МАҚТААРАЛДА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ ЖӘНЕ ЖЕҢІС КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КЕШ ӨТТІ

382

Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінің орталық алаңында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр — Ұлы Жеңістің күніне арналған мерекелік кеш өтті.

Іс-шарада сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлов аудан жұртшылығын қос бірдей мерекемен құттықтап, отанды қорғау жолында ата-бабалардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

«Елімізде Отан қорғаушылар мерекесі Ұлы Жеңіс күні қарсаңында атап өтілетіні бекер емес. Себебі, бұл күн – ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісі болған, отты жолдармен жүріп өткен ержүрек жауынгерлер алдында тағзым ететін күн. Кешегі жаһан соғысында Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Сондықтан, осынау қос мерекемен Сіздерді құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» — деді, Алтын Күнтуқызы.

Құттықтау тілегінен соң аудан әкімінің орынбасары отан қорғау жолында белсенді еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар, 2037 әскери бөлімінің басшысы, ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы құттықтау сөзге шығып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік кеште әскери бөлімінің сарбаздары жауынгерлік өнерлерін көрсетіп, көпшілікті тәнті енті. Сонымен қатар, әскери бөлімнің өнерлі азаматтары мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тарапынан концерттік бағдарлама қойылды.

Айта кетейік, іс-шара барысында әскери көліктік техникалардан құралған калона аудан орталығының үлкен жолдарының бойымен жүріп өтті. Сонымен қатар, орталық алаңға әскери шатыр құрылып, әскери тағамдардан дастархан жайылып, тұрғындарға әскери өмір жағдаяты сезіндірілді.