Мүгедек жандарға қамқорлық — қоғамның қасиетті парызы

147

Түркістандық оқырмандарымыздың назарына мүгедек жандарға қалай қамқорлық жасау керектігі жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Мемлекет басшысы мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Облыстық мүгедектер қоғамы осы бағытта күнделікті қызметін жалғастырып, адамдардың көңіл күйін көтеріп, өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасауға ұмтылуда. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмектесіп, оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту жүзеге асырылуда. Қоғамдағы осы топтағы адамдардың тіршілік ету сапасын жақсарту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленуде.

Мүгедектер қоғамының басты міндеті — ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажына толық жауап беру және әлеуметтік қорғау болып табылады. Бүгінгі күні мүмкіншілігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға байланысты нақты мәселелер рет-ретімен өз шешімін табуда. Мәселен, Қазақстандағы барлық заңнамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда қолжетімділікті қамтамасыз етуде нақты міндеттер алға қойылды.

Мүгедек әлеуметтік жұмыстың обьектісі ғана емес, қоғамдық өмірдің белсенді субьектісі және өз тағдырын жасаушы. Бұны мүгедек – балалармен және олардың отбасыларымен, жас мүгедектермен жұмыс жасайтын әлеуметтік қызметкер есте сақтауы керек, себебі дәл осы жаста олардың өзіндік ерекшеліктері қалаптасады. Мүгедектікті осылайша қабылдау, соған сәйкес мүгедектермен әлеуметтік жұмыс жүргізу дамыған елдерде басты назарда болып келеді. Ол Қазақстан республикасының әлеуметтік саясатында да, қоғамдық пікірде де тұрақталып отыр. Мүгедектерге қатысты республикада жүзеге асырылып отырған әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелеріне оларды басқа адамдармен бірдей құқықтары мен мүмкіндіктерін жүзеге асыруды қамтамасыз ету, оны өмірлік маңызды әрекеттеріндегі шектеулердің көзін ғана жойып қоймай, толықтай өмір сүруге, қоғамның экономикалық, әлеуметтік және саяси өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау жатады.