украина майданындағы 519-шы атқыштар полкінде және Валакаламск бағытында болған неміс-басқыншыларына қарсы болған сұрапыл соғыста аянбай шайқасты. Сондай-ақ, Румыния, Венгрия, Югославия елдерін азат етуге қатысады.

Соғыста барлаушы болған. Орыс тілін жетік білгендіктен аудармашы да болыпты. Ғани Сарамсақов екі рет жарақат алып госпиталда емделіп шыққан екен. Соғыс аяқталған соң өз еркімен халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысады. 6 айлық курста оқыған ол жүргізушілік мамандығын игеріп, Ресейдің Москва, Сталинград, Горький, Дзержинск қалаларында 16 жыл еңбек етеді. Сол жақтан тапқан өмірлік жары Мунавар апамен жұбы жарасып отау құрып, 2 қыз, 1 ұлды дүниеге әкеледі.

1961 жылы отбасымен елге оралып, қызу еңбек ортасына араласады. 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Ленинизм колхозында жүргізуші және электр механик болып жемісті еңбек етті. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін ІІ-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Отан соғысындағы жеңістке 40 жыл» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы жеңістке 50 жыл» медалімен,

«Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Президиумы атынан «Ветеран труда» медалімен, соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін «КСРО қарулы күштеріне 70 жыл» медалімен марапатталған.

Сонымен қатар, 2013 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін иеленді. Бүгінде бір ұлы мен екі қызынан 12 немере, 20 шөбере, 3 шөпшек көріп отырған қадірменді қария.

Мереке қарсаңында Ғани қарияға арнайы барғанымызда келіні Мухаббат Масалықызы атаның ыстық-суығына қарап, қызметін жасап, батасын алып отырғанына куә болдық. Бір ғасырды еңсерген атаның күтімі жайлы сұраған сауалымызға келіні Мухаббат Масалықызы: — Күнделікті уақытымен сүт ішеді. Түскі және кешкі тағамға дәмді ботқа дайындап беремін. Тәбеті жаман емес. Денсаулығы жақсы, — дейді. Қарияның денсаулығы жақсы болғанымен, келген адамдарды танымайды. Қанша дегенмен қарттық жеңеді деген осы болса керек, сірә.

Тілші түйіні: Ұлы Жеңістің 78 жылдығы да жақындап келеді. Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз!

Бізге бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ендеше, аға буын қалыптастырған халқымыздың бірлігі мен мемлекет тұтастығын келешек ұрпаққа аманат етіп жеткізу жолында аянбай еңбек етуіміз керек.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ғани Сарамсақов пен Закир Мұсаев қарияларды Жеңістің 78 жылдығы мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық тілейміз.

Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.