ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫНА 3 МЛН КАРТОН ҚОРАБЫ МЕН МЕН 10 МЫҢ ТОННА КРАФТ ҚАҒАЗЫ ШЫҒАРЫЛАДЫ

109

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында  орналасқан «Shymkent Qagazy» ЖШС жылына 3 млн картон қорабын және 10 мың тонна крафт қағазын шығаруда. Қазір шымкенттік тауарлар еліміздің барлық аймақтарына жөнелтілуде. Макулатура автоматтандырылған қондырғылардың көмегімен өңделеді.  Осыдан үш жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын өнімдеріне сұраныс артып отыр. Алдағы уақытта серіктестік жаңа бағыттарды іске қосып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлауда. Бұл желілер жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Оңтүстік» АЭА-да аймақтағы жалғыз 3 және 5 қабатты гофрленген картон өндіруші «KazbioLife» ЖШС кәсіпорны орналасқан. Өндірістік қуаты жылына 60 млн. шаршы метр гофрленген картон және картоннан қаптама қораптарын құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорын өндірісті кеңейту мақсатында екінші жобасын іске асыруда.

Бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.  Қолайлы инфрақұрылым мен заманауи логистика тың жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруде.

Сондай-ақ, аумағы 867 гектарды құрайтын 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде, инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.

Айта кетейік «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына 2022-2024 жылдары қосымша 77,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, тағы да 3 889 жұмыс орны құрылады.
Кез келген өндіріс орнының табысты жұмыс істеуі білікті мамандардың шоғырлануына тікелей байланысты. Ал, Қазақстанда, соның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жеңіл өнеркәсіптің жоғары және орта буынды білікті кадрлар, техникалық қызметкерлердің өткір тапшылығы байқалып отыр. Осы проблеманы шешу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжімен» бірлесіп «Жеңіл өнеркәсіптің құзырет орталығын» құрған. Бұл орталықтың материалдық-техникалық базасын заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге «Жас маман» жобасы аясында республикалық бюджеттен 371 млн. теңге бөлінген.
Құзыреттер орталығын құрудағы негізгі мақсат – жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету. Қазіргі күнге дейін мұнда 150-ден астам студент оқу практикасынан өткен. Қазір тағы 200-ге жуық түлек «Әлем-БТ», «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Azala Cotton», «SAGITEX GROUP» және «BAER» компанияларында практикадан өтіп жатыр.
Жалпы, жеңіл өнеркәсіп құзыреттілігі орталығының түлектері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындар персоналының 30-40 пайызын қамтиды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әзірге тек «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында ғана қолданылады.