ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА АЛҒАШҚЫ «АУЛА ЧЕМПИОНАТЫ» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ ЖӘНЕ «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫНА ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ

362

Шымкент қаласының барлық аудан аумағында оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында «Аула чемпионаты» ойындары басталды.

Бүгін Еңбекші ауданы 11 шағынаудандағы жаңа гүлзарда аула чемпионаты ұйымдастырылды. Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев сайыстың ашылу рәсімінде балаларды келе жатқан мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытудағы алғашқы сайыста балалар спорттың 7 түрінен — ләңгі тебу, асық ату, баскетбол добын торға түсіру, скакалкамен секіру, футбол қақпасын көздеу, гимнастикалық шеңбер айналдыру, турникке тартылудан сынға түсті.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы, аудан әкімдігі бірлесе ұйымдастырған бұқаралық іс-шараға биыл 85 спорт алаңшасында 9 000-ға жуық баланы қамту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, биыл Еңбекші ауданы аумағындағы тұрғын алаптар мен шағынаудандарда 29 балалар ойын алаңы, 7 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі.

Бүгінгі сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар, медальдармен марапатталды.

 

«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫНА ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ

Шымкенттегі Арбат алаңында өткен жалпыреспубликалық акцияға қала тұрғындары белсене қатысты. Бүгін жергілікті уақытпен сағат 17:00-де еліміздің барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясын өткізу жоспарланған.

Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және басқалары бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғариннің айтуынша, тұрғындар негізінен, жер, салық, жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес алды.

-«Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналған. 2016-2022 жылдар аралығында акцияға 7000-нан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 150 000-нан астам азамат консультация алды. Жылдан жылға іс-шараның ауқымы кеңейіп келеді. Келесі жылы әр ауданда өткізу жоспарланып отыр, — деді департамент басшысы.

Айта кетсек, акцияны ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.