ШЫМКЕНТТІ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН «ҚАЗЫНА»

235

Қырық жылға жуық тарихы бар «Қазына» би ансамблі — Шымкентті республикада ғана емес, төрткүл дүниеге танытып жүрген шығармашылық ұжым. Оған дәлел, ансамбль күні кеше Түріксойдың ұйымдастыруымен Әзербайжан елінде өткен «Харибюльбюль» фестивалінен оралды.

Алғашқы құрамы 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған би тобының би жетекшісі – Сәуле Балбаракова, ал көркемдік жетекшісі – марқұм Мұса Жарқынбеков болған. Алайда, 1995 жылы ансамбль тарап, 2003 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филормония негізінде қайта құрылған. Шығармашылық ұжымға ҚР мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова жетекшілік етті. Ал, 2019 жылдан бастап «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК мекемесінің құрамына кіріп, Зәуре Бекембайқызының жетекшілігімен талай додаларды бағындырып, әлемге Оңтүстік өңірінің атын паш етіп жүр.
«Қазына» би ансамблі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында елорда жұртшылығына «Дала даналығы» атты жеке концертін тарту етсе, былтыр «Ұлы Жібек жолы сырлары» атты жеке концертімен халық алдында есеп берді. Одан өзге «Алтыбақан» сынды республикалық арналардың түрлі телевизиялық бағдарламаларына қатысып, шығармашылық қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, былтыр Түркияның «Bursa – 2022» халықаралық мәдени шарасында, Ташкентте өткен Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының 30 жылдығына арналған гала-концертте және 6 елдің президенті қатысқан Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында» өнер көрсетіп, қазақтың би өнерін әлемге танытты.

Шымкенттің атын әлем аренасында танытып жүрген шығармашылық ұйымның бағындырар белесі әлі де көп екеніне сенім мол.