ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ТІРЛІГІН ПЫСЫҚТАДЫ

231

Шаһарда жаз мезгілінде өрттің алдын алу, орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіруді ұйымдастыру мақсатында жалпы 405 адамнан тұратын 42 ерікті өрт сөндіру тобы құрылған. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде 13 бірлік техника және 84 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілген. Бүгінде департамент өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында орман шаруашылықтарының, жергілікті атқарушы, азаматтық қорғау және басқа да органдардың өртке ден қою және алдын алу іс-шараларын пысықтап, тиісті жұмыстар жүргізуде.

 

 

МИНЕРАЛДЫ ЖОЛАҚТАРДЫҢ КӨЛЕМІ – 1075,3 ШАҚЫРЫМ

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Мадияр Жақсыбаев өрттің алдын алуға бағытталған іс-шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, ҚР Төтенше жағдайлар және Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің бірлескен жоспары негізінде орман және дала өрттерінің алдын алу бағытында іс-шаралар жоспары түзіліп, бекітілген. Сәуір айында барлық мүдделі қызметтердің бірлескен орманды дала өртін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу іс-шарасы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, қалалық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында хаттамалық тапсырмалар берілген-тін.
Қала аумағында жалпы ауданы 12 980 гектар егістік алқабы бар 60 шаруа қожалығы орналасқан. Одан бөлек, жалпы көлемі 6 мың 286 га «Жасыл белдеу» және Түркістан облысына қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары бар. Биыл сәуір және мамыр айларында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары (53 шақырым), жергілікті автомобиль жолдарының бойында (320,2 шақырым), орман қоры жерлерінде (300 шақырым) және егістік алқаптарында (402,1 шақырым) өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілген.
— Жалпы 1075,3 шақырым минералды жолақтар құрылды. «Жасыл белдеу» және «Бадам» орман шаруашылықтың балансында жалпы 22 бірлік бейімделген техника және 186 өрт сөндіру құралдары мен 14 бірлік мотопомпа дайындалды. Сонымен қатар, қала аумағында орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою іс шаралар жоспарына сәйкес, аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілді. Өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытында орман және дала өрттеріне күнделікті мониторинг, профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Аудан әкімдіктері жалпы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын қарқынды атқаруда, – деді Мадияр Есенгелдіұлы.
Департамент басшысының мәліметінше, қала аумағында жыл басынан бері 62 өрт тіркелген. Өрттердің 79 пайызы тұрғын үй секторы (28 өрт) мен көлік өрттеріне (21 өрт) тиесілі. Өкінішке қарай, өрттің салдарынан 8 адам қаза болса, жарақат алғандар жоқ. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, тұрғын үйдегі өрттер негізінен балаларды қараусыз қалдыру, электр пештерін дұрыс пайдаланбау жағдайлары себебінен туындауда. Қаза болған 8 адамның бәрі оқыс оқиға кезінде мас халде болған. Ал көліктерге қатысты өрттердің негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталу жағдайлары.
«Қазгидромет» мекемесі ұсынған болжамға сүйенсек, алдағы уақытта ауа райының +30 градустан аса көтерілуі күтілуде. Қазіргі таңда күннің қатты ысуының әсерінен «101», «112» қызметіне құрғақ шөптің немесе қоқыстың жануы туралы күніне 20-30 қоңырау келіп түседі екен. Құрғақ шөптің жануы жақын маңайда тұрған ғимараттарға өрт қауіпін төндіреді.

ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДА САҚ БОЛЫҢЫЗ!

Шаһарда жазғы шомылу маусымы басталды. Төтенше жағдайлар министрлігінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 45 адам суға кетіп, қаза болған. Осыған орай, қалада ТЖД су айдындарына бақылауды күшейтті. Қалада жалпы 13 орында шомылуға тыйым салынған. Олар – «Текесу», «Ақжар» су қоймалары, «Бадам», «Сайрам», «Қарасу» өзендерінің барлық арнасы, «Шымкент магистральды каналы, «Янги-шек», «Азат», «Көкбұлақ», «Хауау», «Сасық» каналдары, «Қайнарбұлақ» жасанды көлі, «Қошқар ата» өзенінің (өзеннің бастауынан басқа) барлық арнасы. Аудан әкімдерімен бірлесе тиісті ескерту тақтайшалары ілінді.
Қала аумағында Тоғыс және Бадам су қоймаларындағы «Холодильник» және «Рахат Бадам» демалыс орындарында, Қошқар ата өзенінің бастауында және қаладағы жеке аквасаябақтарда ғана шомылуға рұқсат етілген.
Департамент басшысы қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігін, сондай-ақ, жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.